Ақыры айшықты бір айтыс өтті!..

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өтіп жатқан «Ақмола жырымның арқауы» атты жекпе-жек айтыс іздегенін тапты, мақсатына жетті !.. Оған жартылай финалда кездескен Нұрислам Әбділ мен Ерлан Дәулетұлының айтысы дәлел. Топ жарып, таңдай қақтырып таңырқатқан таланттардың тартысты айтысын талғамды көрермен екеуінің алдағы финалдық кездесуінде көре алады. Өйткені, бірауыздан келіскен әділ қазылар алқасы оларды алқалы топ алдына қайта салып, ата-бабадан қалған айшықты өнерді сағынған қалың тыңдарманға қайта ұсынуды ұйғарды. Азуын айға білеген екі дүлдүлдің ол жекпе-жегі бұл жолғыдан да жарқын шығарына сенім мол. Ол айтыстың дәл қай күні өтері ғана шешілген жоқ. Ендеше, қапы қалмаңыз, жарнамаға құлақ түре жүріңіз!..

Жартылай финалда бұл жолы да екі жұп айтыс-ты. Алдымен топқа түскен Қуаныш Оспан мен Нұрболат Серікұлы. Ашығын айтсақ, көңіл соқпай, шабыт болмады ма, ана жолы жұртты күлкіге батырып, ойнақы қағысқан екі ақынның шабыстары шамалы болды. Өткен жолғы өреге жете алмай, кібіртіктей берді өнерпаздар. Орта деңгейде ғана айтыс тудырған оларға да сын жоқ. Өнерде ондай-ондай бола береді. Жүректен шығар, кеудеден туар өлең шіркінге не дей аларсың? Көңіл толқып, шабыт қысып шамырқансаң таудан аққан бұлақтай төгілер. Бабы келмесе қанша қамшыласаң да өрге шаппас. Әйтпесе, бұл жігіттердің ақындықтарына шәк келтірмейміз. Олар әлі де жетілу үстінде. Осындай сынақтар олардың тәжірибесін толықтыра түсері шын. Дегенмен, халық алдына шығып, киелі сахнаға көтерілген соң сөздің сұлуын айтып, әдеп пен мәдениетке көңіл бөліңкіреу керек деген ішкі пікірімізді бүгіп қалғымыз да келмейді.

Ал, бүгінгі әңгімеміздің өзегі мен мәйегі Нұрислам Әбділ мен Ерлан Дәулетұлының айтысы болмақ. Шынында да көптен көрмеген айтысқа кез болдық. Бұл айтыстың айшықты шығуының дәлел-себебі жетерлік. Алдымен, әрине, екі ақынның өнерлерінің жедеғабыл екендігі. Екеуі де табиғи талант иелері, оқыған-тоқығандары да, топқа түскен тәжірибелері де жетерлік. Рас, Ерлан Жүрсін Ерманның жетегінде халықаралық, республикалық айтыстарға түсіп, талай азуы алты қарыс ақберендермен сөз жарыстырып, қағысып қайтқан жігіт. Сондықтан, от пен судан өткендей. Алдында жас қырғидай жасанып отырған шүйкімдей бала жігітке жеңдіре қойғысы жоқ. Мэлс Қосымбаевша, бәлкім Дәулеткерей Кәпұлындай төкпелетіп, екпіндеткен жырыммен жайпап-ақ кетермін деген ойда болса керек. Десе дегендей. Ерлан жоғарыда айтқан ағаларын еске салғандай болғанмен, өлеңді өзіне тән ерекше мәнермен, төкпе күй, төкпе жырдың мақамымен үстемелей үйіреді-ай кеп! Қан қыздырып, асықтырған адуын әуенінен кейіндеп қалу, аузына сөз түспей домбырасын сабалап қалу онда жоқ екен. Өлең ақпанның ақ боранындай үдей түсті дерсің! «Пәлі, суырып салу деген осылай болса керек-ті!» дес-ті, көпшілік!
Алдындағы қарсыласын ә дегеннен жәукемдеп тастағысы келгендей! Әлгі дауыл басылғанда жүні жығылып, жаутаңдап қалған емес, жанары жарқырап, қанатын ширақ қағып, қызу айқасқа құмарта кірген Нұрислам қыранды көрдік! Ерланның көпті көргенінен, екпінінен ығып жатқан жігіт жоқ… Көкшетаулық көрерменге Нұрислам жақсы таныс. Кешегі Ақан сері мәдениет колледжінің түлегі ғой. Өнерімен де тәнті еткен. Залда оны қолдаушылар көп еді. Дүр сілкінді! Көрермендер қолдауы оның шабытына шоқ салғандай. Сырбаз жігітің сыр бермей отырып-ақ сілтеді. Өзіне қол соққандарды жерге қаратқысы да, қарсыласым мықты екен деп жеңіле салғысы да жоқ. Ал, кезегін алған Ерлан болса, ағынан жарылып, адалын айтуымен біраздасын қалың көрерменге өзіне ду-ду қол соққызып, шеберлік танытты. Осындай, жарасымды да шынайы тартыстар айтыс көрігін қыздырды. Баса айтар бір жайт – қанша қызуланып айтысса да екі ақын оғаш сөз, өрескел пікір, қиыспас қисындар айтқан жоқ. Керісінше, бір-бірін әдеппен сыйлай отырып, талай-талай ұтымды пікірлер, тапқыр түйіндер, ел қамын жеген жүйелі сөздер айта алды.
Дұрысында, бірінші жұптан бір, екінші жұптан бір ақын финалға шығуы керек еді. Алайда, құрамында Алмас Темірбай, Құдайберлі Мырзабек, Қаратай Төлекеев бар әділ қазылар алқасы ақылдаса келе алқалы додаға осы жолы ерекше өнер көрсетіп, көрерменге шексіз қуаныш сыйлаған екінші жұпты қайта түсіру жөн деп шешті. Бұл шешімді көрермен де қуаттады. Сөйтіп, Ақан-Біржан асқақтатқан Көкше өнерінің аспанында айтыстың қос жұлдызы жарқырай жанды. Енді олардың нұрын бұлт бас-пасы өнер жанашырларының, қалың көрерменнің қолында. Ұзағынан сүйіндірсін!

Серік Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс