Бас жүлде – Әсияда

Қарттарды қолдау айлығы аясында «Дос-тар» мәдениет сарайында «Супер әже» байқауы ұйымдастырылды. Үш кезең бойынша сайысқан 7 әже қазіргі заманға сай екенін дәлелдеуге тырысты. Олар өз-өзін таныстырып, өнерін ортаға салып, дәмді ас дайындады. Нәтижесінде «Әсел» балабақшасының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсия Әділбекова бас жүлдені жеңіп алды.

Сахналық әсем көрінісімен, мың бұралған биімен қазылар алқасының көңілінен шыққан Көкшетау қаласындағы «Әсел» балабақшасының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсия Әділбекова бас жүлдені жеңіп алды. Орталық қалалық кітапханасының кітапханашысы Бақытжан Қалымқызы екінші орынды, №1 «Арман» балабақшасының тәрбиешісі Самал Махметжанова   үшінші орынды   иеленді. Барлық қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар берілді. 

Байқауды ұйымдастырушылар заманауи бағытқа бейімделген, соңғы үлгідегі техникамен жақсы тіл табыса алатын, немерелерімен бірге үш тілді меңгеріп жатқан әжелерді таныстыруды мақсат тұтыпты. Олардың қатарында мұғалімдер, кітапханашылар, тәрбиешілер, зейнеткерлер бар. Бірінші кезеңде әжелер өзі жайлы әңгімеледі. Әр қатысушы оған өзінше дайындалып келіпті. Бірі сахналық көрініс, слайд шоу, бейнефильм арқылы тартымды болуға тырысса, енді бірі немерелерінің қолдауына сүйенді. Екінші кезеңде әжелер өз өнерін ортаға салды. Бірі ән айтты, бірі би биледі, енді бірі шағын көрініс арқылы отбасы құндылығын насихаттады. Сүйікті әжесін қолдай келген немерелері бірге ән салды, өлең оқыды, сахналық көріністерде ойнады. Қолөнер туындыларын да қазылар алқасының назарына ұсынды. Айта кету керек, «Супер әже» байқауында бағын сынаған 7 қатысушының үшеуі – Красный Яр селосынан, «Көкше» мәдениет үйінің қызметкерлері Раиса Кәйкенова, Шәрбәну Жамалиева және №1 орта мектептің мұғалімі Айтжамал Омарова. Әжелердің жас шамасы әртүрлі. Бірақ бәрі де немере сүйіп, оларды тәрбиелеп отырған жандар. Заманауи әженің бейнесін жақсы көрсеткен «Айша» балабақшасының тәрбиешісі Алма Рақымжанова болды. Байқаудың үшінші кезеңінде қатысушылар өз қолымен дайындаған дәмдерімен қуантты. Қазақтың еті, бауырсағы, қоспасы, айранынан бастап, түрлі тәттілерге дастархан толды. Олардан залда отырған көрермен де дәм татуға мүмкіндік алды.

Гәкку БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс