Бас дәрігерлер ой бөлісті

Көкшетаудағы емдеу мекемелерінің басшылары «Ақмола медиа» орталығында «Инфаркт, инсульт, жарақаттар, қатерлі ісік, ана мен бала дерттерін интегралды басқарудың 2016-2019 жылғы Жол картасын жүзеге асыру» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарынің өкілдерімен брифинг өткізді. Оған қатысқан облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов, перинаталды орталықтың бас дәрігері Ермек Мұхамедиев, онкология диспансері бас дәрігерінің орынбасары Болат Әбішев кадрлар мәселесі, дерттердің алдын алу, өлім-жітім себептері, алғашқы медициналық көмектің пайдасы, заманауи қондырғылармен жабдықталудың жағдайын ортаға салды.

Қазақстандықтардың өмір ұзақтығы экономикалық әріптестік және даму ұйымының мүше елдеріне қарағанда 10 жылға кем. Бұл жалпы өлім-жітімнің көбеюімен байланысты. Елімізде және облыс бойынша адамдар қан айналымы жүйесінің бұзылуынан (25 пайыз), қатерлі ісіктен (13 пайыз), жарақаттар, апатты жағдайлар мен уланудың салдарынан (9 пайыз) көз жұмады. Облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғановтың айтуынша, біздің өңірде жүрек талмасы ауруы бойынша көрсеткіш жоғары. Бүгінде облыста осы дертке бағытталған 22 стационарлық ұйым жұмыс істейді. Науқастарға үш деңгей бойынша көмек көрсетіледі. Дегенмен облыс бойынша 12 кардиолог-дәрігер жетіспейді. Жаңадан сатып алынған медициналық қондырғылардың арқасында жүректегі ақауды ерте анықтауға мүмкіндік туып отыр. Соңғы 6 айда жүрек талмасының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда (34 пайыз) 15,6 пайызға төмендеген. Дегенмен асқынған түрі 7,2 пайыз күйінде қалып отыр. Сонымен қатар омыртқа жарақатын алудан мүгедек болып қалу деректері көбейген. Бұл жерде жол-көлік апаты кезінде көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің әсері көп. Сондықтан осы бағытта қазір 60 адам қайта даярлықтан өткен, маманданған. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Ермек Мұхамадиев жүктілікті және шарананың даму деңгейін ерте анықтауға мүмкіндік туып отырғанын ортаға салды. Соның арқасында аналарды тіркеуге тұрғызып, түрлі дерттердің алдын алуға болады. Биыл аналардың көз жұму дерегінің тіркелмеуінің өзі соның дәлелі. Сәбилердің шетінеуі де 24,2 пайызға төмендеген. Дегенмен облыс бойынша 53 акушер-гинеколог, анестезиолог, неонатолог маман жетіспейді. Бұл проблеманы шешу үшін мамандарды жұмыс орнында қайта оқытып, бірнеше салаға дайындауға мән беріліп отыр. Биыл облыстық балалар ауруханасының базасында 294 медицина қызметкері қайта даярлықтан өткен. Облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары Болат Әбішевтің айтуынша, жыныс мүшелерінің қатерлі ісігі 3-4 пайызға өскен. Өткен жылы рактың асқынған түрі бойынша -155, биыл 147 дерегі тіркелген. Сүт безі рагына 8 мыңнан астам әйел тексерістен өтіп, 11 асқынған түрі анықталған. Жатыр ісігіне қатысты 9 мың әйел тексерістен өтіп, 234 -де қатерсіз ісік, 2-де қатерлі ісік бары белгілі болған. Аудан, ауылдарға мамандар 7 рет сапарға шығып, 409 адамды тексерістен өткізіп, 121-де қатерлі ісіктің барын анықтаған. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері перинаталдық орталықта ауырсындырмай босандыру жолдары, медикаменттердің санын азайтуға бағытталған шаралар, узи аппараттарының жетіспеушілігі, солтүстік өңірде өлім-жітімнің көп болу себептеріне қатысты сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс