Басты назарда: ауылшаруашылығын өркендету

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 14 нау-рызда Ақмола облысының активімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, кездесуге қатысушыларға жергілікті мәслихаттың кезектен тыс сессиясында кандидатурасы мақұлданған облыстың жаңа әкімі Мәлік Мырзалинді таныстырды.

Қазақстан Президенті облыс активіне арнаған сөзінде бірқатар көрсеткіштер бойынша, атап айтқанда, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, инвестициялар тарту көлемі, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы жөнінен өңір экономикасы дами түскенін айтты. Ауқымды үш дағдарысты бастан өткерсек те, еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалдық және әрі қарай дамып келеміз. Экономикалық қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік беретін ұлттық қор жинақтай алдық. Енді алдымызда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатына қол жеткізу үшін «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауды іске асыру аясындағы жаңа міндеттер тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы әлемнің жаңа нақты ахуалы жағдайында технологиялар қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін жаңа білім мен тәсілдерді қолдану қажеттігіне назар аударды. Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асырудың, өңір және бүкіл республика бойынша инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
– Таяу жылдары Қазақстанда 7 мың шақырым автомобиль жолдары салынатын болады. Өңірлердің барлығы жоғары сапалы магистральдар арқылы байланысады. Олар балаларымыз бен немерелеріміз үшін мәңгілікке қалатын болады. Сондай-ақ, әуежайлар қалпына келтірілуде. Каспийде 2 теңіз порты салынуда. Елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар жаңаша тәсілдерді қолдануды қажет етеді, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев М.Мырзалинге облыстың ауыл- шаруашылығы секторын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы кооперативін құру, ғылыми әлеуетті пайдалану арқылы өнімділікті арттырып, ауылшаруашылығына шағын несие бөлу, шағын және орта бизнесті жандандыру арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын айтты. Елбасы алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында пайдаланылатын облыстың туристік әлеуетін ерекше атап өтті. Соңында Қазақстан Президенті қатысушыларға биылғы астықтың мол болуын тілеп, көктемгі егіс жұмыстарында табысқа жетулеріне ниеттестік білдірді.


Ақмола облысының жаңа әкімі 

02

Мәлік Мырзалин 1971 жылғы 31 қазанда Ақтөбе қаласында туған. 1996 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. 2006 жылы Йель университетінің менеджмент мектебінде (АҚШ) біліктілігін арттырудан өткен. Саяси ғылымдарының кандидаты (2010 ж.).

1996-2004 жылдары — Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің референті, атташесі, үшінші, екінші, бірінші хатшысы, 2004-2006 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы, 2006-2007 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2007-2008 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2008-2009 жылдары — «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары, 2010-2011 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының аппарат басшысы, 2011-2013 жылдары — Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің жауапты хатшысы, 2013-2016 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқарушысының орынбасары, 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқарушысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. «Құрмет» орденімен (2014 ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2005 ж.) марапатталған.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс