Балабақша ашу – ұтылмайтын іс

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша ашуға ниет білдірген кәсіпкерлермен кездесті.

Кездесу барысында әлеуметтік маңызы мол жобамен айналысуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге өздерін толғандырған сауалдарын алға тартты. Еліміздің өзге өңіріндегі біздің қалада да бүлдіршіндерді балабақшамен қамту өзекті мәселе болып тұрғаны рас. Кезек күткен бүлдіршіндер көп. Бірер жылда оларды бюджет есебінен балабақшамен қамту мүмкін емес. Десек те жергілікті билік бұл тұрғыдағы түйіткілді тарқатудың жолын кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс атқарудан тапты. Бұл іске бизнес өкілдерін көптеп тарту қажет екендігін айтады қала басшысы. Қазір әлемнің дамыған елдерінде бұл тәжірибе кеңінен қолданылып келеді. Қазірдің өзінде балабақша салуға ниетті бірнеше кәсіпкер табылып отыр. Тіпті олар бизнес-жоспарларын да әзірлеп қойыпты. «Биыл да жаңа балабақшалар ашамыз деп ойлап отырмыз. Айталық, Красный Яр кентінде үш жоба қолға алынғалы отыр. Жалпы жұмыс жүріп жатыр, заң бізге жақсы мүмкіндіктер беріп отыр»,–деді қала әкімі Е.Маржықпаев. Алайда, балабақша ашу оңай емес. «Кәсіпкердің жекеменшік немесе жалға алған ғимараты болып, ол санитарлық нормаларға сәйкес болу қажет. Тізім бойынша құжаттар дайындайды. Содан кейін талапқа лайық болған жағдайда мемлекеттік тапсырыс ала алады», – дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.

«Бизнестік жол картасы – 2020» бағдарламасымен жекеменшік балабақша ашамын деген азаматтар көп. Соған байланысты екінші деңгейдегі банктерден адамдарға жылжымайтын мүлік сатып алу, оны кеңейту және жабдықтар сатып алуға жеңілдетілген несие қарастырылған.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий