Баспаналы болудың жолдары

Ақмола облысында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 171 несие мақұлданды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнәр Омарова мәлімдеді. Банк өкілінің айтуынша, шілденің 4-нен бастап, қолға алынған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы ақмолалықтардың қызығушылығын арттыруда.

«Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның барлық аймақтарынан 55 миллиард теңге сомасына 4657 өтініш келіп түскен. Оның ішінде банктер тарапынан барлығы 36 миллиард теңгеге несие мақұлданған. Аймақтар бойынша айта кетсек, Алматы, Астана және Маңғыстау облыстары көш бастап тұр. Бағдарлама қарқыны Ақмола облысында да жаман емес. Өңір бойынша 1,98 миллиард теңге сомасына 222 өтініш келіп түсті. Оның ішінде барлығы 1,5 миллиард теңгеге 171 несие мақұлданды. Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы республикадағы 17 өңірдің ішінде 5-ші орында тұр», – деді Гүлнәр Омарова. Сонымен қатар, банк басшысының орынбасары «7-20-25» бағдарламасы тек пайдалануға берілген, бастапқы жаңа үйге ғана ипотекалық несие беретінін атап өтті. «Қазіргі кезде жеке құрылыс компаниялары салған дайын үйдің санына қатысты қиындықтар бар. Оның басты себебі, компаниялар үйдің құрылысы 90 пайызға орындалған кезде, яғни жұмысы толық аяқталмай жатып оны сатып жібереді. Сол себепті, біз де өз тарапымыздан тұрғын үй құрылысын жандандыру мақсатында аталмыш бағдарламаға толықтыру енгіздік деді ол. Осыған орай, «Баспана» ипотекалық ұйымы әкімдіктерге «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына 150 миллиард теңге бөлуді көздеп отыр. Бұл қаржы револьверлік принциппен 2 жыл сайын қайта айналып отырады. Қазіргі кезде бұл жүйе бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде әкімдіктер жұмыс істеуде. Сондықтан, қаржыландыру механизмін жүзеге асыруда қиындықтар болмауы тиіс», – деп сөзін түйіндеді Гүлнәр Омарова. Банк қызметкерлерінің айтуынша, клиент ең алдымен қаладағы өзіне ұнайтын мөлтек ауданнан үй қарастырады. Содан кейін қаржы ұйымына келіп, өзінің өтінішін білдіреді. Банк клиенттің төлем жасау қабілетін тексереді. Келісім- шарт жасалғаннан кейін алатын үйінің 20 пайыздық төлемін енгізеді. Одан соң өзіне тиесілі пәтерге қол жеткізеді. Аталған бағдарлама шеңберінде «Баспана Хит» өнімі қолға алынып отыр. Ол бойынша тұрғындар екінші баспанаға қол жеткізеді. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі +1,75 пайыз болады. Несие мерзімі – 15 жыл. Брифинг барысында құрылыс саласының мамандары да өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий