«Аққу» балабақшасына ширек ғасыр толды

Көкшетауда тоқсаныншы жылдардағы күрделі кезеңде ұлт болашағын ойлай білген білікті азаматтардың арқасында сақталып қалған мекемелердің бірі – «Аққу» балабақшасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қала тарихы мұражайы ұйымдастырған «Көкшетау тәуелсіздік жылдары: фотосуреттер, құжаттар, естеліктер» инновациялық жобасы аясында осы балабақшаның алғашқы меңгерушісінің бірі Ғалия Жүніс естеліктерімен бөліседі.

№2 Көкшетау селолық құрылыс тресінің басқарушысы, ел ардақтысы Асқар Хасеновтың бастамасымен сонау тоқсаныншы жылдың басында салынған «Аққу» балабақшасына жиырма бес жыл толып отыр.

1997 жылы облыс тараған тұста арнайы жобамен салынған еңселі ғимараттардың барлығы тиын-тебенге сатылып, байшыкештердің коттеджіне, басқа мекемелердің кеңсесіне айналып, бүлдіршіндердің далада қалып жатқан кезі болатын. Дағдарыс тұсында жабылудың сәл-ақ алдында қалған 330 орындық «Аққу» балабақшасын аяғынан тік тұрғызу жолында күш-жігерін аямаған ұлағатты ұстаз, іскер басшы Ғалия Жүніс болатын. Балабақша жұмысы бірқалыпқа түскенше күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғаны рас. Іскер маман тез арада оңтайлы шешім шығаруға бейімділік таныта білді.
– Ол жылдарды ұмыту мүмкін емес. 1991 жылдың тамызында балабақшаға жұмысқа келдім. Ол уақытта мекемені Римма Беккер басқаратын. Мен қазақ тобының меңгерушісі болдым. «Аққу» балабақшасы ерекше үлгіде салынған ғимарат болды. Сол тұста ұлтжанды азамат Асқар Хасенов осындай ғимаратты Ригадан көріп, кейін көкшетаулық бүлдіршіндерге ертегідегідей нысанды сыйға тартты. Бірақ, 1997 жылы №2 селолық құрылыс тресі жабылды. Елімізде оңтайландыру жүріп жатты, қалада 40-қа жуық балабақша өз жұмысын тоқтатты. Басшылармен бірлесіп жүріп, балабақшаны сақтап қалу үшін қам-қарекет жасадық. Қала әкімінің қабылдауына жазылдым. Әкім: «Балабақша жұмысын өз қолыңа ал, болмаса, есігіне қара құлып салынады», – деді. Ұжымды жинап, мән-жайды түсіндірдім. Білікті мамандар серіктестік құруға кеңес берді, – деп еске алады Ғалия Қабдөшқызы.
Әрине, бұл қадам оған жеңіл түскен жоқ. Балабақша жекеменшік етіп қайта құрылды. Соның арқасында мекеменің бастапқы құрылымы да, ұжымы да сақталып қалды. Мамандар мен тәрбиешілердің айлық жалақысы, салық, коммуналдық қызметақысы, барлығы да мекемеге жеңіл тимеген-ді. Алдымен ақыны қымбаттату ата-анаға ауыр тиері сөзсіз. Ал, оны арзандатса салық пен несиені төлей алмайсың.
Өйткені, 330 балаға лайықталған мекемеге небәрі 67 ғана бүлдіршін келіп жүрді. Оның өзінде бұлар балабақша жанындағы валеология мектебінің балалары болатын. Онда тек қалталы азаматтардың балалары оқитын. Содан үй-үйді аралап жүріп бала жинауға мәжбүр болды. Шынын айту керек, аумағы үлкен ғимараттың коммуналдық төлемдерін төлеу де қиынға соқты. Алайда, осындай қиындыққа қарамастан балабақша сақталып қалды. Сөйтіп, «Аққу» мемлекеттік балабақшасы атауына ие болып, жұмыс істей бастады. Мұндай батыл қадам жасау Ғалия Жүніс бастаған ұжымның үлкен ерлігі еді.
…Балабақша көз алдымызға ертегідегі ғажайып сарайларды елестетеді. Мұндай кешен бұрынғы Кеңес Одағы тұсында Рига мен Санкт-Петербургта ғана болған. Қайталанбас архитектуралық бірегей туынды Қопа көлінің жағалауына жақын жерден орын тепті. Аталған нысанды №2 Көкшетау селолық құрылыс тресі тұрғызды. Балабақша жел электр станциясымен жабдықталды.1991 жылы бірегей кешенде Германия, Англия, АҚШ, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка елдерінің арнайы делегациялары, кәсіпкерлер, Уокешо қаласынан келген меймандар болды. Қазіргі күні де балабақшаның ауласынан бастап көзге оттай басылған жинақылық ғимараттың әр бөлмесінен орын алған. Спорт жабдықтарымен жарақталған жаттығу залы, асхана, компьютер сыныбы, акт залы балдырғандардың игілігіне жұмыс істеуде. Басшының талапшылдығы, қызметкерлердің тиянақтылығы әр тұста байқалады. Көзге түрткі, аяққа оралғы басы артық зат жоқ. 1991 жылы мұнда алдымен қазақ тілі пәні енгізілді, артынша бүлдіршіндер ағылшын тілін үйрене бастады. Елімізде орын алған небір экономикалық ахуалға қарамастан, бірлігі жарасқан ұжым мұндағы жұмысты бір күнге де тоқтатқан емес. Мәңгілік ел ұландарын ұғымтал, озат ойлы етіп тәрбиелеуге барын салды. Ұжым мерейі үстем бола түсті. Бүлдіршіндерді елін, жерін сүюге шақырып, патриот етіп тәрбиелеуге деген ынта мен жауапкершілік сезімі нығайды. Талай байқауларда бас жүлделерді жеңіп алды.
«Зымырап өткен осынау уақытқа зер сала қарасаң, біз заманның ауанына қарай өзгерген қоғамдық көзқарастың арқасында құрылған екенбіз. Содан бері қаншама бүлдіршін балабақша қабырғасынан білімнің сара жолына аяқ басты. Жасырары жоқ, тоқсаныншы жылдары қаражат тапшылығынан таратылған балабақшалардың орнын толтыру мақсатында бүгінгі таңда нәтижелі шаралар орындалуда. Өйткені, балабақша республика көлемінде кешенді шешілуді қажет ететін өзекті мәселелер қатарына шықты. Ашылып жатқан балабақшалар, біріншіден, бүлдіршіндерге базарлық болса, екінші жағынан, бұл – жаңа жұмыс орындары», – дейді Ғалия Қабдөшқызы. Бүгінде педагогика ардагері Ғалия Жүніс құрметті еңбек демалысында. Балабақшаға, сәби тәрбиесіне сіңірген еңбегінің арқасында ол 2011 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Тәрбие жұмысы бір күннің немесе белгілі бір уақыттың шеңберінде жүзеге асатын тірлік емес. Сондықтан балабақшаның бүгінгі ұжымы да уақытпен санаспай еңбек етуге машықтанған. Өйткені, олар өздері тәрбиелеп өсірген, мектепке жолдама берген әрбір түлектің болашақта елі тұлға тұтар азамат болатынына сенеді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс