Балаңыз қалай тамақтанып жүр?

Балалар мектепте қандай тағам жеп жүр? Білім ордаларындағы асханалардың жұмысы санитарлық талапқа сай ма? «Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханалары» жобасы мектеп оқушыларының тамақтануын жақсартуға бағытталған. Жуырда ведомствоаралық сараптамалық топ өкілдері қаладағы жалпы білім беру мекемелеріндегі оқушылардың тамақтану жағдайына тексеріс жүргізді.

Облыста тіркелген 560 жалпы білім беретін мектептің 479-ында оқушылар ыстық тамақпен қамтылған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді.
«Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Бурабай, Зеренді аудандарының бірқатар мектептерінде буфеттер жұмыс істейді, аз қамтылған отбасы балалары үшін ыстық тамақ ұйымдастырылған. 13 бала ғана оқитын Астрахан ауданындағы Толқынкөл мектебінің ғимараты ас мәзіріне лайықталмағандық-тан, тамақ мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Атбасар, Есіл, Егін-дікөл, Жақсы, Жарқайың аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларын тамақпен қамту 100 пайыз ұйымдастырылған», – дейді Ақмола облыстық білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Валерий Гамазов.
2014 жылдан бері өңірде әлеуметтік аз қамтылған балалар тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ыстық тағамның орташа бағасы 248,5 теңге. Бағаның өсуімен реттеліп отырады. Қаладағы барлық мектептердің 1 сынып оқушылары тегін тамақтанады. Бұған қаражат қалалық бюджеттен бөлінген.
Мектеп асханаларының құралдары әбден ескірген. Биылғы оқу жылында қаладағы 17 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеуде. Тәжірибе өңірге таралып, өтініштер түсуде. Келісімшарт бойынша мектеп асханаларын жаңғырту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта мектептерде түрлі шұжықтар, ысталған, қуырылған аспен бірге фаст-фудтар мен консервіленген азықтар ас мәзірінен алынған. Кондитерлік өнімдер, кофе, тәтті сусындар, құрамында дәмдеуіштер мен бояулары бар тағамдар да болмауы тиіс. Сарапшылар шаһардағы бірқатар мектептердің асханаларында болып, рұқсат етілмеген тағамдардың бар-жоғын анықтады. Санитарлық ахуалына назар аударды. Мәселен, арнайы топ тосыннан кірген алғашқы білім ордасы – №1 мектеп-гим-назиясының тамақтану стандарттарына енгізілген талаптарды жауапкершілікпен қабылдағаны байқалады. Ал, оқушылардың өздері де мектеп асханасында тәтті шай, түрлі ыстық тамақ, тауық етінен жасалған котлет берілетінін айтып берді. Мектеп директоры Елена Винтердің айтуынша, осы уақытқа дейін тағам сапасына қатысты шағым түспеген. Гуманитарлық-техникалық лицейде болған сарапшылар асхананың құжаттамалары мен ас мәзірінің рәсімделуіне, тамақтану орнындағы ыңғайлылық жағдайына көңіл бөлді. Бұл мектепте санитарлық нормалар мен білім беру мекемелеріндегі ережелердің сақталуы талапқа сай. Асхана қызметкерлерінің санитарлық кітапшалары бар, тағамдар мен азық-түлік өнімдерінің сапасы, сақталу мерзімі дұрыс.
– Біз балалардың тамақтануын ұйымдастырушы кәсіпкерлерді жазалауды емес, оқушылардың денсаулығын сақтауға септесетін пайдалы тағамдарды ұсынып, белгіленген талаптарға сай жұмыс істеуін қадағалап, ұсыныстар мен кеңес беруді көздейміз, – дейді қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары Жәния Дондағұлова.
Сарапшы топ өкілдерінің айтуынша жаңа жобаның тағы бір тиімді тұсы кәсіпкерлерді мектеп асханаларында жұмыс істеуге тарту. Бұл арқылы асханаларға жөндеу жүргізіліп, тозығы жеткен жиһаз, қондырғылар ауыстырылады. Айталық, облыс орталығындағы №6 орта мектеп асханасында орындықтар, қол жуғыштар, басқа да құралдар мен ыдыс-аяқтар толық жаңартылған. Білім ордасында 1600 бала оқиды. Ас мәзірінде ыстық тағамдармен қатар нан-тоқаш өнімдерінің түр-түрі пісіріледі. Әрине, осы іске бастамашыл болған мамандар ата-аналар тарапынан бақылау күшейсе, балалардың да сапалы тамақтанарына сенім мол, дейді. Сондықтан, баласының не істеп және қандай тамақ жеп жүргеніне ата-аналар да бейжай қарамауы тиіс.
Бірқатар мектеп асханаларында өнімдердің бағасы тым шарықтап кеткен. Мысалы, тоқаш – 80 теңге, самса 150 теңге, ал олардың өзіндік құны бұл сомадан әлдеқайда төмен. Мектеп асханасының өзіндік ерекшелігін ескере отырып, сатылатын тағамдардың шектік баға мәнін бекіту керек, себебі олардың қызметін пайдаланатын, негізінен, балалар. Оның үстіне, тамақ сапасын зерттеушілер мектеп асханаларындағы нан өнімдерінің тым көптігін алға тартып отыр. Балалар уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін толыққанды түскі астың орнына соны жей салады екен. Сондықтан ұн өнімдерінің көлемін қысқартып, мәзірден шұжық өнімдерін алып тастау керек. Бұған қоса, алдағы уақытта бұл мәселеге ата-аналар да араласып, баласының қандай тамақ жеп жүргенін қадағалап отыру керек. Ата-аналар комитеті сауатты тәуелсіз сарапшыларды, технологтарды тартып, өз мектебіндегі тамаққа кешенді түрде жүйелі зерттеу жүргізгенде ғана бұл мәселенің түйіні ептеп шешімін таба бастауы мүмкін. Сондай-ақ, сарапшылар мектеп асханаларына бақылаушы камералар орнату керектігін де алға тартып отыр.

Әсем Жүніс

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий