Аңыз – домбыра, Абыз – домбыра…

Домбыра… Рояль клавишінің домбыра боп «сөйлейтінін» білесіз бе? Бүгінде әйгілі пиа-нистер – Моцарт, Бетховен, Шопен, Лист сонаталарының қатарында композитор Нағым Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңыз» атты фортепианолық шығармасын мөлдірете, төгілте ойнайды. Рояль үні емес, құдды бір ағыл-тегіл Құрманғазы күйі шертіліп жатқан шешен тілді домбыраны тыңдап отырғандай өзгеше бір хал кешесіз. Домбыра керемет… әлде рояль… Осы бір тұңғиық сыр мені дәйім таң алдында көрген тәтті түстей таңғалдырып, тіл байлар ләззәтті сезіммен тербей беретін-ді.
Әлі есімде, 1965 жылдың қазан айы. Мен қазақ радиосы музыка редакциясында редактормын. Бас редакторымыз маған композитор Евгений Григорьевич Брусиловскийдің алдымыздағы қараша айының он екінші жұлдызында алпыс жасқа толуына байланысты деректі музыкалы әңгіме жазуды тапсырды. Мен бұған жүрексіне толқыдым. Қобалжыдым. Қазақ музыкасының азуы алты қарыс паң көкірек корифейімен сөйлесу дегеніңіз, құдай сақтасын… елестетіп көріңіз. Әннен бастап музыканың барлық жанрында көл-көсір шығарма беріп, шабыт шалқуының апогейіне шығып, кемелденіп, болып-толған композитордың алдын көріп, онымен тең дәрежеде сұхбат құру… ойлап көріңіз. Мұның бәрінен бұрын алдын ала келісу, айталық, телефон арқылы… не болмаса консерваторияға барып, өз класында жүздесіп көріңіз. Брусиловскийдің сұсынан жасқаншақтап көп бөгелдім. Бір апта бойы «Қазақстан», «Алтай», «Шолпан», «Қыз арманы», «Қос қарлығаш» секілді әндерінен бас-тап, симфония, операларынан үзінділер тыңдадым. Олардың жазылу тарихын зерттеп, біраз жайды зерделеп, көңілге түйдім. Ақыры бардым. Мен Брусиловскиймен өз үйінде әңгіме-дүкен құрдым. Ол алғашқыда менсінбеген жанша тәккаппар мінезбен сараң сөйлесіп, шешіліңкіремей отырды. Сөзді қазақтың қара домбырасынан бас-тап, Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін өзінің симфониялық шығармаларында қалай пайдаланғанын сұрадым. Осы сауалдарым шашыраңқылау шықты ма, әлде, оны бірден оқыс айтып қалдым ба, даланың алтын асуындай жарқыраған кең маңдайы сәл тырысқандай болып: «Сіз менің қандай әндерімді білесіз?» деді, жай ғана марғау қалпы. Мені не құдірет биледі, білмеймін, мен жаным сүйетін «Шолпан» әнін:
Астық деген тау қасында,
Қырман қызып, әнге басқан.
Ақ бидайдың ортасында,
Қыз өнері жаннан асқан.
Ер деп білген бір көрген жан,
Сүйген сәулем Шолпан, Шолпан!.. – деп әндете жөнелдім.
Ол бұған болар-болмас езу тартып, «мысалы, Құрманғазы…» деп ойлана тоқтады. Өз-өзінен басын шайқап, ащы мысқылмен күлімсірей сөйледі: «Бізде осы музыка маманы бар ма, жоқ па, білмеймін. Егер бар болса… домбыраны тыңдап көрмесе де оның сиқырлы құдіретін, таңғажайып дақпыртын Александр Викторович Затаевич жазған күй ноталарынан сезіп-біліп, иә, сонау Парижде жатқан Ромэн Роллан сияқты білімпаздарды толғанысқа салудың өзі… керемет! Европалықтар Паганини скрипкасын көкке көтеріп, әлем жұртын таңғалдыра, тамсанта әулие етеді. Домбыра да сондай «божественный» аспап! Мен оған тәңірше табынамын. Менімен әріптес музыка мамандары мен енген домбыра табиғатына әлі ене алмай жүр. Ә, ол әзірше болатын емес. Мен қазақтың тұңғыш симфониясын жаздым. Ал, «мұндай симфонияны» өткен ғасырда Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттер қазақтың қос ішекті домбырасымен-ақ толғаған-ды. Осы кереметтердің ішінде Құрманғазының иығы оқшау тұр. Күй «Демоны!» – ол! Домбыра Құрманғазының қолында жай ғана бір музыкалы аспап емес, ол …ол адам қиялы жетпейтін бір тылсым құбылыс. Көрдіңіз бе, мен тегі кекештеу адаммын… тілім икемге келмей отыр. Құрманғазының саусағын елестетем о, оның оң қолы! Мен Динаның күй тартқанын көрдім ғой. Динаның сол қолын айтыңыз! Динаның өз аузынан естіген сөзіміз – Құрманғазы Нарын құмында өз шәкірті Динамен әр кез жүздесіп, күйлерін тыңдап жүрген. Сонда Динаның сол қолының саусақтары мен өзінің оң қолының саусақтарын қатар қойып: «осы екі салалы саусақ бір адамда болса ше? Ондай күйшіден кім аса алар еді!» деп іштей тамылжып, жер-көкке сыймай шалқиды екен, тасады екен, сүйсінеді екен. Қос ішекті олар қалай сөйлетті? Қалай? Сол Құрманғазы елінің азаматы, менің шәкіртім – қазақтың тұңғыш пианисі, композитор Нағым Меңдіғалиев фортепиано тіліне діріл қаққан… неме-
се екпіні экспрестей ағылған асау ырғақтарды қалай түсірді десеңізші! Мен де пианиспін ғой, сол «Домбыра туралы аңыз» атты шығармасы қалай туды, білмеймін. Оны Нағымның өзінен сұрасаң тек жымияды да қояды. Көре алмайтын әріптестері Нағымның сол өз шығармасын өзіне қимайды. Өмірде бәрі бола береді. Нағымды толқытқан – Домбыра! Солай… Нағымның роялі – домбыра! Рояльдің домбыра боп «сөйлеуін» кім естіп, білген? Чудо! Нағымның «Домбыра туралы аңызы» келе-келе Свято-слав Рихтер, не Ван Кливерн болмысындағы небір асқақ сезімді пианистерді қазақ күйіне еріксіз елітіп, үйірілтеді, әлі. Ғасырлар бойы жасап келе жатқан домбыра күйін классикалық деңгейге Құрманғазы ғана көтерді. Қандай киелі еді, ол! Теңдесі жоқ! Оның күйлері тек қана рояль емес, ол әлі талай музыкалы аспаптарды сайратады… ұлт-аспаптар оркестрлері ғана ма, үлкен симфониялық оркестрлердің өзіне дауылдай бұрқап, теңіздей толқып, асып-тасқан Бетховен симфониясындай кең тыныс береді». Домбыра… Құрманғазы… Брусиловскийдей терең ойлы композиторды қалай-қалай толғантты дейсіз. Жасы алпысқа келіп, сезімі салқын тарта бастады-ау деген осы бір ағыл-тегіл шабыт иесінің әлгі бір тебіреністі сөздері мені сол жалынды, ыстық лебімен күні бүгінге дейін тербейді де жүреді.
Домбыра… оны Құрман-ғазыға дейін талай домбырашы бебеулетті. Ұмытылған домбыра пірлері – Байжұма, Боғда, Мүсірәлі, Ұзақ… олар тек – аңыз ғана. Бұлардың бізге жеткен бірді-екілі күйлері «Ұстаздан шәкірт озды» деген сөзбен Құрманғазы тұлғасын мүлде зорайтып жібереді. Мезгіл Құрманғазыдай алыпты ұзақ толғатыпты. Табиғат сыйы… тәңір сыйы боп туды, ол. Құрманғазы домбырасы өзгеше бітімді күйлерді толғады. Өзімен замандас тағы бір дүлдүл – Иран бақтың бұлбұлындай күй мөлдіреткен Дәулеткерейдің өзі Құрманғазыға «Көрғұлы», «Топан» күйлерімен жақындағандай боп, оған бас ие тағзым еткен.
1957 жылдың жаз айында Москвада Бүкілдүниежүзі жастарының әлемді аузы-на қаратқан фестиваль концерттерінің бірінде Алматы консерваториясының студенті домбырашы Әзидолла Есқалиев аспаптық орындаушылардың үлкен конкурсында алдына жан салмады. Бірінші орын алды. Төсінде алтын медаль жарқырады. Үш тур бойы орындаған сол шығармаларының ішінде рояль сүйемелінде Моцарттың «Рондосы» («Түрік маршы»), және Құрманғазының «Терісқақпай», «Төремұрат» күйлері аса беделді жюри мүшелерін таң-тамаша қалдырды. Ежелден тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, өнері, оның ішінде музыкасы бір-біріне «жақындау келеді» делінетін түркі тұқымдас елдердің – «Донбура», «Думбрақ», «Думбыра», «Думра», «Танбур», «Даңғыра», «Қомуз», «Тумбыра»… тіпті, орыстың «Домра», «Балалайкасы», украинның «Бандурасы», грузиннің «Пандури», қалмақтардың «Домр» сияқты шекті аспаптарының бірде-бірі Әзидолла шалқытқан Моцарттың «Рондосы», Брамстың «Бесінші венгер биі», тіпті одан бергі басқа да классикалық шығармаларды орындауда қазақ домбырасындай фантастикалық құдірет таныта алған жоқ. Моцарт! Құрманғазы! Екі ғасырдың екі кереметі! Бір концертте қатар тұр!
…1969 жылдың сәуір айында Будапеште қазақ өнері мен мәдениетінің күндері өтіп жатты. Бір жолы Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі Ференс Лист атындағы музыка академиясының концерттік залында дүниежүзі дипломаттарына арнап бір ғажайып концерт берді. Концерттің орта тұсында Құрманғазының «Ақбай» күйі орындалды. Көл толқыны… жо-жоқ, теңіз толқыны… ол да емес, мұхит толқыны ыңырана сыздады. Алтын люстралы сәулетті зал сілтідей тынды. Мұндай оркестрді еш уақытта тыңдап көрмеген шетелдік зиялы қауым көздері тұмадай тұнып, оларға бір тұңғиық дүние есігі ашылды. Демдері бітіп қалғандай ауыр музыка булықтырып, езіп барады. Кеуделерін қысқан күрсініс лебін шығару қиямет. Қабақтарын кірбің шалды. Бәрінің жүзі сұп-суық. Иә, тұңғиық дүние… Оркестр үні тым тереңде буырқанады. Бір кезде бұл мүлгіген өлі тыныштық тас-талқан болды. Шыңырауда бүктетіле ширыққан дүлей толқын лап ете түскен жанартаудай бұрқылдап, аспанға атты. Дирижердің әрлі-берлі сілтеген таяқшасы қазбауыр бұлтты осқылаған найзағай отындай жарқылдады. Сахна – ұшы-қиыры жоқ кең дала… дүние дүбірлеп кетті. Көк мұхит долы арыстандай күркіреп, көбік шашты. Селт етіп оянған жандар бір аласапыран ұлы шапқынның тасырлаған жойқын дыбысын естіп, жандары түршікті. Аласұра жанталасқан оркестр бір кезде бірте-бірте сабасына түсіп, қайтадан жиырыла ішін тартқан сабырлы мұхит боп шымырлады. Концерт біткен абыр-сабыр сәтте бір ұзын бойлы, ақ шашты, елуді қусырған сыпа жан сахнаға шықты. Бұл – музыка академиясының ректоры Форш есімді профессор екен. Ол оркестрдің концертіне ризалық сезімін білдірді. Сонан кейін дирижер Алдаберген Мырзабековке күлімсірей бұрылып: – Маэстро, оркестр орындаған жаңағы «Ақбай» симфониясын жазған композитор Құрманғазы қай консерваторияны бітірген? Қазір ол кісі бар ма? – деді қолындағы гүлін ұсынып тұрып. Мына оқыс сөзге іле жауап беруге сасқалақтаған Алдаберген Мырзабеков сәл іркіліп, бойын жиып ала қойды да сыпайы ғана жымиып: – Құрметіңізге мархаббат! Бұл шығарма симфония емес – күй, құрметті профессор. Ол қазақтың аспаптық музыкасының үлкен жанры. Құрманғазы ешқандай консерватория бітірмеген жан. Біздің қазақ халқы – ежелден көшпелі тіршіліктің өмір салтымен жасаған халық. Ән, күйлеріміз сол тұрмыс-салттың әуенімен туған. Біз музыка фольклорына бай елміз. Мыңдап саналатын әндеріміз бен күйлеріміздің ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұлттық дәстүрі бар. Мысалы, Венаның классикалық мектебінің ұлы ұстазы Моцарт секілді сіз қызыққан Құрманғазы атадан балаға жалғасқан күйшілік өнердің теңдесі жоқ ірі тұлғасы. Ұлы ұстазы! Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген дала күйшісі, – дей бергенде профессор Форш бұл сөзге сенбегендей басын шайқап: – Ғапу етіңіз, маэстро, Құрманғазы Моцарт пен Бетховен оқыған консерваторияны бітірген адам! – деп ізетпен иіліп, өз сөзіне өзі риза болған жандай жүзі нұрланып, дирижердің қолын тағы бір қысты…
Құрманғазы! Ол да көктен түсе салған жоқ. Жарық дүниеге іңгәлап келіп, алғаш рет ана сүтін емгенде оның пәк жүрегіне қараша үйді мүлгіте тербеген күй әуезі де қоса дарыған-ды. Кішкентай кезінде қалақтай ғана домбырасын сүйретіп жүріп оны қалай тарта жөнелгені есінде жоқ. Тез ержетті… Мамыражай қоңыр кештерде үлкендер қоңыр қаздай ырғалып, ауыл шетіндегі ақ шағыл құмдарға шығар еді. Алқақотан жайғасып, соноу Асан Қайғы, Сыпыра жыраулардың заманындағы қилы-қилы хикаяларды қиырдан қайырып, алыстан шолып, әңгіме-дүкен құрар еді. Сөз арасында алуан сырлы күйлер шертілер еді. Бірде жүздері жылы, бірде мұңды. Бірде «Па, шіркін!» деп сілкінеді. Бірде қайта сынады. Осы ұзақ отырыста Құрманғазы күй шерткен қарияның домбырасынан көзін алмайды. Кеш батады. Түн көрпесін қымтайды.Тәңірдің тағы бір нұрлы таңы атады. Оянса болды, жан баласы естіп көрмеген күйлерді серпеді, ол… Қазақстанды аралап, ғылыми-зерттеу жүргізген орыс ғалымы А.Алекторов «Казахская песня» атты мақаласында: «На дворе – лютый буран, в теплой землянке я слушаю музыку. Слышна душевная мелодия, производимая простым музыкальным инструментом – двухструнной домброй. Если бы я не увидел этот инструмент своими глазами, то не поверил бы в его способность произодства прекраснейшей музыки, затрагивающей душу человека», деп қарапайым қыр қазағының қолындағы домбыраны тамсана жазғаны бар. Құрманғазының мектебі де, консерваториясы да, дәріс берген профессоры да осы қарапайым домбыраны тартқан ауыл адамдары еді. О, шіркін, қазақ домбырасы! Домбыра шанағынан ақтарылған күй – боз үйдің шаңырағынан көлбей түскен ай нұры бал жүзін аймалаған сәбидің бесік жыры боп шертілді. Күй – қатал табиғаттың сұрапыл әлегі мен тағдыр тәлкегінде аттың жалы, түйенің қомында туып, жусан жұпары аңқыған күрең белдерден жыландай ирелеңдеп асқан қоңыраулы көш жолдарында күмбірледі. Түкті кілем түгіндей былқылдаған жасыл жайлау төрінде ақша бұлттай ағарған боз үйлердің іргесін қуалай жүгірген жібек самал боп есілді. Алтай мен Тарбағатай, Ұлытау, Алатау, Қаратау жағынан, Орал, Атырау, Еділ-Жайық бойынан әрі-бері аңқылдап соққан ескек жел боп желпіді. Жаннат дүние-жазира өлкеде өртеніп батқан маужыр кештер мен боз таңдарда сырласқан қыз-жігіттің махаббат жыры боп төгілді. Күй-желегі желкілдеп, оң жақта бойжеткен қыздың ұзатылардағы сыңсуы боп сызылып, жар-жары, бет-ашары, тойбастары… ұлан-асыр ас пен тойдың шаттығы боп көңіл тасытты. Күй – ұйқысы қанық, бейғам жатқан осы елге жат-жаладан жау кеп тисе, көк найза мен алмас қылыштың жасындай жарқылы боп жарқылдады. Жау қолында кеткен жер қайысқан жылқының боз айғыры боп азынады. Бір-бірінен көз жазып қалған азалы елдің шер күйігі боп жүрек талықсытты. Күй-сағым ойнаған сары даланың сағынышы боп сарылтып, намыс оты тұтанса тепсіне тулаған Атырау мен Аралдың, Балқаш пен Алакөлдің, Еділ мен Жайық, Есіл мен Ертіс, Сыр мен Шу дарияларының көбік шашқан дүлей толқынынан жаралды. Күй – күз салқыны түссе, жылы жаққа самғаған аққулар мен тырналардың осы өңірді қимай сыңсыған мұңды үні боп қамықтырды. Күй – жалғанның жартысындай далиған байтақ ұлысты «жат көзден сақтай гөр» деп күңіренген ата-бабалардың көкейін тесті. Басына жазымыштың қандай ісі түссе де соның бәріне төзіп, мың өліп, мың тірілген қазақтың қолынан еш уақытта домбырасы түскен жоқ.
Домбыра үнін алғаш рет тыңдап, одан ағылған ойлы-күйлі толқынды күйлер мен кербез керілген сырлы әндерге сүттей ұйыған Александр Викторович Затаевичтің: «Сырт көзге жұпыны көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өзінің сол көзге қораш қалпынан өзгере қалып, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз. Ол біресе әндетіп, не үрлемелі аспап дүбірлете үн шығарғандай, енді бірде әлгі отты дыбыстар аспанға шоқ шашқандай көз жауын алып, яки болмаса, жалт-жұлт еткен ырғақ жан шыдатпас шапшаңдығымен есіңді алады» деген таңғалысты сөзін оқығанда көз алдыңда айғырдың жалындай қайратты қара сақалын еңселі екі иығына сілке тастап, қиянға қадалған қыран көзі жақұттай жанып, бе-зек қаққан екі ішекпен-ақ дүниені шайқап отырған жалын жүрек Құрманғазыны көріп, адам бойына лайық емес осыншалық алапат күш барын сезініп, өз-өзіңнен құдіреттенесің бір. Толқисың. Тасасың. Кең дүниені алақаныңда жайнатып, «Ұлы тіршілік иесі – Менмін! Мен бәрінен өктеммін!» деп пешенең жарқырайды.
Домбыра… Александр Викторович Затаевич: «Домбыра үнін тыңдағанда оның әлсіз дыбысынан сонау алыс дүниенің ұлы дүбірі мен зор дүрсілі талып жеткендей бір ғажайып әсерге бөленесің» дейді. Сонда менің көз алдыма «Ақсақ құлан» күйін жосылтып, домбыра безілдеткен Кет Бұғының Шыңғыс ханды шер күйіне күйдірген сұсты кейпі келеді. Не құдірет бар, бұл домбырада, құдай-ау!!!

Илья ЖАҚАНОВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий