Балуан Шолақтың немересі –Айбат

Менің Айбатты білгеніме төрт-бес жыл болып қалды. Адамды тану үшін бұл көп те емес, аз да емес уақыт. Жақында жолым түсіп Кенесары ауылына бардым. Ат басын Айбаттың үйіне тіредік…

Жақында бұл отбасына тағы бір жақсы хабар келді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «BIGroup» компаниясы ұйымдастырған «Достойный гражданин» деген жобада ең көп дауыс жинаған (34 мыңдай) Мұратқа Астанадан екі бөлмелі жаңа пәтер берілді. Мен Айбаттың баласы, келінімен кездескем жоқ. Оны алдыма мақсат етіп қойған да емес едім. Өйткені, мен қазақтың біртуар ұлы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, жауырыны жерге тимеген балуан, халық композиторы Нұрмағамбет Баймырзаұлы – Балуан Шолақтың немересі, өзім білетін Айбат жайлы қазақ оқырмандарына айта кетуді ғана көздеген болатынмын. Сол біртұғыр әңгіме осындай.

Жетпіске аяқ басып тұрған Айбат – атақты Балуан Шолақтың Құдайберген деген баласынан туған немересі. Он бес жылдай мектепте мұғалім болып, Жамантұзға (қазіргі Кенесары) көшіп келген соң зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмысшылар кооперация-
сында қызмет істеген. Өмірден ерте озған жолдасы Молдабек – менің зайыбым Жұмабикенің нағашысының баласы. «Орнында бар оңалар» дегендей, артында Қазақстанға танымал Мұрат сияқты бала қалды. Мұрат жайлы әңгіме кейінірек. Үйге кіргенде алдымен көзге түскені стол үстінде жатқан мұқабасында «Балуан Шолақ Баймырзаұлы (1864-1919)» деп жазылған қалың қызыл кітап еді. Бұл атақты балуанның 150 жылдық мерейтойына арнап шығарылған авторлар ұжымының (көбі Балуан Шолақ жайлы естігендерін журналист тілімен жазғандар) жинағы екен. Кітап Жамбыл облысы, Шу ауданы әкімдігінің тапсырмасы бойынша шығыпты. Сонда барып есіме түскені Балуан Шолақтың руы – Үйсін, ата жұрты – қазіргі Жамбыл облысы екендігі. Менің тағы білетінім Балуан Шолақ Бұланды ауданының Қызыл Кардон орман шаруашылығының аумағындағы Тастыөзек ауылында туып, сол жерде жерленген…
Кітапты ұстап тұрып: «Айбат, мен қай жерде көрсем де атаңның осы суреті, қалай ойлайсың, дәл өзі ме?» – деп сұрадым. «Жоқ, мынау өзіңіз қараңызшы, атақты балуанға емес, қазақтың қарапайым жасы келген шалына көбірек ұқсамай ма?» – деді. Шынында да ойланып қалдым. Ана жылы, ұмытпасам, белгілі қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдінің шет елден әкелген кірдің тасын (мүмкін 51 пұт!) көтеріп тұрған кесек-кесек бұлшық еттері сыртқа теуіп тұрған түркі тектес балуанның мүсіні дәлірек келетін сияқты… Айбатқа: «Атаңның балуан екені белгілі, ал қалай шолақ болғанын білесің бе?» – дедім. «Атама байланысты көп әңгімелерді әкемнен еститінмін. Ол шындықты тура айтатын адам еді. Сонда білгенім, оның саусақтары үсіген емес, отқа күйген. Ол кезде киіз үйдің ортасындағы қазан-ошақта ас қамданады, су жылытылады. Әке-шешесі киіз үйден шыққанда Нұрмағамбетті (азан айтып қойған аты) киіз үйдің керегесіне жіппен байлап кетеді екен, бір күні шешесі даладан келсе бала байлаудан шешіліп шығып, шоқпен ойнап отырады. Сөйтіп қолының қалай күйгенін де байқамай «шолақ» болып қалыпты. Мұны Балуан Шолақтың бірауыз мына өлеңі қуаттай түскендей:
Мен өзім он жасымнан зор-ақ едім,
Намаз бен оразаға олақ едім.
Барғанда о дүниеге кешір, құдай,
Оң қолым отқа күйген шолақ едім.
Қаншама жазылып жатса да Балуан Шолақтың өмір жолы толық зерттелді деп айтуға болмайды. Өйткені, көп жайлар «ел аузынан» естігендер бойынша баяндалған. Кейбір өлеңдері де әртүрлі жазылып жүр. Балуан Шолақтың Құдайбергеннен Айбаттан басқа Қайролла, Шайдолла, Хамидолла, Есенбай ұлдары мен Асыл қызы барын біле бермейтіндер де бар.
– Жарайды, Айбат, бір-екі ауыз сөзбен дін жолына қалай түскеніңді, қажылыққа барғаныңды айта кетсең, – деп қолқа салдым.
– Бұл ұзақ әңгіме ғой. Сонда да әдейі ат айдап келіп отырған соң айтайын. Мен қатты ауырдым. Жанашырлардың айтуымен емшіге бардым, өйткені менің ауруыма медицинаның көмектесуі екіталай болды. Қысқартып айтсақ аурудан арылу үшін алдымен намазға жығылу керек екені айтылды. Оны өзім де сезгем. Бір мезгілде құлағыма түсініксіздеу бір дыбыс келеді де тұрады. Сөйтсем бұл намазға шақырған азаншының даусы екен. Сонымен сәждеге басым тиді. Жанашырларымның көмегімен қажылыққа да барып қайттым. Аздап емшілігім де бар…
Ендігі айтарымыз Айбаттың отбасындағы кейбір ғажайып оқиғалар жайлы. Алдымен мұсылмандар үшін қасиетті Құрбан айтының алдындағы Арафа күні арқасында «Аллах» деген жазуы бар қошақан келді. Тағы бір ғажабы отбасының ауласында маңдайында «7» саны жазылған бұзау туды. Осының бәрі үйдегілерді бір ойға қалдырғандай. Ақыры ұлы Мұрат пен келіні Орынбасар ақылдаса отырып балалар үйінен 7 бала асырап алмақшы болды. «Бұл балаларды алудың да біраз машақаты болды, – дейді Айбат. – Ақкөлдегі балалар үйіне барғанда 9, не 11 бала алу керектігін айтты. Өйткені, оларды іні-қарындастарынан бөлмеу керек екені алға тартылды. Содан 9 баланы таңдап алып тұрғанда 2 ұл бала бас тартты. Сөйтіп өзіміз іздеген 7 бала болып шықты». Артынан тағы да 3 балаға біздің үйден дәм тартты. Жаратқанға жалбарына жүріп 9 жылдан кейін өз кіндіктерінен өмірге Ибраһим келді. Қазір бұл үйде 11 бала бар (7 ұл, 4 қыз). Әр ұлттың өкілдері болғанмен бұлардың бәрі де қазір бір үйдің балалары. Осы жерде Мұраттың қаламынан туған орыс тілінде жазылған «Покажи мне небо. Дневник отца» («Маған аспанды көрсетші. Әке күнделігі» С.Х.) кітабы жайлы айтпай кетуге болмайды. «Покажи мне небо… покажи мне дорогу домой, научи меня снова радоваться жизни… в кругу семьи, любящих и заботливых родителей. Об этом чаще всего просят глаза детей, не по своей воле оказавшихся в детском доме», – деп басталады екен «Алтын Жүрек» республикалық сыйлығының иегері Мұрат Қабылбаевтың кітабы. Бұл өте сирек кездесетін ерекше кітап. Өйткені, мұнда бала тәрбиесі, ата-ана алақанының жылуына зәру жетімдерге қамқорлық, қанатыңның астына алу мәселелері жай философиялық тұрғыдан емес, нақтылы істелген шараларды баяндау, жетімдер үйінен алынған балаларды тәрбиелеудегі тәжірибесін ортаға салады. Бір сөзбен айтқанда, бұл кітап бала асырап алуға ниет еткен әрбір отбасының әдістемелік оқу құралы бола алады. Астана, Алматы және Көкшетауда кітаптың тұсаукесері болып өтті. Оған қазіргі отбасының барлық мүшелері қатысты.

Совет ХАМИТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс