Барлық мәселе назарға алынады

№13 мектеп-гимназиясында тұрғындар алдында есеп берген Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов халықтың қамсыз тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін тұрғын үй, денсаулық, білім, жұмыспен қамту, коммуналдық шаруашылық мәселелерін сөз етті. Әкім есебінде айтылғандай, экономиканың қай саласында да өндірістік көрсеткіштер өсе түсуде, жаңа өндіріс нысандары көбейіп, кәсіпорындар салаларын кеңейтуде, кәсіпкерлік және қызмет көрсету қазіргі заманға сай мамандануда. Мұның бәрі қалада әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларды шешуге оң ықпал етуде.
DSC_3694Әкім баяндамасында осы округте жасалған және алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды: «Былтыр Боровской, Юбилейный шағын аудандарында аулалар абаттандырылып, көшелер жарықтандырылды. Округте «Регион Строй» ЖШС салған тұрғын үйлер қала сәулетіне ерекше көрік беріп тұр. Дегенмен, әлі де атқарылатын шаруа шаш-етектен. Әсіресе, қала көркін кетіріп тұрған сұрықсыз ғимараттарды қалыпқа келтіру қажет. Жалпы, қала бойынша 44 аула жөнделді. Ендігі кезекте Бейбітшілік шағын ауданының жолдарын қалыпқа келтіру міндеті тұр. Жолдың болмауынан автобустардың қатынамауы, әсіресе, балаларға қиындық туғызып отыр. Бұл аумақта 3 мың адам қоныстанған. 240 бала №18, №13 орта мектептерге жаяу қатынап оқып жүр. Екі кезеңге арналған жобаға бөлінген қаражаттың 250 млн теңгесі биыл игеріледі. Төрт жолақты жол қала ішінде де пайда болады. Мәлік Ғабдуллин көшесі даңғылға айналады. Көше бойындағы суағар, жарықшамдардың барлығы жаңартылады. Былтыр Ғабдуллин көшесі бойында жаңа автомобиль көпірі салынды. Биыл «Аққу» балабақшасы жанындағы көпір кеңейтіледі. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталады».
DSC_3633Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде Юбилейный, 32 үй тұрғындарының бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді. «Қалада 700-ден аса тұрғын үй бар. ПИК-ке қатысты мәселелер барын жасырмаймыз. Көп қабатты үйлер мен жатақханаларды жылу, сумен қамту, кәріз жүйелерін ретке келтіру біртіндеп шешімін табуда», – деген әкім тұрғын үй инспекциясының өкілдеріне үй тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Қоғамдық көліктердегі автоматты төлем жүйесіне қатысты сауалға әкім: – Автобустарда картамен төлем жасау жүйесі қалада қанша адам қоғамдық көлікті пайдаланатынын білу үшін енгізіліп отыр. Бұл тұрғындар үшін қолайлы әрі тиімді деп ойлаймын. Такси жұмысын дұрыс ұйымдастыру жайы да қарастырылуда. Ең бас-тысы, автобустардан мәдениет талап етілуі керек. Жалпы, қала бойынша қоғамдық көліктердің жұмысын бақылап тексеретін мобильді топ бар, – деп жауап берді.
DSC_3622Тұрғындардың бірі кәріз құдықтары қақпақтарының жиі ұрланатынына шағымданды. – Өкінішке орай, шойын қақпақтарды бизнеске айналдырып отырғандар көбейіп отыр. «Су арнасы» кәсіпорнының мәліметінше, былтыр 600 қақпақ ұрланған. Мұнымен күресу полицияның немесе әкімнің ғана міндеті емес, бәріміз жұмыла күш біріктіретін – баршаның ісі. Көшедегі келеңсіз көріністермен бәріміз бірігіп күрессек қана құқықбұзушылықтың алдын аламыз, – деді қала әкімі.
Кездесуде атаулы әлеуметтік көмек, баспана, балалар хирургінің жетіспейтініне қатысты мәселелер айтылды. Халықтың сан қырлы өмірінде ілгерілеу бар екендігін ешкім жоққа шығара алмас, алайда, бітпеген шаруа қай кезде де шаш етектен болып келеді.Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың көпшілігі көлемі ұлғайып келе жатқан аудан бөліктерін абаттандыру, қоқыс мәселелеріне арналды. Сол сияқты қаңғыбас иттердің мәселесі де қайта көтерілді. Кездесуде жылда айтылатын жылу электр орталығын салу, газ құбырын тарту жобаларына қатысты мәселе тағы көтерілді. Қала басшысы нысан құрылысына жер телімі бөлінгенін, ал қалаға газ тарту жұмыстары 2021 жылы басталуы мүмкін екендігін жеткізді.
Қала басшысы осындай кездесулерде көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайтынын айтып, айтылған сын-ескертпелер бойынша жұмыс жасалатынын мәлімдеді. – Сіздердің алдағы күнге деген сенімді көзқарастарыңыз көңілімнен шығып отыр. Біз қашанда алға қарай жүруіміз қажет. Қаладағы басты мәселелер шешімін тауып жатыр. Бүгін осы жерде айтылған әр ұсыныс-тілек жерде қалмайды. Бәрі де сараланып, тиісті жұмыстар атқарылады,– деді қала әкімі.
***
Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловтың тұрғындармен есепті кездесуі №1 орта мектепте өтті.

Кездесу барысында округ тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сұрақтарына жауап алды. Көпшілікті алаңдатқан сауалдардың бірі баспана мәселесі болды.
Ардагер ұстаздар қауымы «Соңғы жылдары қалада оң өзгерістер көптеп орын алуда. №1 орта мектепте қосымша ғимарат құрылысы басталғанына да қуанып отырмыз. Білім ордасы қала орталығында орналасқандықтан, көзтартарлық ғимарат болу керек. Жасөспірімдер үшін спорт алаңы ашылса екен деген тілегіміз бар», – деген өтініштерін жеткізді. – Қала қазынасының көлемі көбейген сайын туындаған мәселелерді шешудің мүмкіндігі де арта түсетіні белгілі, өйткені көптеген түйткілдердің шешімі қаражатқа келіп тіреледі, – деді қала басшысы.
Қылшақты өзенін тазарту мәселесі де қозғалды. Әкім биыл өзенді тазарту жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Кездесуде пәтерге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы ананың өтініші аяқсыз қалмайтынына сендірді қала басшысы.
«Бірлік» шағын ауданының тұрғындары жолдардың қашан асфальтталатынын сұрады. –Былтыр «Бірлікте» екі көшеге асфальт төселді. Биыл ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінбек. Жаяу жүргіншілер жолы қажеттігін де біліп отырмыз. Қала аумағының 70 пайызын жеке сектор алып жатыр. Шешілмей жатқан мәселе де көп. Мысалы, «Бейбітшілік» шағын ауданында жол салынбағандықтан, автобус қатынамай отыр. Сол сияқты Солтүстік өндіріс аймағына барар жолды асфальттау да алда тұрған міндеттердің бірі. Біз әр аумақтың мәселесін рет-ретімен шешуге тырысамыз. Барлық көшенің жыртығы жамалып, тақтайдай болуы әзірге мүмкін емес, – деп жауап берді әкім. Орталық саябақта демалыс орнын ретке келтіру үшін кәсіпкерлермен жұмыс жасалатынын айтты қала басшысы. «Ақылды қала» жобасы аясында қаладағы жарық бағандары жарықдиодты шамдарға ауыс-тырылады.
«Дон» ПИК-нің өкілі осы аумақтағы құбырлардың ескіргенін, жаңартуды қажет ететін, сондай-ақ, қалада сантехник мамандарының жетіспейтінін алға тартты. Қала басшысы шаһардағы жаңа жобаларды сызба арқылы көрсетіп түсіндірді: – Бір ауланы абаттандыруға 450 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Ескі үйлердің инженерлік желілерін ауыстыру да қымбат жоба болып саналады. Қазіргі уақытта қалада тұрғын үй құрылысын бастамас үшін әуелі инженерлік желі тартылады. Ал, маман жетіспеушілігіне келсек, бұл мәселе құрылыс саласында да бар. Бұл жерде жұмыспен қамту бөлімі сұранысқа сай мамандар даярлауда жұмыс берушілердің талап-тілегін ескеруі тиіс.
Кездесу соңында жиналған тұрғындар қала басшысына болашақта атқарар жұмыстарына жеміс тілеп тарқасты. Қала әкімі А.Смайыловтың тағы бір кездесуі Центральный шағын ауданындағы №19 мектепте өтті. Мұнда да бөлім басшылары шараға ертерек келіп, тұрғындарды қабылдады. Былайғы күндері де қала басшысы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша аптасына екі рет қабылдайды. Оның орынбасарлары да екі реттен халықпен жүздеседі. Әлеуметтік желі, сайттар арқылы көтерілетін сұрақтарға дейін жауапсыз қалдырылмайды. Сол себепті де тұрғындар сұрағы көп болған жоқ. Әкім баяндамасынан кейін Цен-
тральный шағын ауданы көтерген негізгі мәселе №43 үйдің жай-күйі болды. Алайда, бұл үйдің мәселесімен де билік жақсы таныс. Әкім қабылдауында айтылған. Талданған. Мамандар жұмсалып, зерттелген. Оған қоса сол аймақтан сайланған депутат Әсия Шәрімова да арнайы барып, көрген екен. Шатырын жел ұшырып, пәтерлер ылғал тартып, ауа келетін жолдары бітелген үйге көмек көрсетілетін болды.
– Алайда, тұрғындар өз жеке меншігіндегі пәтерлер, үйлерді өздері күтіп ұстап, жөндеуі тиіс. Меншік иесі екендіктеріңізді түсінулеріңіз керек. Үй тұрғындары өзара бірігіп, бір пікірге келіп, ПИК-тер құрып, соның жұмысына атсалысып, жандандыру керек. Осыны дұрыс түсініп, осы бағытта жұмыс жасау жөн, – деді сұрақтарға жауап бере келіп А.Смайылов. Орталық газ жүйесі, ересек адамдардың компьютер үйренуі сияқты сұрақтарға да тиянақты жауаптар қайтарылды.
* * *
Қала әкімінің халықпен кездесуінің кезекті жиыны Жайлау шағын ауданында, №21 мектепте өтті. Көкшетау қаласының 2019 жылғы көрсеткіштері мен 2020 жылға әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы әкімнің орынбасары С.Шабаров баяндама жасады.
Кездесу алдында қаланың барлық бөлімдерінің басшылары қабылдау өткізді. Онда әр тұрғын өзін мазалаған сұрақтар бойынша сол сала басшыларымен асықпай пікірлесуге мүмкіндік алды. Содан ба, кездесу үстінде әкім орынбасарына қойылған сұрақ саны көп болған жоқ. Жайлаулықтар көтерген мәселелер Жеңіс, Жұмабаев көшелерінде жаяу жүргінші жолының жоқтығы, жарықтандырылмауы, кейбір көшелерде суағарлардың болмауынан немесе тұрбалардың бітеліп қалуынан көктемде қар суының қалқып кетіп қиындықтар туғызуы, автобустардың сирек жүруі, сондай-ақ, бұралқы иттердің көбейіп кетуі, бірқатар үйлердің орталық жылу жүйесіне қосылмауы, кейбір қауіпті жерлерге жол белгілерін қою жөнінде болды.
С.Шабаров барлық сұрақтарға мамандарды қатыстыра отырып, толық жауап қайтарды.
– Жалпы, қалада өткен жылы көп жұмыс атқарылғанын көріп отырсыздар. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде жалғаса беретін болады. Ал, сіздердің бүгінгі қойған сұрақтарыңыз, көтерген мәселелеріңіздің бір де біреуі аяқсыз қалмайды. Аты-жөндеріңіз, мекен-жайларыңыз, айтқан пікірлеріңіз тиянақты жазылып алынып, қаулыға енгізіледі. Содан кейін талқыланып, қандай шара алуға болатыны шешілгеннен кейін жоспарға кіреді. Ол жоспар заң жолымен жүзеге асады. Күрделі жұмыстарға бірер жыл уақыт керек. Үлкен қаражатпен шешілетін жұмыстар бір күнде жүзеге аспайды. Осыған дейін жоспарлы түрде қала қалай дамып, гүлденіп келе жатса, солай жалғасын табады, – деді ол сөзінің соңында.
Жайлау шағын ауданының тұрғындары сұрақтарына жауап алып, іс мәнісіне түсінісіп тарқасты.
* * *
Шаһар басшысының тұрғындармен кездесуі №12 мектепте жалғасты. Бұл шағын ауданда көктемгі ағын судың зардабын тартып отырған үйлер бар. Тұрғындардың басым бөлігі осы мәселені қозғады. Вернадский 11, Теміржолшылар 104 көп қабатты үй тұрғындары жертөлелерін көктемде су басатынын, аулаларына 30 жылдан бері жөндеу жүргізілмегенін, Шанхайға апаратын жолдың шаңын жұтып отырғандарын, сол маңдағы көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығының жиналған қарды тұрғын үй маңына төгетінін алға тартты. Соған қатысты әкімдікке, Нұр Отан партиясының филиалына жүгінген. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ. Сондай-ақ, иесіз қалған бұрынғы балабақша ғимаратын қалпына келтіру жайы да айтылды. Ал, ескі жатақханада күнелтіп отырған тұрғындар өздерінің, тіпті назарға да алынбайтынын жеткізді. Сонымен қатар, №12-ші мектеп маңындағы бұрылыс жаяу жүргіншілер үшін аса қауіпті. Қала әкімі бұл жолды кеңейту жоспары бар екенін айтты. Биыл автовокзал, вокзал ғимараттарының іші-сыртын жөндеу көзделген. Автовокзал маңына көлік тұрағын салу жоспарланып отыр. Вернадский 5 а, 5 б тұрғын үйлерінің жертөлелеріндегі суды соруға қатысты «Көкшетау Су арнасы» мекемесінің басшысына нақты тапсырмалар жүктелді. Ал, шатырынан су ағатын бас-пана тұрғындарына үйді жөндеуге қатысты құжаттарды дайындап, тұрғын үйді жетілдіру бағдарламасына өтініш беру қажеттігі айтылды. Қала әкімі барлық мәселелер назарға алынатынын және мүмкіндігінше іске асырылатынын алға тартты.

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий