«Ақ орамал» акциясы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі 4-ші Саммитте жариялаған «Әлем. 21 ғасыр»манифесін ілгерілету және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай 29 тамызда «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті.
Республика көлемінде атап өтілген шараға ақмолалық ақ жаулықты аналар да үн қосты. Түрлі мекемеде қызмет ететін қыз-келіншектер бастарына ақ орамал салып, Абай көшесінің бойымен жүріп өтіп, Тәуелсіздік алаңында топтасты. Аналар акциясының символы ақ орамал болуы тегіннен тегін емес. Ақ түс- адамзат өмірінің негізі, ананың сүтінің түсі. Бұл –ар мен ниет тазалығының, пәктік пен адалдықтың белгісі. Тәуелсіздік алаңында өткен шарада Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпова, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шәмшия Айтжанова, «Бари» армян ұлттық орталығының мүшесі Астгик Тороян, поляк қоғамдық бірлестігінің мүшесі Людмила Суховецкая сөз алды. «Ақ орамал» акциясы барысында ардақты аналар жаңа түскен келіндерінің және көшбасшы әйелдердің басына ақ орамал салу рәсімін ұйымдастырды. Тәуелсіздік алаңына жиналған аналар жерлес жауынгерлердің құрметіне қойылған Даңқ Обелискіне, Ауғанстанда көз жұмған сарбаздар ескерткішіне, Кеңес Одағының екі дүркін Батыры Талғат Бигелдиновтің бюстіне және Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне, «Ананың ақ тілегі» стэлласына гүл шоқтары мен оларға байланған ақ орамалды қойды. Акция аясында «Нұрай» балабақшасының балдырғандары Отан- Анаға деген сүйіспеншілік туралы тақпақтар айтты. Бейбіт аспанға ақ шарлар ұшырылды.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс