А.Смайылов: «Басты назарда – тұрғындар тұрмысы»

Кеше, сәрсенбі күні Көкшетау қалалық Қоғамдық кеңесінің кезекті жиыны өтіп, онда кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаған болатын. Сол отырыстан кейін Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов кеңес мүшелері алдында қала дамуының өткен жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, есеп берді.DSC_0638
Баяндамашы «ашық әкімдік» форматының арқасында әкімшілік пен қала тұрғындары арасындағы байланыстың нығая түскендігін, оның халықтың талап-тілек, пікірлерін біліп отыруға игі ықпал еткендігін айтты. Соңғы бір жыл ішіндегі қарқынды құрылыс жұмыстары, оған жұмсалған, игерілген қаржыны талдап, түсіндірді. Одан кейін әкім облыс орталығындағы эпидемиологиялық ахуалды кеңінен мәлім етті. 200 орындық жаңа, бүгінгі талапқа сай аурухана салынған, облыстық туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық ауруханалар жанынан індет жұқтырғандарға арналып, орындар дайындалған. Вакцина салу басталды, әрі қарай жалғасын таппақ. Қала басшысы өнеркәсіптің даму барысына тоқталып, «Вектор», «Каик», «Новопэк», «КамАЗ-Инжиниринг» сияқты кәсіпорындардың өткен жылды жақсы қорытындылағанын атап өтті. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған жобалар көп. Соның арқасында бір мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Халықтың күнделікті тұтынатын тағамдары бағасын қымбаттатпау жөнінде он мекемемен меморандумға қол қойылған.
Екпінді құрылыс жұмыстары да ел еңсесін көтеруге игі ықпал етуде. Жаңа пәтерлерге ие болушылар саны артты. «Сарыарқа» шағын ауданынан тағы да 16 мың гектар жер бөлініп, бүгінгі заман талаптарына сай жабдықталған жаңа аурухана салынбақ. Басқа да қажетті салаларға арналып салынар ғимараттардың жоспарлау-сметалық құжаттары жасақталуда. «Тар жерге үй салып, қолайсыздық келтірілуде» деген сындар орынсыз, барлық құрылыстар қатаң түрде бас жоспарға сәйкес салынуда.
Красный Яр кенті бөлінген мол қаражат арқасында жаңғырып сала берді. Онда асфальт жолдар төселініп, көшелер жарықтандырылып, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Застанционный кенті де атқарылған жұмыстар арқасында едәуір көтеріліп қалды. Ондағы абаттандыру, сәулеттендіру жұмыстары да жоспарға сай жалғасын таппақ. Застанционныйда Мәдениет сарайы салынып, оның жанында спорт және дайындық жұмыстарын жүргізетін залдар болатынынан хабардар етті. Тұрғындар жиі сынға алатын көпқабатты үйлер аулаларын абаттандыру жұмыстарының созылып кетуі сол маңайдағы инженерлік жүйелердің де қайта жөнделіп, жаңғыртылуынан, деді ол. «Жылумен қамтамасыз ету қиынға соғады» деп алаңдауға да негіз жоқ, оның себеп-салдары толық зерттелген, бақылауда.
Әкім қала дамуының барлық салаларына нақты тоқталып, бір сағаттың үстінде баяндама жасады. Баяндамашыға Ш.Әлиев, Б.Сәрсенбаев, С.Кәкпеновтер сұрақтар қойып, баяндама туралы оң пікірлерін білдірді.
Жиынды аталмыш қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Бегалин жүргізіп, кеңес мүшелеріне алдағы уақытта қызметтік куәлік берілетінін хабарлап, белсендірек болуға шақырды. Кеңеске Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары У.Бейсенбаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Р.Рақышевтар қатысты.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий