Балалар мәселесі талқыланды

«Қоғамдық келісім» КММ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьеваның қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Өткізілген шараға Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің және облыстық Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының басшылары қатысты. Наталья Григорьевна сөз барысында өзінің атқарып жүрген депутаттық қызметіне тоқтала кетіп, балалардың құқықтарын қорғау мәселесін талқылады. Қазақ тілін еркін меңгерген педагог ретінде ол өзге ұлт өкілдері арасында білім беруді дамыту, мемлекеттік тіл мәселелеріне де егжей-тегжейлі тоқтады.
Ұйымдастырылған кездесу барысында қоғамның заманауи мәселелері туралы еркін әңгіме өрбіп, жиынға қатысушы қонақтар жағынан ұсыныстар мен сұрақтар да қойылды. Атап айтсақ, этномәдени бірлестіктердің басшылары депутат назарын отбасы институтын нығайтуға және жастардың бойында отбасылық құндылықтарды тәрбиелеуге, ауыл проблемаларын қарастыру жағынан ұсыныстар тастады. Сонымен қатар, «Вайнах» Ақмола облыстық шешен-ингуш қоғамының төрағасы Г.Яндиев пен «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы М.Қиықовтың тарапынан ауыл жастары арасындағы көші-қон мәселесі, дарынды жастардың шетелге кетуі туралы сөз қозғалды. Жиын барысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың жағдайлары жайлы да мәселе ортаға тасталды. Айтылған мәселелер жайында толығырақ «Ақмола облысы поляктарының бірлестігі» ҚБ төрағасы Н.Нагачевская баяндады. Қандастардың Ақмола облыстық филиалының төрайымы Алтынгүл Мәден депутаттың назарын қандастарды орналастыру мәселелеріне аударды. Ұйымдастырылған жиыннан кейін, депутат Н.Дементьева Ақмола облысындағы Аналар кеңесінің мүшелерімен кездесу ұйымдастырып, отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарды дамыту, балаларды тәрбиелеуде отбасының мәртебесі туралы ойын ортаға салды.

Айғаным ЕРБОЛҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий