Баптай білсең өнім аласың

Көкшетауда біздің ауа ра-йына жерсінген жеміс-жидек көшеттерін, оның ішінде, әсіресе, алма, қарақат ағаштарын табу қиынның қиыны дейді бағбандар. Бау-бақша өсіруде 35 жылдық тәжірибесі бар көкшетаулық бағбан жеміс-жидектердің сорттарын жақсы ажыратады, сонымен қатар көшеттер мен тұқым туралы білетіні көп. Соның арқасында ол қиярдың бір тұқымынан 7 келі өнім алады.
Әлия Құсайынова бүгінде зейнеткер. Бау-бақша өсіруге деген құлшынысы 25 жасында оянған. Содан бері жеміс-жидек өсірумен келеді. Иелігінде 5 сотық жері бар. Кейіпкеріміз оның әр сантиметрін тиімді пайдалануға тырысып бағады. Бүгінде бау-бақшасынан сарымсақты түгел жинап алған, ал, қызанақ енді пісуге дайын. Ас дайындауда кәдіні шілденің басынан қолданып келеді, ал, қиярдың алғашқы өнімін тұздап та алған. Қиярды егуде тәжірибелі бағбанның өз құпиясы бар. Ол жыл сайын қиярдың тек 48 дәнін отырғызады. Нәтижесінде 325 келі өнім алады. Кейіпкеріміздің жеміс-жидекке деген көңілі тіптен өзгеше. Қарақат пен таңқурайдың біздің өңірге жерсінген түрлері ғана өсіріледі. Біздің өңір үшін жеміс-жидек көшеттерін таңдап алу өте қиын. Себебі, оның біздің өңірге жерсінген көшеттерін ғана пайдаланған дұрыс. Әйтпесе, біздің қысқа шыдас бермеуі мүмкін. Яғни, үсіп кететіндіктен өнімді аз беретін болады. Сондықтан, таңқурай мен қарақаттың, алманың көшеттерін сатып алу үшін Омбы, Қостанайға барып, біздің өңірге жерсінетін көшетін таңдап алуға тура келеді дейді бағбан. Біздің өңірге жерсінген жеміс-жидек көшеттерін іздеп, өзге облыс, тіпті шетел асатын көкшетаулық бағбандар жетерлік. Себебі, олардың әрқайсысы жақсы өнім алғысы келеді. Сондықтан, Қостанайға, не болмаса көрші Ресейге барып, көшеттер сатып әкеледі. Ал, Көкшетаудың базарында сатылатын көшеттер не жерсінбейді, не аз өнім береді, – дейді бұл бағытта тәжірибесі мол жандар. Айта кетейік, Ақмола облысында 13 орман питомнигі бар. Оның үшеуі Зеренді, Ақкөл және Сандықтау аудандарында орналасқан. Бірақ олар негізінен Көкшетау, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын жасыл желекке бөлеу мақсатында ағаш көшеттерін отырғызумен айналысады. Мәселен, бас қаланың төңірегі біздің орман шаруашылықтарында өсірілетін ағаштарға толы. Сондықтан, өңірде жеміс-жидек көшеттерін табу қиынға соғады. «Біздің орман питомниктері негізінен ағаш көшеттерін өсіреді. Өйткені, облысымызда оған деген сұраныс жоғары. Жұмыс істеп жатқандарына 20 жыл болып қалды. Сондықтан, көшеттері біздің ауа райына әбден жерсінген. Бірақ көбі оны бізден сатып алуға болатынын біле бермейді», – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Арман Қожықов.
Әлия Құсайынова өңірдегі барлық питомниктерде болып, оның көшеттерін әбден зерттеген. Десе де, ол қарақат пен таңқурайдың, алманың көшеттерін Қостанайдан әкеледі. Себебі, жергілікті алма көшетінің өнімдері шағын келеді, ал қарақат алғашқы қыста-ақ үсіп кетеді дейді ол.

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий