Бабамның есімімен мақтанамын

Тектінің ұрпағы қашанда өзінің түп тамырын іздеп табады. Ол жазылмайтын заңдылық. Оның қанында бар қасиет ата-бабасының қалдырған мұрасын шаң басқан архивтерден іздестірмей қоймайды. Дәл осындай күйді біздің бүгінгі кейіпкеріміз жылдар өте басынан кешті. Көкшетау қаласының тұрғыны Бердімұрат Мүсәлімұлы Шәймергенов есімі елге мәшһүр, әрі шешен, әрі би, аға сұлтан дәрежесінде осы өңірде ел билеген Зілқара Байтоқаұлының тікелей ұрпағы. Орта жүз Арғынның Атығай руының Аңдағұл атасынан тарқата келгенде Зілқараның он баласының бірі Мұсадан тарайтын Шәймергеннің Мүсәлім деген ұлынан туған. Бабасының елді аузына қаратқан шешен, халықтың басын қосқан көсем, төрелігін әділ айтқан би болғанын мақтанышпен айтады. Бердімұрат ағаның қолында құнды қағаз бар. Ол Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған, алтын әріптермен жазылған Зілқараның дворян атағын алғандағы берілген грамотаның көшірмесі. Оны арнайы іздеп барып, тауып алған ұрпағы көзінің қарашығындай сақтап отыр. Сонау зұлматты жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған әкелері көпке дейін өзінің ата-бабасы жайлы ешкімге тіс жармай келіпті. Тек құйма құлақ Бердімұрат бала сөз арасында үлкендердің аузынан Зілқара шешен жайлы естіп, есінде сақтап қалса керек. Әкесінің ата-баба мұрасына ден қойып, өзінің балаларына естелік етіп қалдырғысы келіп жүргенін сезген Бердімұрат Мүсәлімұлының қыздары Ажар мен Жанна Петропавлдағы музейге арнайы апарып, тарихи құжатты тауып алуына ықпал етті. Жұбайы Шолпан да көп оқып, көп ізденетін жан ретінде барлық бастамаларына қолдау білдіреді.
IMG-20190917-WA0015Бердімұрат Мүсәлімұлы бізді жадырай қарсы алды. Бабасы жайлы әңгіме қозғаған кезде бірден қолында бар құжаттарды алдымызға тосты. Тарихи деректерде ол кісінің есімін әкесі бірде ауылына қонақ болып келген әнші, қобызшы, домбырашы Зілқараның құрметіне қойыпты деп жазады өзінің «Асыл сөз» атты кітабында жергілікті өлкетанушы Ғалым Мұсатай. Атығай Зілқара Байтоқаұлы айтулы би, аға сұлтан болып Көкшетау дуанында көп жыл ел билеген. Екі тілге жүйрік болған. Үкіметке жақсы қызмет еткені үшін ол 1852 жылы ақпанның 11-де патшадан қазақ дворяны және подполковник атағын грамотасымен қоса алған. Зілқараның аға сұлтандыққа өтуі үшін жақсы мінездеме жазылғаны да аян. Оның елге сіңірген еңбегі, қабілеті толық хатқа түсіріліп, Батыс Сібір генерал-губернаторы берген ұсыныстар мен Көкшетау дуанының жазған мінездемесін ескере отырып, Омбы облыстық кеңесі 1825 жылдың 29 мамыры күні аға сұлтандыққа тағайындайды. Патша үкіметі Зілқара Байтоқаұлын екі рет алтын медальмен марапаттаған. Ал, дворян атану ол кезде кез келген адамға беріле бермейтін атақ. Оның да өзіндік сыры бар.
«Дворян атағын алатын адамға жеке елтаңба жасалады екен. Патшалық Ресейде мұндай елтаңбалар бір ұрпақтың немесе жеке тұлғаның тарихи дәстүрін, қызметін, сіңірген еңбегін анықтайтын белгі ретінде пайдаланылған. Оны мемлекеттік орган заңдастырып бекіткен. Зілқара Байтоқаұлына берілген грамота 1-ші Николай патшаның қолы қойылып, мөрі басылған құжат. Грамотаның әр беті түрлі-түсті оюлармен көмкерілген. Грамотаның бір бетіне Ресей дворяны Байтоқаұлының елтаңбасы басылған. Елтаңба әшекей оюлы гүлге ілінген төрт алтын жолақты қызыл лента түрінде. Аталған грамотада Зілқараның сіңірген еңбегі мен атақ-дәрежесі толық жазылған. Атап айтқанда, фамилиясы, аты, жасы, нәсілі, отбасы, балалары, одан соң білім дәрежесі, әскери атағы, Александр және Владимир ленталарындағы алтын медальдармен марапатталуы жазылған. Дворян атағын алған адамға және оның отбасына берілетін жеңілдіктер, олардың құқықтары өмір бойы сақталады делінген», – деп жазады Ғалым Қадірәліұлы. 1852 жылдың 27 тамызында берілген грамотаның соңына Ресей патшасы Николай Романов пен оның хатшысы әділет министрі Малинин қол қойған. Грамота ескі славян тілінде құрастырылған. Оқығанда бірден түсіну оңай емес. Алдымен Николай патшаның барлық лауазымы тізіліп шығып, әрі қарай марапаттау туралы шешім жазылған. Зілқара Байтоқаұлы сауатты, ақылды адам болған. Дүйім елге мінезімен жаққан. Патша отаршыларының кейбір құйтырқы саясатына қарсылық білдірген кездері де болған. Әсіресе, округтер құрып, қазақ жерін бөлшектеп тастау әрекеттеріне Атығай-Қарауыл, Керей-Уақ, төре тұқымдары қарсы шыққанда Зілқара оларды қолдаған. Тарихи деректерде шешен қартайған шағында патшаға қарсы шығып, қуғындалып жүрген Кенесарыға қажетті міністік, көліктік жылқы, біраз жігіт жинап бергені де айтылады. Аға сұлтан болып тұрған кезінде Зілқараға 30 мың жылқы біткен, өзінен кейін баласы Мұса да аға сұлтан болған деген дерек бар. Зілқара өзі туралы:
Өзім бай, өзім батыр Зілқара едім,
Алмаған адам тілін қиқар едім.
Халқымның қанын жауға сорғызбаған
Айтқанын ақ сүйектің болғызбаған
Арғында менен өткен кім бар едің? – деп толғанады.
Зілқара Байтоқаұлы сексен бестен асып дүние салған екен. Кейін ұлы Мұсаның қолында қалған жерін он тоғызыншы ғасырдың соңында ресейлік қарашекпенділер келіп, қоныстанып «Мусино имение» атандырған. Орыстар егін егіп, үй салып, тұрақтап қалады. Ауылдың атын Явленко атандырады. Кейін жерді солардың атына көшіргізген Ақмола губернаторы селоның атауын Явленныйға өзгерткен. Бірақ қазақтар бәрібір Мусин деп атап келген екен. 30-шы жылдары бай тұқымдарын қудалаған кезде Зілқарадан тараған ұрпақ та көп зардап шеккен. Қолда бар малы тартып алынып, итжеккенге айдалып, абақтыға жабылған. Қуғын-сүргіннің салқыны көпке дейін бұл әулетке әсерін тигізбей қоймады.
Текті бабасының өткен өміріне шолу жасап, артында қалған мұрасына қызығушылық танытып жүрген Бердімұрат Мүсәлімұлының әкесі де қайратты, намыс-ты азамат болса керек. Сонау сұрапыл соғыс жылдарында қан майданда жаумен жағаласып, әр сүйем жер үшін шайқасқан рухты жігіттің бірі. Әскер қатарына 18 жасында 1942 жылы Рузай аудандық әскери комиссариатынан алыныпты. Шұқыркөлдің азаматы 149 атқыштар дивизиясына жазылып, алдымен Андижанда жаяу әскер училищесінде бір жыл жеделдетілген курста оқып, кіші лейтенант шенінде пулемет взводының командирі болып шығып, 1943 жылы 1-ші Ленинград майданында жауға қарсы шайқасты. 1944 жылы жарақат алған. Бірі жеңіл, екіншісі ауыр жарақат болса керек. Ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» бен «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Соғысты Литва жерінде аяқтап, елге 1946 жылы оралған. Елде жұмыс жоқ кез. Әрі қуғын-сүргін жылдарының жаңғырығы маза бермеді ме, Ресейге жол тартыпты. Иркутскінің сауда училищесін тәмамдап, Степняк, Щучье қалаларында жұмыс істеген. 50-ші жылдары Қарағандының Сарань қаласына қоныс аударып, шоферлік курсты бітірген. Сол жердегі көмір өндірісі басқармасына қарасты автобазада жүргізуші болып, шахталарға қызмет көрсеткен. Жұмысын жақсы істегені үшін бірнеше мәрте қалалық кеңестің депутаттығына сайланып, суреті Құрмет тақтасына ілінген. Мүсәлім Шәймергенұлы алпыстан асып дүниеден озған. Соғыстың бір белгісі ретінде әкесінің маңдайында терінің астына бітіп кеткен снарядтың жарықшағы тұрыпты. Оны кезінде гос-питальдағы дәрігерлер алып тастауға қорықса керек. Себебі, көзіне зақым келуі мүмкін еді. Кейін балалары сол жарықшаққа магнит қойып тексеріп жүріпті. Ал, ұрыс даласынан аман келген әкей сондағы көрген сұмдықтарын ешқашан әңгімелемейді екен. Бейбіт заманға жеткеніне шүкіршілік етсе керек. Мүсәлім Шәймергенұлы мен Майра Темешқызынан тараған төрт ұл мен екі қыз: Күлбағрам, Күләндам, Бақыт, Әбдулшарап, Шаймұрат және Бердімұраттың бүгінде жапырағы жайқалып, үрім-бұтағы өрбіп жатыр. Олар тектінің ұрпағы екенін мақтанышпен айтады.
Жалпы, Шұқыркөл елі талай жақсы мен жайсаңды қанаттандырды. Еліне елеулі, халқына қалаулы, талантты да дара тұлғалар Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, Көкен Шәкеев, Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиев, Рүстем Шериязданов, Құбайдолла Әшетовтің есімдерін елі ұмытпайды. Бірі осы елді мекенде өсіп, ауыл мектебінде білім алса, бірі Зілқара шешеннің тікелей ұрпағы саналады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий