Бала – өмір, бала – бақыт, бала – жыр!

DSC_2321

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналып Көкшетауда үлкен шеру өтті. Оған балалар мен жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдері, кішкентай балдырғандар қатысты. Осымен екінші рет өткізіліп отырған әдемі шараны тұрғындар тік тұрып тамашалады. Қала әкімі Ермек Маржықпаев еліміздің ертеңі – балаларға мықты денсаулық, табыс тіледі. Білімді ұрпағы бар ел мықты. Білікті маманы бар ел озық. Сондықтан мемлекетті әрі қарай дамытатын, болашағымыздың айқын болуына үлесін қосатын жастарға үлкен сенім артылады. Олар өздерінің табыстарымен кейінгі толқынға үлгі болуы тиіс. Шаһар басшысы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ата-аналарды да құттықтап, оларға өз перзенттерін ақылды азамат етіп тәрбиелеу ісіне табыс тіледі. Бұл шерудің тағы бір миссиясы – қалада тұратын балалар мен жастардың табысын, жетістіктерін көпшілікке паш ету.

Алдымен парадқа қатысушылар «Қазақстан жастары» әніне флеш-моб орындады. Шеруді бастаушылар №12 орта мектептің оқушылары болды. Олар бірнеше мәрте әскери-патриоттық байқаудың, ойындардың жүлдегерлері атанған. Оқушылар тобына «Рухани жаңғыру» тақырыбында безендірілген машина ілесе жүрді. Одан кейін №1, №21 мектеп оқушылары шеруді жалғастырды. Олар түрлі шығармашылық, халықаралық фестивальдардың жеңімпаздары. Театр майталмандарымен тізе қосып, сахнада өнер көрсетіп жүр. Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп оқушыларының барабаншылары шеруге серпін берді. Олардың соңын ала гүлге көмкерілген көлік жүріп өтті. Көкшетау қаласының Біржан сал атындағы музыкалық колледжі, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенттері шеруді жалғастырды. Олар өнер байқауларының, жастар фестивальдарының жүлдегерлері. Қалалық білім беру ұйымдарының қазақтың сүйікті ұлттық аспабы алып «Домбыраны» алып жүруі ән өнерін аспанға биіктеткен құнды мұрамызға деген тағзым болса керек. Шарлармен безендірілген көлік те шеруді көрікті ете түсті. Көкшетау гуманитарлық колледжінің тобын экологиялық №13 мектеп-гимназиясының үздік отбасылық ансамблі, үздік хореографиялық қойылым иегерлері толықтырды. Шерудің ең кішкентай қатысушылары – түрлі костюмге жасанған балдырғандар қатары шараны көрікті ете түсті. №11 мектептің әскери-спорттық колоннасы, жоғары көпсалалы азаматтық қорғаныс колледжінің тобы да өз табыстарын алға тарта жүріп өтті. Түрлі ұлттың киімін киген оқушылар Ассамблея ұйымының бірлік пен татулықтың белгісі екенін көрсетті. Жанайдар Мусин атындағы Жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Томирис» рухани-патриоттық қыздар және «Айбын» патриоттық клубтары Отанға деген сүйіспеншілікті ортаға салса, Жоғары колледждің барабаншылары рухты көтере түсті. Шеруді Астанадағы ең көрікті саналатын «Ақорда ғимараты» бейнеленген саббуфер жалғастырды. №1 сервистік-техникалық колледжі, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Жоғары медициналық колледжі, Красный Ярдағы №3 агротехникалық колледжінің студенттерінен құралған колонналар аталған оқу орындарынан ең қажетті мамандықтар дайындалатынының дәлеліндей болды. Қаладағы музыкалық балалар мектебінің музыканттары 48 облыстық және республикалық конкурстардың жеңімпаздары атанған. №14, №16, №2, №19 мектептер мен гуманитарлық -техникалық мектеп-лицейінің табысты оқушылары шеруді көтеріңкі көңіл-күймен жүріп өтті. Ролик таққан балалар мен велосипед мінген балдырғандардың қуанышты жүздері, қолдарында ойыншықтары бар балақандардың шат күлкісі мерекені шырайландырды.

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шеру концерттік бағдарламаға ұласты. Ата-анасының жанында алаңсыз жүрген балалар алаңдағы қызықты бағдарламаларды тамашалап, саябақтағы әткеншектерге мініп, тәтті-дәмділерден дәм татты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий