Батыр Мәлік рухына тағзым

15-ші қараша Кеңестер Одағының Батыры, академик, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің туған күні. Соған орай Көкшетау қаласының орталық саябағында тұрған қазақтың маңдайына біткен ардақты ұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Отан үшін от кешкен азаматтың жүріп өткен өмір жолы баяндалып, қазақтың һас батырына тән қасиеттері жайлы айтылды. Шараға қатысқан Көкшетау техникалық институтының басшысы өзі жетекшілік ететін білім ордасына батырдың есімін беруге жергілікті зиялы қауым өкілдерінің көмек қолын созуын сұрады.

Батыр Мәлікті қанша құрметтесе де, есімін қайталап айтып, қанша жаңғыртса да артықтық етпейді. Қазақтың маңдайына біткен арда ұлдың өмірі – өнеге, батырлық жолы – үлгі. Қазіргі жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті ұялатып, туған жеріне деген құрметін арттырғың келсе, Мәлікті айт, Мәлікті жырла. Ескерткіш алдында тебірене сөйлегендер осылай деді. Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек зұлым жаумен жағаласып, қасық қаны қалғанша күресіп өткен ерлерді ел естен шығармауы тиіс десе, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев Батыр Мәлікпен қан майданда бірге шайқасқан ардагер-аталардың естеліктері жадымызда жатталған, қағазға хатталған деді. Олардың көзі тірілері жанымызда. «Арқа ажары» газетінің директоры, жазушы Жабал Ерғалиев батыр Мәліктің соғыс жылдарындағы көрсеткен әрбір ерлігін жете зерттеп, саралаудың уақыты жеткенін, кейінгі ұрпаққа соны жазып қалдыру жерлестеріне міндет екенін баса айтты. Көкшетау техникалық институтының басшысы Сырым Серғазыұлы биылдан бастап өз қабырғасында Мәлік Ғабдуллиннің батырлық жолына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру жұмыстары қолға алынатынын және ол жақсы үрдіске айналатынын ортаға салды. Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева қатысты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий