Баспана кезекпен беріледі

Көкшетау қаласының әкiмi Ермек Маржықпаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдады.

Қабылдауда болған бірқатар азаматтың сұрақтары мағыналас. Мазалайтын негізгі сұрақ – тұрғын үй мәселесі. Бірінің үйі апаттық жағдайда тұрғандықтан пайдалануға жарамсыз болса, енді бірі баспанасының жоқтығын алға тартады. Мергүл Құсайын апатты жағдайдағы үйінің құлағалы тұрғанын айтып уақытша тұратын баспана сұрады. «Қазір жатақхана жалдап тұрып жатырмыз. Аядай ғана бір бөлме тарлық етеді», – дейді ол. Қала басшысы баспана мәселесімен жүздеген отбасы көмек сұрап келетінін, алайда, көпшілікке тәртіп бірдей, пәтер кезек бойынша берілетінін жеткізді. Тегін баспана беруді талап еткендердің дені – тұрмысы төмен отбасылар. Пәтер кезегінің жылжымай жатқанына шағымданған Әсем Темірғалиева, Әлипа Бекмағамбетова есімді тұрғындарға баспана мәселесі еліміздің тұрғын үй қатынастары туралы заңдылық аясында шешілетіні айтылды.

Қалай дегенде де бұл күнгі қабылдау ашық әңгіме түрінде өрбіді. Азаматтардың барлық ұсыныстарын назарға ала отырып, қала әкімі Е.Маржықпаев оларды шешудің жолдарын атап өтіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Қала басшысы жер телімін бөлу, жұмыспен қамту, материалдық көмек көрсету мәселелері бойынша заң талаптарын жете түсіндірді. Қабылдауда тұрғын үй алудан бөлек, пәтерді жекешелендіру, кәсіпкерлікті дамыту сияқты әлеуметтік проблемалар тыңдалып, оларды шешу мәселесі қарастырылды.

Ә.ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий