Ақылдасып, ортақ пікірге тоқтап

Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса «Көктем» шағын ауданының №14, 15, 16, 17 үйлері тұрғындарымен кездесіп, олардың шағымдарын тыңдап, мәселені олармен бірлесіп, ақылдаса келе шешетіндігін айтты.IMG_20210426_191253
Аталмыш үйлер тұрғындарының әкім алдына көлденең қойған мәселелері – сол үйлерге апарар көлік жолдарының, көлік қоятын орындардың болмауы, балаларға арналған ойын алаңдарының жоқтығы, тіпті іргедегі нысандарға өтетін жаяу жүргінші жолдарының жоспарланбауы. Әрине, мұндай қолайсыздық тұрғындарға күнбе-күн жолығып, қажытқан. Тіпті, тиіп тұрған «Болашақ» сарайына мүгедек балаларды қол арбаға отырғызып апаратын жағдай жоқ. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, біреу ауырып, «жедел жәрдем» шақырғанда, өрт шыға қалса, өрт сөндіру көлігі өте алмайтындай. Міне, тұрғындар осындай тығырыққа тірелген.
Б.Ғайса кездесуді жаңа ғана сол үйлерге барып, мәселенің анық-қанығымен танысып қайтқанын айтып бастады. Бір қиыны сол маңайдағы бірнеше нысан жеке пайдалануға берілген. Қоршап аламын, өтер жолды жауып тастаймын десе құқылы. Сондықтан, олардың иелерімен, тұрғындармен сөйлесіп, ақылдасып, сәулет құрылыс бөлімі, тағы басқа мамандармен бірлесе отырып не істеп, не қоюымыз шешілуі керек. Тұрғындар әкімнің бұл пікірімен толық келісіп, өз пікірлерін ортаға салды.
– Сіздер орталарыңыздан белсенділер тобын құрыңыздар. Араларыңызда сіздердің шағымдарыңызбен таныс депутаттарыңыз да бар. Әзірге, күн жауса езіліп жататын үйлер арасындағы жолға қиыршық тас төселеді. Уақытша. Сосын, жоспар әбден бекітілген соң, сметалық құжаттар дайындалып, қаражат бөлініп, жұмыс басталады.
Кездесуде тұрғындар, сондай-ақ, қоқыс тасталатын жердің қоршалмауы, аулаларға бейнебақылаудың орнатылмауынан орын алып жатқан олқылықтарды алға тартты. Әкім барлық мәселелердің туындау себептеріне тоқталып, оларды шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий