Баба есімі жаңғыртылды

Көкшетаудың ескі көше атаулары алынып тасталып, қазақшаланып жатыр. Соңғы екі жылдың ішінде 100 көше жаңашаланды. Бұл үлкен жетістік. Міне, күні кеше ғана Бірлік мөлтек ауданындағы Новоселов көшесіне атақты Бапан бидің есімі берілген еді. Соның ашылу салтанаты өтіп, жергілікті тұрғындар бір жасап қалды. Алыс-жақыннан ұрпақтары келіп, маңызды шараның куәсі  болды. Көшеге өз заманының аузы дуалы, данагөйі, ақылшысы, қара қылды қақ жарған Бапан бидің есімі берілуіне облыстық соттың төрағасы Досжан Әміровтің тікелей мұрындық болғанын айтпай кетуге болмайды. Қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі игілікті істі концерттік бағдарламамен әрлеп, сахналық көрініспен шырайландырды. Бапан бидің ұрпақтары бабасының есімін жаңғыртып жатқан азаматтарға алғысын жеткізді.

Бапан Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың Тұраналы деген баласынан туған. Өмір сүрген дәуірі 18-ші ғасырдың 60-шы жылдары мен 19-шы ғасырдың 50-ші жылдарының аралығы. Қанжығалы руының бас биі болған. Бапан терең ойлы, әділ би болса керек. «Мынау Бапандай екен» дейтін мақтау сөз де ел арасына тараған екен. Өз тұсында Арқа жерінде өткен талай тарихи оқиғаларға араласып, кесімді пікірін айтқан. Ерейменнің ең көрікті көлі – Қоржынкөлдің жағасында тұрыпты. Бүгінгі шараға Ерейментаудан да Бапан бидің ұрпақтары арнайы келді. Ақын Сайлау Байбосын арқалана толғанып, арнау өлеңін төкпелетті. Жиылған жұрт та арқаланып, бір серпіліп қалды. Аспаннан төнген қара бұлт нөсерлетіп, төпей жөнеле ме деп едік, аруақты бабаның өзі қолдағандай, күн шайдай ашылып, салтанатты шараның берекесін кетірмеді. Облыстық соттың төрағасы, қазақ тілінің жанашыры Досжан Әміров өз сөзінде: «Хандық дәуірде де ел басқаруға тұтқа болған, әділ билеріміз бен жаужүрек бабаларымыз, данагөй абыздар мен арқалы жырауларымыз қалдырған өсиетнаманы бүгінгі жастар еш уақытта ұмытпауы керек. Әлемдегі ешбір халықтың, ешбір мемлекеттің даму тарихында кездеспейтін, тек қана қазақ халқының санасында сақталып, оның қоғамдық өмірінде мінсіз қызмет еткен билер соты, олар ұстанған әділдік біздің өнеге алар құқықтық байлығымыз»,– деді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа бойынша Комитетінің мүшесі Берік Дүйсембинов, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев бүгінгі шараның маңызына тоқталып, алдағы уақытта осындай игілікті істердің басы-қасында жүретін ел жанашырларының қатары өсе берсін деді. Бапан бидің ұрпақтары Қайырбек Кемеңгеров, Абай Әлжанов, Үміт Шаимовалар бабасының есімін ұлықтап, көшеге атын беріп, бұл шараны салтанатқа айналдырған азаматтарға алғысын жеткізді. Ал, лента қию рәсімін облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров, қалалық мәслихаттың хатшысы Еркін Исімбаев және Бапан бидің ұрпағы Мәмбет Нұралиев жасады. Шара «Ұлы тұлғалар мекені» атты театрландырылған көрініспен жалғасын тауып, концерттік бағдарламаға ұласты. Ал, көшеге Бапан бидің есімі берілгеніне дән риза тұрғындар қуанышында шек болған жоқ.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.   

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий