Батырдың туған күні құрметіне

  15 қарашада Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 101 жыл толды. Соған орай батыр рухына тағзым еткен көкшетаулықтар орталық саябақтағы ескерткішіне жиналды. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл іс-шараның мақсаты – қазақ халқының біртуар ұлын еске алу, оның Отан алдындағы қасиетті борышқа адал болғанын кейінгі жастарға үлгі ету, ерен ерлігі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігін тағы бір мәрте айтып өту болатын. Жиналған қауым тәуелсіз еліміздің көркейе беруіне тілектестігін білдіріп, Мәлік батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Мәлік батырдың отансүйгіштік қасиетін қанша жырласа да жеткіліксіз. Қазақ-тың ауыз әдебиетін жаңғыртып, оны көздің қарашығындай сақтау жолында аянбай күресуінің өзі ерлік. Сонау сұрапыл соғыс жылдары Мәскеу түбінде қазақ жауынгерлерін бір тудың астына біріктіріп, жігерлілік пен батылдықтың жолымен жүргізе білгені де өшпес батырлықтың нағыз үлгісі. Орталық саябақтағы даңқты жерлесіміздің ескерткішінің алдына жиналған жергілікті ұйым, мекеме, жоғары оқу орындары басшылары мен қызметкерлері, музей директорлары, ардагерлер биік тұғырда қасқайып тұрған біртуар батырдың рухына тағзым етті. Жиналғандар алдында сөз алған Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Жанат Ережеповтер батырдың асыл қасиеттерін құрметпен еске алды. 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс