Баспа ісінің білгірі

Қашан көрсең қым-қуыт тірліктің қамымен жүретін осы жігіттің еңбекқорлығына тәнті болумен келемін. Қалам тартып жүрген жандармен қоян-қолтық араласып, жазу-сызудың мәнін түсініп қалған әріптесім Асхат Шәріпбаев нағыз баспагер. Шағын ғана бөлмеде отырып-ақ, «Көкшетау» газетін безендіріп, қаншама адамның кітабын жарыққа шығарып келеді. Жұмысты шапшаң, сапалы орындайды. Тапсырыс берушінің талабынан шығуға тырысады, қажеттісін дөп басады, сұранысын қанағаттандырады. Бірі ата-бабасы туралы, бірі әке-шешесі туралы ой толғаса, енді бірі жеке өмірі жайлы сыр шертеді. Осының бәрі баспагер жігітке де әсер етпей қоймаса керек. Соңғы кездері тарихи шығармаларға қызығушылық танытып жүр. Әсіресе, қазақ хандарының билік құрған тұсындағы қым-қиғаш оқиғалар жайлы білуге ынтығып, бірнеше кітаптың басын шалды. Сондағы ойға түйгендерін ортаға салып, әңгімелеуге құмар. Жаңашылдыққа жақын, жаһан жаңалықтарына құлақ түргіш, компьютерге жетік, әдеміге құштар, әсемдік әлеміне бойлағыш, әлі де ашылмай жатқан қырлары көп, сыршыл да сыншыл жан. Міне, қысқаша айтқанда менің жанымда жүрген әріптесім осындай.

Жалпы, баспа саласында жұмыс істеген адамның салмақтанып, сабырлыланып кететін әдеті. Өйткені, бұл салада көбінесе тәжірибесі толысқан мосқал адамдармен көбірек қызметтес болуға тура келеді. Содан болар күніге Асхатты іздеп келетін адамдардың жасы да ортадан жоғары. Таңдау өзіне түскесін олардың әрбірін асықпай тыңдап, қажетін қағазға түртіп, тапсырыстарын белгіленген мерзімде тап-тұйнақтай етеді. Арқа төскейіндегі сексен жеті жылдық тарихы бар «Көкшетау» газетінің бетін жасаушы Асхат аптасына екі рет жауапты хатшы Балталы ағайымен асықпай отырып, мерзімді басылымның мәнді де мазмұнды шығуына ат салысып келеді. Әрі орыс тілінде шығатын «Степной маяк» газеті қызметкерлері компьютерлерінің кідіріссіз жұмыс істеуіне де осы жігіт жауапты. Өтінішпен келген әріптестерінің бетін қақпай, қажет уақытта көмек қолын созуға әзір. Шебердің қолына тиген әр бөлшек әжемнің ұршығындай үйіріле жөнеледі.
Асхат бұған дейін қарымды қаламгер ағасы, марқұм Мәтен Бижановтың қарамағында жұмыс істеп, ауыл адамдарының іздеп жүріп оқитын «Бұқпа!» газетін шығаруға мұрындық болды. Оның безен-
дірілуінен бастап, мақалаларын орналастыруға дейінгі сатысынан рет-ретімен өтіп, кәсіби баспагерге айналды. Жазушы Төлеген Қажыбай да редакцияға келген сайын Асхатқа жолықпай кетпейді. Өйткені, қалың оқырманға жол тартқан «Жер шоқтығы» журналының да беттеушісі осы жігіт. Жергілікті қаламгер ағаларымен араласа жүріп, өзінің де шеберлігі артып, қазақ тіліндегі мәтіндерді қатесіз теретін деңгейге жетіп қалды. Оның отыратын шағын бөлмесінде қайнаған еңбек. Өзі басып шығарған кітаптарын бір қатарға тізіп қойыпты. Қажет десең, түрлі-түсті мақтау қағаздарын да жылтыратып, жайнатып жасап берудің шебері. Той-домалаққа қажетті шақыртулар, кәдесыйлар жасауға да дайын. Бәрін шағын ғана компьютердің көмегімен жүзеге асырып отыр.
Асхаттың жас та болса, өмірге деген көзқарасы бөлек. Кәдімгі қазаққа тән аста-төк шашылу оның табиғатына жат. Тірнектеп жинағанын сүйген жарына, қос құлыншағы Рахат пен Шыңғыс ұлдарына жұмсағанды жөн көреді. Қазіргі заманға бейімделген қазақ па дерсің. Өзі нағыз қамқор әке. Ұлдарын балабақша, мектепке апарып салудан бастап, алып келуге дейінгі міндет өз мойнында. Қос құлынын жетектеп жүріп, жұмысын да ақсатпайды. Олардың сапалы білім алуына зайыбы Венера Сапарқызы екеуі ерекше мән береді. Биыл Рамазан айында ауыз бекітіп, тән тазалығына бет бұрғаны да белгілі бір белесті бағындырғаннан кейінгі тоқтамы болар деп түйдім.
Жылы ұядай жұмыс орнында беделге ие жігіттің жоспары үлкен. Еңбекқорлығының арқасында оның алатын асулары биік екені күмәнсіз.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс