Басты назарда – егін орағы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше, 14 қыркүйекте жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, күзгі науқандық жұмыстардың барысымен егжей-тегжейлі танысты. Елбасының сапары кезінде онымен Қазақстан Республикасының вице-премьері – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бірге болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған жұмыс сапарының аясында Шортанды ауданының ауылшаруашылығы алқабында болып, онда «Жәкен-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторларымен кездесті және жиын-терін науқанының барысымен танысты. Қазақстан Республикасының Президентіне кәсіпорынның негізгі жұмыс бағыттары мен өңірдегі аграрлық секторды қолдау шаралары туралы баяндалды. Нұрсұлтан Назарбаев өңірде өсетін ауылшаруашылығы өнімдері көрмесін аралады, онда жергілікті жағдайға бейімделген бидайдың жаңа түрі таныстырылды. Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде республиканың агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін ауылшаруашылығы университеттері базасында ғылыми-зерттеу институттарын құру қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті облыстың ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті, олар астық жинау барысы, мал шаруашылығы саласының даму қарқыны туралы айтып берді. Әңгімелесу кезінде астық жинау науқанын табыс-ты өткізу облыс шаруаларының алдында тұрған ең алдыңғы кезектегі міндеттің бірі болып саналатыны атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға және Өзбекстанға таяудағы сапарлары аясында Қазақстан астығын, майлы дақылдар мен ет өнімін экспорттауға қатысты бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілгеніне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысына шаруалар елдің ауылшаруашылығы саласына ұдайы көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылшаруашылығы саласын өркендетуге жасап отырған қамқорлығының арқасында ақмолалық диқандар да биыл бітік егін өсірді. Олар биыл 5,5 миллион тонна дән жинауды ниет етіп отыр. Бұл өрелі мақсатқа жету үшін облыстың ауылшаруашылық құрылымдарында адам күші де, техника қуаты да жеткілікті. Атап айтқанда, биылғы науқанға 8445 астық комбайны жұмылдырылған, оның 2658-і кең алымдығы заманауи шетелдік техника саналады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс