Барлық істің берекесі – татулықта

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен әкімдік жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің биылғы жылғы алғашқы отырысы болып өтті. Тыңдалған баяндамалар, айтылған пікірлер бір арнада тоғысты. Мінберге көтерілгендердің негізгі айтары – барлық істің берекесі татулықта. Қай шараның болмасын негізгі мақсаты елдің тыныштығы.

Алдымен қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі А.Подгурский сөз алып, қаладағы осы кеңестің қоғамда алар орны, оның жоспарлы жұмыстарының орындалу барысы, өткен шаралар, олардың тиімділігі, көпшілікті қамтуы жөнінде баяндады. Қандай саяси, мәдени, әдеби шаралар болмасын қала жұртшылығы үнемі өздерінің сауатты да табанды көзқарастарын көрсетіп келеді. Оны Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын еңбек ұжымдарында талқылау, ел Конституциясына өзгертулер енгізу жөнінде пікір білдіру, тағы басқа сауалнамалар нәтижесінен білуге болады. Әртүрлі акцияларға тұрғындар сергек қарайды, белсенді қатысады. «Степной маяк», «Көкшетау» қалалық газеттеріне ұлтаралық қатынас, ел бірлігі, берекелі жанұялар, ұлтаралық татулық туралы сапалы мақалалар, сұхбаттар жарияланды. Көшелердегі көрнекі үгіт тақырыбы да бұл мәселені үнемі қамтып келеді. Ал, «Қоғамдық келісім» мекемесінің медиаторы, заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы судья Ғ.Сыздықова адамдардың әртүрлі дау-дамай, тартысты істерін сотқа жеткізбей келістіріп шешудің маңызы мен тиімділігі, медиаторлардың жұмысын жандандыру мәселесі жөнінде өз пікірін ортаға салды.
«Біз – біргеміз!» облыстық қайырымдылық қорының директоры Қ.Шериязданов осы қордың науқас балаларға көмек қолын созу, өзге ұжымдар мен кәсіпкерлердің көмегін ұйымдастыру, перзентіне шырылдап ем іздеген ата-аналарға бағыт-бағдар сілтеу барысындағы баяны үлкен түсіністікпен қабылданды. Ұлтына, тегіне қарамай қиналған балдырғандарға көмек жасау – әр азаматтың, әр қазақстандықтың міндеті. Қазақстандықтардың жылдар бойы қалыптасқан өзара татулық, жанашырлық, мейірбандықтары осындай сәттерде көрінері хақ. Демек, қайырымдылық қоры жұмысының кең қанат жайып, дами түсері сөзсіз. Қор директоры Қалымтай Қалымбекұлы кеңес мүшелеріне атқарылған істерін көрсететін фотосуреттер мен бейнебаянды да ұсынды.
Облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Г.Яндиев өзі басқарып отырған қоғамның ақсақалдар алқасы көмегіне сүйене отырып, ұлтаралық татулықты насихаттау бағытындағы жұмыстарына тоқталды. Олар, әсіресе, діни сауатты жетілдіру, өзге ағымдардың бел алуына қарсы нақты насихат жүргізуде. Негізгі баяндамалар тыңдалып, талқыланып, пікірлер айтылғаннан кейін басқа да қосалқы шаруалар пысықталды. Кеңес мәжілісін қорытындылаған қала әкімінің орынбасары А.Әміренова алда келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелерін лайықты атап өтуге, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуды насихаттауға, ұйымшылдық пен белсенділік танытуға шақырды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс