Барлық өтініш – назарда
Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Көпішев №1 орта мектепте тұрғындар алдында есеп берді.
Жиналған көпшілік алдында халық қалаулысы қала көлемінде және өз сайлау округі бойынша соңғы он ай ішінде атқарылған жұмыс бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзінде мәслихат қызметінің негізгі нысаны – сессия екендігін тілге тиек етіп, биыл өткізілген 8 сессияда қала үшін маңызды қаулылар мен шешімдер шығарылғанын атап өтті. Онда 40-қа жуық мәселе қаралған. Өз атынан бес депутаттық сауал жолдаған. Былтыр депутаттың ұсынысымен қалада 8 аула абаттандырылып, спорттық және балалар ойын алаңдары орнатылды. Биыл да аталған жұмыс жалғасын табуда. Қала бойынша 57 аулаға күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 22 ойын, 7 спорттық алаң орнатылды. Депутаттың ықпал етуімен Есенберлин көшесі, 1, Горький көшесі, 67 мекен жайларына спорт және балалар ойын алаңы орнатылған. Сондай-ақ халық қалаулысы «Ардагерлерді ардақтайық», «Мектепке жол», «Бақытты балалық», «Кедергісіз келешек» сияқты республикалық жобаларға белсене қатысуда. Жыл басынан бері 500 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген.