Батамен ел көгереді

Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық ардагерлер кеңесі бірлесіп,   батагөй қариялардың арасында тұңғыш рет байқау ұйымдастырды.  Бұл жолғы са-йыс бата беру бойынша өтті. Бата бере білу де өнер. Соңғы кездері отырған жерінде бәтуалы әңгіме айта алатын қарттардың қатары сиреп кеткені рас. Тіпті, бата беруді сұрағанда біріне бірі сілтейтіні тағы бар. Бұл жолғы сайысқа өзгелерге айтары бар, жастарға ақылшы бола алатын аталар қатысты. Тартымды да қызықты өткен бата беру жарысы жайлы біздің тілшіміз әңгімелейді.

«Достар» мәдениет сарайында өткен сайысқа алғашқылардың бірі болып асыға жеткен 83 жастағы Еркін атамыз болды. Саналы ғұмырын кен байлығын зерттеу-ге жұмсаған қария алғашқылардың бірі болып қазіргі «Алтынтау-Көкшетау» кен орнын тауыпты. Ол кезде өзі сол кәсіпорында жұмыс істеп жүрген еді. «Мешітке барған са-
йын намыз оқығаннан кейін қариялардан бата беруді сұрайды. Бұл да өзіндік бір жарыс сияқты. Қариялар бірінен бірі асырып, тілегін арнайды. Осылайша жаттығып қаламыз. Үйде кітап-журналдарды ақтарып, батаның түрлерін жаттап алуға тырысамыз. Бір жағынан білімімізді толықтырамыз, әрі шаршы топта тосылып қалмай, сөйлеуге машықтанамыз», – дейді Еркін ата. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев қазылар алқасына жетекшілік етті. Ол кісінің айтуынша, бата беру қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі.  Тіпті, шапқыншылық жылдары жауға аттанып бара жатқан жауынгерлер елдегі қазыналы қарттардың батасын алмай, жорыққа шықпайтын болған. Алыс сапарға дайындалған  балаларға ата-анасының, үйдегі ата-әжесінің ақ тілек айтып, шығарып салуы да қалыптасқан үрдіс. Дастархан басынан бата берілмей тұрып кету де әбестік. Қол жайып, тілек тілеу қазақтың қанына сіңген қасиет. Сайысқа қатысушылардың сөз саптасына, шешендігіне, сахна шеберлігіне «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл, әнші-сазгер Иран Тасқара, филология ғылымдарының докторы Шалабай Бердібай, Науан Мүтәлләп қажы баға берді. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар туған жерге, елге бата берді. Қазылар алқасының мүшесі, ақын-сазгер Иран Тасқараның айтуынша, бата бере білу үлкен өнер. Жаттанды сөздерді емес, жаныңнан, жүректен шығарып айтуға машықтану қажет. Қай жерде, қандай жағдайда, не айту керектігін білу ләзім. Той дастарханы, өлім-жітім дастарханы, сапарға шыққандарға, жас балаға берілетін баталардың әр түрі бар. Сондықтан бұл жерде жай сөз саптасы ғана емес, мәдениеттілік те аса қажет. Біреудің көңіліне қаяу түсірмейтіндей, ойлы да есті, мағынасы терең тіркестерді айта білген жөн. Сонда ғана қария еліне, жақындарына сыйлы болады. Ұзақ-сонар созып, батаның берекесін кетіріп алмауды да ойлау қажет.  Бата беру сайысына 60 пен одан жоғары жастағы 8 қария қатысты. – Бұл байқауға ұзақ да-йындалдым дейді өз сөзінде Байтас ата.Тапсырма бойынша ол кісіге алыс жолға шығып бара жатқандарға бата беру қажет еді. Байтас ата барынша мазмұнды әрі мағыналы сөз айтуға тырысқанын ортаға салды. Қазақ халқы қашаннан отбасына келген қонақты құтты қонақ келді деп қабылдаған. Аузы дуалы, данагөй қариялар үйіне түссе, түні бойы жақсы әңгімесін тыңдап, ақ батасын алып қалуға тырысқан. Сондай-ақ, «Ата-анаңның алғысын ал, қарғысын алма» деген сөзді де жадына тұтқан. Теріс бата алсаң, өмір бойы жолың болмайды деген қағиданы да есте ұстаған. Мұның бәрі тәрбиенің бір түрі. Өте дұрыс құрал. Ата-анаңды жылатсаң, сол күні ертең өз алдыңа келеді деген ескертулер де адамды жаман жолға түспеуге үйретеді. Сондықтан батаның тәрбиелік, тәлімдік тұстары өте көп. Бата беру сайысына арнайы келіп қатысқан Қайырбек атаның жасы сексеннен асыпты. Ата жас жұбайларға ақ батасын бергенді жақсы көреді екен. Егер адамның пейілі кең, көңілі хош болса, ол тез қартаймайды дейді Қайырбек ата. Сондықтан тек жақсы тілектер айтып жүру керек.

Бата күн-түн демей, жағдайға байланысты, қай мезгіл болса да берілетін болған. Мысалы, шайқасқа бара жатқан батыр Райымбек Ханкелдіұлына анасы батаны түнде берген. Тарихи тұлғаларға берілген баталар мәтіні көптеп сақталған. «Абай» энциклопедиясында мынадай мәлімет келтірілген: «Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752). Халық арасында Шақшақ Жәнібек атанған батыр жорық алдында 126 жастағы Қаракерей Сары абыздан, 90 жастағы Тойған қариядан бата алған. 17 жаста жасында жекпе-жекте қалмақтың бас батырын өлтірген». Атақты Аңырақай шайқасында ерлігімен аты шыққан Қойгелді батырға Төле би батасын бергендігі де тарихи жазбаларда бар. Қазылар алқасының мүшесі Бақыт Смағұл алдағы уақытта жастардың арасында осындай сайыс ұйымдастыруды жоспарлап жүргендерін айтты. Қариялардың өнерін тамашалауға келген Серік есімді азамат батаның қашанда табыс әкелетініне сенімдімін дейді. Сондықтан аға ұрпақ өкілі отырған жерінде жастарға ұлағатты сөз айтқаны жөн. Күні ертеңдері олар да жақсы тілек тілеуге машықтанады. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатқан үрдіс. Байқау нәтижесі бойынша бірінші жүлделі орынға Қайырбек Әміржанұлы, екінші орынға Боқан Асқарұлы, үшінші орынға Жүнісбек Әленов ие болды. Науан Хазірет атындағы мешіт пен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі демеушілік жасап, сыйлықтарын табыс етті.

                                                 Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий