Балалар кардиохирургиясының дамуы – біздің басты жетістігіміз

Алда келе жатқан медицина қызметкерлерінің күніне орай осы саламен өзін тығыз байланыстырған жандарды шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің жоғары кәсіби шеберліктеріңіз, мейірімге толы жүректеріңіз және алтын қолдарыңыз көмекке зәру жандардың үлкен ықыласы мен алғысына бөлене берсін. Сіздер адам жанының арашашысы, демеушісі, қолдаушысысыздар. Сіздер дертті жеңіп, өмір сыйлап, үміт отын жағатын асыл жандарсыздар. Алдағы уақытта осы беттен таймай, ертеңгі күнге сеніммен қарап, медицина саласында жаңа жетістіктерге жетіп, материалдық және отбасылық қауіпсіздікке қол жеткізіңіздер!

Гүлнар ҚҰЛЫШЕВА,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

         «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына орай бес жыл ішінде Ақмола облысы бойынша біршама игілікті істер атқарылды. Қол жеткен жетістіктерді саралайтын болсақ, мынадай көрсеткіштерге ие болдық: өңір тұрғындарының орташа жас шамасы 69 және 84 жылды құрады; аналар өлімі мен сәбилердің шетінеуі азайды; туберкулезбен ауыру 28,75 пайызға, осы дерттен көз жұмғандар 44,4 пайызға төмендеді; қатерлі ісікке I-II деңгейде шалдығу 2011 жылмен салыстырғанда 52,8 пайызға жетіп, 2,9 пайызға көбейді. Соған байланысты өмір сүру ұзақтығы 5 жылға дейін ұзарғандар саны 50,9 пайызды құрады.

Елбасының дәстүрлі Жолдауларынан туындайтын міндеттерді дәйектілікпен жүзеге асыру мақсатында медицина саласында ғылым жаңалықтарын батыл енгізу жедел қолға алынуда. Оның тиімділігін қол жеткен жетістіктеріміз айқындай түсуде. Бұл орайда балалар кардиохирургиясын дамытуымыз соңғы жылдағы басты жетістіктердің бірі болып саналады. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 27 ақпанында облыстық аурухананың жүрек орталығында 2 мен 6 жас аралығындағы төрт балаға ота жасалды. Көкшетаулық дәрігерлер Алматы қаласындағы перинатология мен балалар кардиохирургиясы орталығының мамандарымен бірлесе жасалған бұл ота 10 сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Кішкентай пациенттерге ота жасау медициналық көмегі тегін көрсетілуде. Егер қаржылай есептесек, мұндай бір операция 1 миллион 900 мың теңгені құрайтындығын баса айтқым келеді. Жалпы, біздің облысымызда жүрекке ота жасау тәжірибесі 2013 жылдан литвалық дәрігерлердің көмегімен жүзеге асырылуда. Көкшетауда биыл тұңғыш рет қайтыс болған адамның органын басқа науқасқа қолдану ісі жүзеге асырылды. Аса ауыр жағдайда облыстық ауруханаға түскен адам миына қан құйылып, өмірден озды. Оның отбасы сау мүшелерін донорлыққа алуға келісім берді. 21 наурызда Астана қаласынан келген трансплантолог мамандар қайтыс болған адамның бүйрегін, бауыры мен жүрегін алып, бір тәуліктің ішінде астаналық реципиенттерге салды. Соның арқасында төрт адам өзінің екінші өмірін бастады.
Биылғы жылдың 8 сәуірінде жұмыс бабындағы іс-сапармен Ақмола облысына келген Қазақстан Республикасының вице-премьері Дариға Назарбаева 250 адамға лайықталған Ақкөл аудандық емханасының ашылу салтанатына қатысты. Бүгіндері аталған емдеу-профилактикалық мекемесі өзінің медициналық қызмет көрсету ауқымын кеңейтіп, жаңа мамандарды қабылдауда. Бұл өз кезегінде кадрлық тапшылықты жоюға көмектеседі. Өткен жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен облыстық әкімдік арасындағы меморандум бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізілген жоқ. Оның ішінде жалпы өлім-жітім (индикаторы – 10,11, нақты – 10,36), ана өлімі (индикаторы – 15,7, нақты – 25,9), қатерлі ісіктен (индикаторы – 125,5, нақты – 128,33), жарақат пен оқыс оқиғадан көз жұму (индикаторы – 121,28, нақты – 122,33), медициналық ұйымдарға ақпараттық технологияларды енгізу (индикаторы – 20%, нақты – 1,3%), жаңа денсаулық сақтау нысандарын іске қосу (жоспар – 10, нақты – 6). Биыл өткен жылдан қалған 8 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан дәрігерлерге ана өлімін азайту мәселесіне ерекше назар аудару тапсырылған. Бұл бағытта жүкті әйелдерге және дүниеге келген сәбилерге көмек көрсетуге, диагностика мен емдеу хаттамасы және алгоритмдерін орындауға, әйелдерді босандыратын мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға баса мән берілген. Облысқа медицина қызметкерлерін тарту жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы өңірге 338 жас маман келді, оның 102-сі дәрігер, 236-сы орта медицина қызметкері. 48 медицина қызметкері баспанамен қамтылса, 82 жас маманға 11,3 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленді, 37 жас маманға баспана алуға 99,8 миллион теңгенің несиесі берілді. Облыстық грант есебінен 78 студент медицина мамандығына оқуда, оның ішінде 20 студент облыс әкімінің стипендиясын, 24 студент аудан әкімінің грантын алады, 34 студент шаруашылық субьектісінің есебінен білім алып жатыр.
Биыл Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы басталды. Бұл құжат осы саладағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталмақ. 2017 жылдан Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі отырғаны баршаға белгілі. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді жүзеге асырады деп күтілуде. Мемлекет 15 категориядағы (жағдайы төмен) азаматтың, жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылардың жарнасын өз мойнына алады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіндегі медициналық қызметке төлем комитетінің базасында медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры құрылады. Коммерциялық емес акционерлік қоғам қордың жарналарын жинақтап, медициналық қызмет түрлерін сатып алумен айналысады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері
республика үкіметі.
Жарналардың өсімі кезеңмен жүзеге асырылады, атап айтқанда, мемлекет үшін 2017 жылғы 4 пайыздан 2024 жылға 7 пайызға дейін, жұмыс берушілер үшін 2017 жылғы 2 пайыздан 2020 жылға 5 пайызға дейін, қызметкер үшін 2019 жылғы 1 пайыздан 2020 жылға 2 пайызға дейін. Өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтар (жеке кәсіпкерлер, жекеменшік нотариустар, жекеменшік сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық келісім арқылы кіріс түсіретіндер) үшін 2017 жылғы 2 пайыздан 2020 жылға 7 пайызға дейін. Облыстық денсаулық сақтау саласы ашықтық пен қолжетімділік принципімен жұмыс істейді. Азаматтардың бірде-бір өтініші аяқсыз қалмайды. Денсаулық сақтау басқармасының ресми сайтында жетекшінің блогы ашылған. Сонымен қатар басшының жеке қабылдауына да жазылуға болады. Биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Осы айтулы шараға отандық медицина да үлкен жетістіктермен келіп отыр. Біз өте күрделі де қиын жолдан өтіп, жақсы жетістіктерге жеттік. Ал, кез келген медицина қызметкері үшін басты награда – адамдардың сау болуы. Ұлт денсаулығы, сау ұрпақ – біздің басты мақсатымыз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс