Бала денсаулығына жауаптымыз

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Серік Болғанбайұлы Ақшаловпен сұхбаттасып, емдеу мекемесінің қазіргі ахуалы жайлы сұрап білген едім. Өйткені, бала денсаулығы қашанда жауапты, әрі аса мұқияттылықты талап етеді. Бұл жолда дәрігерлердің біліктілігі ғана емес, өз ісіне деген адалдығы да маңызды. Қателікке ұрынбай, бала ағзасындағы кінәратты дәл тауып, жас өскіннің жайқалып өсуіне ықпал еткені – өз антына беріктігінің дәлелі.

«Көкшетау» газеті: Серік Болғанбайұлы, балалар арасында соңғы кездері қандай дерттер көбейе түсті. Оның негізгі себептері қандай?
Серік Ақшалов: Негізі ауру түрлері өте көп. Әсіресе, маусымдық дерттерге тоқталатын болсам, биыл қыс мезгілінде аса жұқпалы респираторлық аурумен тіркелген және емделген балалар өте көп болды. Өткен жылдармен салыстырғанда үш есеге дейін өсіп, тіпті эпидемиялық жағдайға дейін жетті деуге болады. Жаз айларында жуылмаған, бүлінген жеміс-жидектерден уланып, іш ауруына шалдығатын балалар қатары өседі. Егер ол асқынып кетсе, баланың бүйрегін зақымдайды. Ата-аналар осы жағына көбірек көңіл бөліп, баласының жеке бас гигиенасына назар аударуын сұраймын.
«Көкшетау» газеті: Жыл өткен сайын аллергия ауруына шалдыққандар қатары өсіп келеді. Соны ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Балалардың аллерголог-маманы жоқтың қасы. Осы мәселе қалай шешімін тауып жатыр?
Серік Ақшалов: Бұл соңғы кездері пайда болған ауру түрі. Аллергияға ұшыраған балаларға көмек көрсету әлі даму сатысында. Сондықтан оған тек үлкен орталықтарда ғана қол ұшын созуға болатын шығар. Ең басты проблема қандай аллерген әсер етіп тұрғанын анықтау. Көбінесе бір түрге емес, бірнеше түрге аллергия болуы мүмкін. Сондайда баланы емдеу өте қиын. Бізде тек жекеменшік зертханаларда ғана анализ тапсыруға болады. Сондықтан қаржысы бар ата-аналар ғана балаларын ақылы тексерте алады. Ал, біз сияқты мемлекеттік мекемелер ондай қымбат аппараттарды алуға қауқарсыз. Әрі оны бір-екі жыл сайын ауыстырып отыру керек. Оған бізде мүмкіндік жоқ. Әрине, Астана мен Алматы қалаларындағы Ана мен бала орталығына квота алуға болады, бірақ оның кезегін 3-4 ай күтуге тура келеді. Өйткені, аллергияға шалдыққан балалар өте көп. Өкінішке орай, бізде аллерголог-дәрігер дәл қазір жоқ.
«Көкшетау» газеті: Облыстық балалар ауруханасында тағы қандай мамандар жетіспейді?
Серік Ақшалов: Бізде қазір гематолог, ревматолог, эндокринолог, анестезиолог, педиатр-дәрігерлер жоқ. Соған қарамастан, жұмыс істеп отырмыз. Басқа салаға оқып шыққан мамандарды біліктілігін жетілдіріп, қайта оқытып, тапшы дәрігерлердің орнын алмастыруға жағдай жасаймыз. Оны өзгеше шешудің жолдары болмай жатыр. Кезінде реформа болған кезде педиатр-дәрігер дайындайтын факультеттер жабылып қалып, осы сала ақсап кетті. Енді медициналық оқу орындарында осы бөлім қайтадан ашылып, жастарды оқытуда. Алдағы уақытта бұл мәселе реттеледі деген сенімдемін. Жұмыс іздеп келген мамандарға есігіміз қашанда ашық. Оларды қайта даярлықтан өткізіп, тәжірибелі мамандардан сабақ алуына мүмкіндік тудырамыз. Өткен жылы реаниматолог-анестезиологқа маманданғысы келетін жарақаттан емдеу дәрігерін оқыттық. Қазір жұмыс істеп жатыр. Тағы бір хирург-дәрігер неонатологқа мамандануға ниет білдірді. Ол да сол салаға қатысты білімін жетілдіріп жатыр.
«Көкшетау» газеті: Облыстық перзентханада дүниеге келген, денсаулығында кінәраты бар балалар сіздерде ем алады. Сирек кездесетін диагнозбен туған сәбилер кездесті ме?
Серік Ақшалов: Туа біткен кінәраттар көп кездеседі. Соның ішінде жүректе ақауы бар сәбилер жиі түседі, біз оларды тексеріп, егер операция жасау қажет болса, Астана немесе Алматы қалаларындағы ірі кардиоорталықтарға жібереміз. Биыл Степногорск қаласында бір бала ішек-қарны сыртына шығып туды. Жағдайы өте ауыр болды. Біздің дәрігерлер уақытында көмек қолын созғанының арқасында баланы аман-есен алып қалдық. Бұл өте ауыр диагноз-гастрошизис деп аталады. Одан тірі қалатын балалар аз. Ал, степногорлық сәбидің жарығы бар екен, операциядан аман шықты.
«Көкшетау» газеті: Осындай балаларды емдеу үшін қажетті аппарат құралдарының болуы да маңызды ғой.
Серік Ақшалов: Қазір біздің емдеу мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірнеше бөлімше және емхана орналасқан корпус жаңартылады. Биылғы жылдың аяғына дейін осы шаруаны тындырғымыз келеді. Жабдықталу да жақсарып келе жатыр. Аппараттар өте көп керек. Қазіргі құрал-жабдықтар тез ескіреді, оны жиі алмастырып отыру қажет. Оған мүмкіндік бола бермейді. Өткен жылы «Асыл мирас» деген қайырымдылық қоры үлкен веложарыс ұйымдастырып, аукцион өткізіп, қаражат жинап, 50 миллион теңгеге жансақтау бөлімшесін жарақтандырып берді. Атап айтқанда, баланың жүрек қағысын, қан қысымын өлшейтін кереует жанындағы монитор, бағдарлама арқылы баланың ағзасына қажетті дәріні өлшеммен беретін шприц-дозатор, асқазанды тексеретін ФГДС аппараты мен жансақтау және операция блогына орталық газ өткізу станциясын орнатып берді. Өткен жылы жергілікті бюджет қаржысына 8 жабдық алдық. Операцияға арналған оптика, жарақат дрелін, таза жердің терісін алып, күйік шалған немесе бүлінген ошақты ауыстыруға ыңғайлы дерматом-құралын, перфоратор, нейрохирургиялық және балаларға ота жасауға арналған жиынтық, бастың қысымын қарайтын монитор, сонымен қатар физиоемдеуге қажетті 6 аппарат сатып алдық.
«Көкшетау» газеті: Серік Болғанбайұлы, бала денсаулығы деген өте күрделі мәселе ғой. Өзіңізге осындай мекемені басқару қаншалықты қиын, жауапкершілігі де жоғары шығар?
Серік Ақшалов: Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Әрине, бала денсаулығына қатысты түйткілдер өте көп. Әсіресе, күрделі диагноздармен бетпе-бет келіп, тез шешім қабылдау, құжаттарын уақытында дайындап жіберу қажет болған жағдайда жүйкеңе салмақ түседі. Бірақ бәрі қалпына келген кезде көңілің орнына келеді. Күнделікті жұмысымызда балалардың денсаулығына қатысты консилиумдар өткізіліп, түрлі дерттерге байланысты жасалатын емдер, республикалық орталықтармен консультациялар жасалып, талқыға салынып, шешім шығарылады. Жұма сайын дәрігерлердің жалпы конференциясы өтеді. Онда барлық проблемалар ортаға салынады. Дәрігерлердің өз саласына байланысты білімін жетілдіруге баса мән беріледі. Өзім жетекшілік ететін мекеме өңірлік болса да, қаланың баласы, даланың баласы деген бөлінушілік жоқ. Барлық балаға көмек көрсетеміз.
Алда келе жатқан кәсіби мереке қарсаңында барлық әріптестерімізге денсаулық, күш-қайрат, жігер тілеймін. Жасап жатқан жұмыстарында ел алғысына бөленіп, науқас балаларға шипасы тисін дегім келеді.
«Көкшетау» газеті: Әңгімеңізге рахмет, ісіңіз табысты болсын!

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс