Бас бәйгеге – автокөлікті Қанат олжалады

9 желтоқсанда Бурабай баурайында бүркітшілердің II халықаралық фестивалі өтіп, үздік құсбегілер анықталды. Қазақстан көлеміндегі 70-тен астам бүркітшінің 50-і осы дүбірлі додада бақ сынауға келді. Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсаттардың бірі – елімізде бүркіт санын көбейтіп, жас құсбегілерді тәрбиелеу.

 DSC_0427Он екі жылдан бері республикалық деңгейде өтіп келген әйгілі саят биыл халықаралық деңгейге жеткен. Бұл сайыс әуелі Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып, Астананың 20 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Одан бөлек осы Көкше өңіріне белгілі, сонау ашаршылық жылдары бір бүркітімен бір ауылды аман сақтап қалған Мәсіп Батырханұлының құрметіне өткізілді. Сонымен Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Венгрия және Ресей қатарлы 6 мемлекеттің басын қосқан айтулы дода таңнан кешке дейін жалғасты. Турнирдің ашылуына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырəлімова, Қазақстан Республикасындағы Монғолия мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга, Венгрия Республикасының Төтенше жəне өкілетті елшісінің орынбасары Шандо Дороги жəне еліміздің ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық қауымдастықтың өкілдері мен Мәсіп Батырханұлының ұрпақтары қатысты.

DSC_0456– «Қансонар» халықаралық турнирін Ақмола өңірінде өтіп жатқан алғашқы Азия чемпионаты деуге болады. Алыс-жақыннан бес мемлекет қатысып отыр. Әсіресе, сонау Мажарстаннан келіп бақтарын сынап жатқан құсбегілерге алғысымыз шексіз. Еліміздегі алғашқы құсбегілер сайысы осы Ақмоладан бастау алған болатын. Сол кезден бері бүркітшілік өзінің жаңа деңгейіне көтерілді. Біздің басты мақсатымыз — жас ұрпақты осы дәстүрлі өнерімізге баулу болса, екіншіден, бүркіт санын арттыру, үшіншіден, бұл өнерімізді ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан мұра ретінде сақтап, дамыту», – деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспанов. Сонымен үш кезеңнен – қолға қондыру, еркін ұшыру және шырғаға шақыру сайыстарында қырандар өз алғырлығын, иесіне деген адалдығын, қияннан қиқу төгілгенде алтайы қызыл түлкіні айнымай басар жүректілігін танытты. Нәтижесінде Ақмола облысынан келген Қанат Шүленбаевтың «Сақтан» есімді қыраны ешкімге дес бермеді. Өз өңіріне, өз табиғатына ерекше бейімделгенін танытқан бүркіт сақпандай зырлап, Ақмола облысы әкімі тіккен бас жүлде – автокөлікті ұтып алды.

Соңғы бірнеше жылдан бері Қазақстанды ғана емес, Азияны аузына қаратып жүрген атыраулық Арман Қоңыровтың «Ақеділі» екінші орыннан көрініп, балақбауына 700 мың теңге байланды. Төрешілер үшінші орынға екі бүркітті лайық деп тапты. Оның бірі – астаналық әйгілі құсбегі Күнтуған ақсақалдың тұғыр иесі атанған ұлы Серікбектің «Тұйғыны» болса, екіншісі – көкшетаулық «Тұран» командасының бүркітшісі Тастанбек Бергенбайдың «Ақсеңгірі». Екеуінің жембасарында 200 мың теңгеден жүлде бар. Мәсіп Батырханұлының ұрпақтары фестиваль өтіп жатқан алаңға көшпелі музей апарып, онда даңқты бүркітшінің өмір жолымен таныстырып, атасының тұтынған бұйымдарын көрсетті.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий