Барыстай буырқанды Бейбіт батыр!

Араға екі жыл салып шаршы алаңға шыққан Бейбіт Шүменов туралы ақпарат құралдары алдын ала жақсы-ақ хабардар етті. Сол хабарлардан Бейбіттің шын мәнісінде бітімі басқа, жаратылысы бөлек, ерлік үшін туған жігіт екенін түсінгенбіз. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуді көксеген ол дәрігерлер тыйым салса да, ата-анасы өтінсе де ел үмітін ақтамай тоқтай алмайтынын айтыпты. Тіпті, бұған дейін екі дүркін әлем чемпионы болғаны, оған тым қысқа уақытта жеткенін місе тұтпаған. «Өлсем өліп кетермін, бірақ, алған бетімнен қайтпаспын!» деп үйімен қоштасып кетуге келуі қазақтың жауға аттанған баяғы батырларын еске салмай ма?! Өйткені, қолғабын қабырғадағы қайқы шегеге іле салу ерте еді.
Сонымен, оның Германияның тұрғыны түрік жігіті Хизни Алтынкаямен жекпе-жегінен не көрдік? Нағыз қазақтың қайыспас қайсарлығын көрдік! Анталап аруағы көтерілгендей Бейбіт қарсыласына тап-тап берген. Оның анадай, тау жығардай екпініне ешкімнің төтеп беруі мүмкін емес еді! Атақты қарсыласының қорғаны да, бұрыштан-бұрышқа қашқаны да күрзі жұдырықтан құтқармады. Үзілісте алақтап отырған оған бапкерлері де мардымды кеңес бере алмағаны кәміл. Не деуге болар-ды?!
Тастүйін бекінген Бейбіттің кейпі әбден ашуға булығып түтеген жаралы жолбарысты елестетті. Алтынкая алдынан қарсы шықса тас түйіліп, жиырылған барыстай болады да, қорғанысын қақырата шабуылдайды. Жемтігін жұлмалаған барыстың тырнағынан әрең құтылып қашса, тағы төбесінен жай түскендей төпештейді. Іштен, екі бүйірден, құлақшекеден тиген ауыр соққылар ақыры қарсыласын діңкелетіп бітті. Тоғызыншы раундтан кейін ол жекпе-жектен бас тартып, жеңілгенін мойындады. Дегенмен, үлкен тәжірибесінің арқасында ғана ауыр нокауд алмай, аман қалды.
Бейбіт өзінің рингке қайта оралуымен, керемет жеңісімен, жалындаған жігері, мұқалмаған намысы, рингтегі алмас қылыштай жарқылдаған жекпе-жегімен артындағы мыңдаған іні-қарындастарына үлгі көрсетті. Қазақы намыс дегеннің не екенін дүйім жұртқа паш етті. Ендеше, жеңісің құтты болсын, әрдайым қазағыңның көк байрағын биікте желбірете бер! Жарайсың, Бейбіт батыр!

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий