Баспана мәселесі кезекпен шешіледі

Қала әкімі Амангелді Смайылов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Олардың басым бөлігі тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Бірақ уақытынан ертерек баспанаға қол жеткізгісі келеді. Тұрғындардың өтініш, тілектерін мұқият тыңдаған шаһар басшысы бәрі заң жолымен жүзеге асады, сондықтан өз кезегін күту қажет деді.

Қадыржан Белгібаев төрт баланың әкесі. Баспанаға зәру. Қазір үй кезегінде 152-ші орында тұр. Маусым айынан бастап әлеуметтік көмек алып келеді. Пәтер жалдап тұрып жатқандықтан, кезектен тыс баспанаға қол жеткізсем деп келіпті. Қала әкімі оған қазір «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асып жатқанын және соған қатысуға болатынын айтты. Көкшетауда осы бағдарлама аясында 160 пәтерлік 4 тұрғын үй салынып жатыр. Көпбалалы ана Бақыт Әлібаева да баспана мәселесін қозғады. Тізімде 344-ші. Алайда, заңды белден басып, оларға кезексіз үй берілмейді деді қала әкімі. Ал, Назира Полькинаның күйеуі мүгедек. Бес жылдан бері төменгі қабатқа түсуге қиналып келеді. Үй кезегінде бұл отбасы тұрған жоқ. Шаһар басшысы қазір тұрып жатқан үйді және подьезін фотоға түсіріп, мүмкіндігі шектеулі жанға қалайша қол ұшын созуға болатынын зерттеп, нәтиже шығаруға уәдесін берді. Шолпан Нұғыманова жасына байланысты зейнеткер ретінде үй кезегінде тұрса, Айман Біләлова да барак типтес баспанада күн кешуде. Әбден тозығы жеткен тұрғын үйде бес отбасы тұрып жатыр. Бұл мәселе әкімшілік назарында. Шолпан Ақтаева екі жетім баланы бауырына басып, тәрбиелеп келеді. Толық емес отбасы ретінде оларға жатақханадан бөлме берілген. Алайда, ол тарлық етуде. Қабылдауға жазылған Тотықұс Нұралина да әлеуметтік төлем мәселесін көтерді. Оған қол жеткізу үшін қажетті құжаттар тізімі сол жерде айтылып, қала тұрғынына кеңес берілді.

Г. Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий