Баспана мәселесі басым тұр

Көкшетау қаласының әкiмi Ермек Маржықпаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтармен жүздесті. Қабылдауға келген әр тұрғынның әртүрлі себеп-уәжі болды, қала басшысына өз мәселелерін айтып, барынша көмектесуді сұрады.

Ботажан Нұрышева есімді қала тұрғыны ұзақ жылдан бері пәтер жалдап тұрып жатқанын, баспана кезегіне тұра алмай отырғанын қынжыла баяндады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері өтініш иесін пәтер кезегіне тіркеуге уәде берді. Исмаил Хамзин қалада жолдар жөнделіп, балалар ойын алаңдарының көбейгеніне алғысын айтып, Жайлау мөлтек ауданында аулалар, көлік қоятын орындар, аялдамалар қалыпқа келтірілсе деген тілегін жеткізді. Әкім биыл шаһардың орталық көшелерінен бөлек Станционный, Застанционный, Красный Яр кенттерінде көп жұмыстар атқарылғанын, алдағы күндері Жайлау мөлтек ауданында орын алған мәселелерді арнайы барып тексеретінін жеткізді. Аида Қазбекова сенімхат арқылы сатып алған жер теліміне иелік ете алмай отырғанын баяндады. Жер комиссиясының мәжілісінде өтініш иесінің жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін екі жылға жер телімін пайдалануға рұқсат сұрауы туралы өтініші қаралған. Тексеріс нәтижесінде аталған жер учаскесінің жартылай игерілгені белгілі болған. Осы орайда өтініш иесі тек кезек тәртібімен ғана жер телімін ала алады деп шешім шығарылған. Қабылдауда А.Қазбековаға бұл мәселе бойынша сотқа жүгінуге кеңес берілді. Ата-анасыз өскен Наталья Париева және Алевтина Паршуто 2014 жылдан бері пәтер кезегінің жылжымай жатқанын айтып, уақытша тұратын баспана беруді сұрады. Қала әкімі пәтер тек заң аясында кезекпен берілетінін айтып, түсіндірді. Сабыржан Дүйсенов есімді тұрғын кәсіпкерлердің көмегімен Жайлау мөлтек ауданында мешіт салу үшін жер телімін алуға көмек көрсетуді өтінді. Қала басшысы алдымен жобалау жұмыстарының нақты жоспарын ұсынуды, діни басқармадан арнайы рұқсат алуды сұрап, жақын арада кәсіпкерлермен пікірлесетінін жеткізді. ІІ топ мүгедегі Мұстариза Қашқынбаев көп жылдардан бері жатақханада қиын жағдайда тұрып жатқанын, пәтер кезегін күте-күте шаршағанын ашына айтты. Өтініш иесінің айтарына құлақ асып, жағдайларымен танысқан қала басшысы: «Қай-қайсыңыздың да жағдайыңызды түсінемін. Айтылған өтініштер ескерусіз қалмайды. Шешу жолдарын қарастырамыз», – деді. Қабылдауға жазылған Динара Ермекқызы баспана мәселесімен қатар тұрмыс қиыншылығын көріп отырғанын алға тартты. Отбасындағы үш баланың екеуі мүгедек. Айтуынша, қымбат дәрі-дәрмек алу да қиындаған. Қала басшысы отбасына үкімет тарапынан тиісті материалдық көмек көрсетуге уәде берді. Тегін баспана беруді талап еткендердің дені – мүгедектер, тұрмысы төмен отбасылар. Әкім қоғамдық қабылдауға әр сала бойынша жауапты мамандарды да ерте келген. Мамандар тарапынан тұрғындарға заң аясында құқықтық кеңестер берілді.

 Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий