Басты назарда: құрылыс жұмыстарының сапасы

Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Өңір басшысы орталық базардағы сауда нүктесінің тыныс-тіршілігімен танысып, Православ Ғибадатханасының құрылыс жұмыстарына мән берді. «Сарыарқа» мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан тұрғын үй сапасын тағы бір пысықтап, қаланы жылумен қамтып отырған №1 және №2 аудандық бу қазандықтарының қазіргі жұмыс режимін сұрап білді. Сапар барысында облыс басшысымен қала әкімінің орынбасары Шамрат Сәдуақасов бірге жүрді.

Өңір басшысы алдымен орталық базардағы жабық сауда нүктесіне барды. Азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттарды сататын ғимарат 1986 жылы ашылыпты. Мұнда 300 сауда орны бар. 12 мың шаршы метр жерді алып жатқан сауда нүктесінде 250 адам жұмыс істеуде. Орташа жалақы көлемі 70 мың теңге. Облыс әкімі сауда нүктесіндегі тауарлардың бағасын және ассортиментін сұрап білді. «Сарыарқа» мөлтек ауданында 45 пәтерлі 5 қабатты бес үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы көлемі 2705,1 шаршы метр, 1 шаршы метрі 128 мың теңгені құрайды. Жұмыстарды «Конкурс», «Эксперт-Арсенал», «Жақия» және «Строй TEX IC» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізген. Бүгінгі күні актілер мемлекеттік комиссияға жіберілген. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударды. Тұрғындарға жайлы жағдай туғызу басты назарда болуы тиіс екендігін айтты. Биыл Көкшетау қаласы бойынша мемлекеттік бағдарламамен 10 үй пайдалануға берілмек. Келесі жылы тағы 5 баспанада тұрғындар қоныс тойын тойламақ. Облыс орталығында Православ Ғибадатханасының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онымен мердігер «НиксИнжинирингГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Жобаның жалпы құны 1,148 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2017 жылдың 4 тоқсанына белгіленген. Бүгінде жылу және су құбырларының 70 пайызы тартылған. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жексенбілік мектептің де шаруалары тәмамдалып қалған. Ғимараттың сырты қапталуда. Облыс әкімі нақты тапсырмалар жүктеді. Қаланы жылумен қамтып отырған №1 аудандық бу қазандығы сағатына 295,7 Гкал энергияға лайықталған. 3 бу қазандығы және 3 су жылытатын қазандықтары бар. Тек сұйық отынмен ғана жағылады. Қоршаған ортаны ластамау үшін 100 метрлік құбыр орнатылған. Қазір мұнда 34 адам жұмыс істейді. Осы аумақтағы №2 аудандық бу қазандығы көмірмен жағылады. Ол алдын ала екі шарлы барабанды диірменде ұсақталады. Қуаттылығы сағатына 300 Гкал. Қазір мұнда 446 адам жұмыс істейді. Облыс әкімі қалаға жылуды қалыпты деңгейде босатуды тапсырды. Сондай-ақ, жаңадан бой көтеріп жатқан жаңа үйлер де жылусыз қалмауы тиіс. Алда қаһарлы қыс келеді. Оған да дайын болу керек. «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Сергей Жуков әңгіме барысында жылу тарифін көтеру мәселесі қарастырылып жатқандығын алға тартты. Облыс әкімі атқарылып жатқан шаруаларды одан әрі ширата түсуді тапсырды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс