Бағалы бастамалар, тың ұсыныстар жалғасын табады

Былтыр Красный Яр селосында 18 көппәтерлі тұрғын үй мен 67 жекеменшік үй осы қазандыққа қосылды. Жалпы 9 Г калорияға лайықталған 3 қазандықтың 2-уі селоны жылумен қамтуда. Селодағы жылу мәселесін түбегейлі шешу үшін жылу желілерін тарту керек.  

Қала әкімі Ермек Маржықпаев Красный Яр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінде тұрғындар алдында жасаған есепті баяндамасында нақты нәтижелер мен сапалы өнім қорытындыларын жіпке тізді.

Іс пен нәтижені бір арнада тоғыстырып, ел көкейінде жатқан сауалдарды дөп басты. Келешекте қолға алынатын бұлыңғыр жобаларды емес, нақты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды, сондай-ақ, білім, құрылыс, инвестиция, өнеркәсіп кешені бойынша жасалған жарқын істерді баяндады. Тұрғындарды жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, тұрғын үй шаруашылығын жаңарту, қаланы көркейту және көріктендіру бағдарламаларының қалай орындалып отырғанына талдау жасады. Жол жөндеу, мектеп пен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің құрылысы мәселелерін қозғады. Былтыр Красный Яр селосында да аз жұмыс атқарылған жоқ. Бұған дейін селодағы барлық үйлерді жылумен қамтамасыз етуде қиындық туып келгені жасырын емес. Жаңа қазандықтың іске қосылуымен бұған дейін жылу жетпейтін аудандардың проблемаларын шешуге қол жеткізілуде. 18 көппәтерлі тұрғын үй мен 67 жекеменшік үй осы қазандыққа қосылды. Жалпы 9 Г калорияға лайықталған 3 қазандықтың 2-уі селоны жылумен қамтуда. Селодағы жылу мәселесін түбегейлі шешу үшін жылу желілерін тарту керек.
Село тұрғындарының билікпен екі арадағы мақсаттары бір арнадан шықты. Оны осы кездесу барысында келіп түскен сұрақтар легі растайды. Қала әкімінің есепті баяндамасында кәсіпкерліктің дамуына және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына үлкен ықпал ететін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын одан әрі қолдауға шақырып, бұл салада қол жеткен табыстарға нақты мысалдар келтірілді. Осы орайда, селода көкөністің бірнеше түрін өсіріп, отандық өнімді дамытуға үлесін қосып отырған «Құлагер-2007» жа-
уапкершілігі шектеулі серіктестігінің ілкімді істерін тілге тиек етті. Қала әкімі биыл Зеренді ауданының Қонысбай, Шағалалы селолары Көкшетау қаласының құрамына қосылатындықтан, алдағы уақытта жайылым, жемшөп мәселесі ойдағыдай шешімін тауып, ауылшаруашылығын дамытуға жол ашылатынын мәлімдеді. Кездесуде тұрғындар село ішінде су тоқтап қалатын жағдай жиі қайталанатынын алға тартты. Жасырары жоқ, қаладағы су құбырларының 70 пайызы өткен ғасырдың 50-ші жылдары пайдалануға берілгендіктен, ескіріп тозған күйде. Красный Ярдағы су құбырларының да тозығы жеткендіктен, 10 метр су құбырын жөндеу үшін бүкіл су желісін тоқтатып қоюға мәжбүрміз. Алдағы уақытта су беру желісінің кем-кетігі жөнделеді, бұл мәселе бақылауда. Селодағы мәдениет үйіне жөндеу жүргізу, аялдама маңына жол белгілерін қою, спорт алаңдарын ашу, еркін күреспен айналысатын оқушылар үшін арнайы орын бөлу мәселелері бойынша тиісті түсініктеме айтылды. Кездесуде тұрғындар тарапынан үйлер арасындағы жолдарды жөндеу, кейбір қалаішілік автобустардың жүру жиілігін үйлестіру секілді мәселелер көтерілді. Әкім бұл салаға қатысты тұрғындар талабы сұрыпталып, тиімді жақтарын ескере отырып, бағыттарға әлі де өзгерістер енуі мүмкін екенін мәлімдеді. Қала басшысы селода тыйылмай тұрған құқық бұзушылықтарды сынға алды. Осы ретте тәртіп сақшыларына шамдарды қиратқандар, ағаштарды сындырғандар мен өз үйінің айналасын таза ұстамайтындарға айыппұл салу арқылы тұрғындарды да тәртіпке үйрету керектігін айтты.
Жарыссөзге шыққан тұрғындар қала әкiмi баяндамасында нақты атқарылған iстердiң көрсетiлгенiн, қала, село iшiнде соңғы жылдары болмаған оң өзгерiстер орын ала бастағанын айта келiп, әкiм жұмысына оң баға бердi. Кездесулерде көтерілген мәселелерді қорытындылаған қала басшысы: «Айтылған мәселелер бүгін ғана туындап отырған жоқ. Сондықтан, мұның барлығы бір күнде шешіліп кетпейді», – деп халықты бірлікке үндеп, селоны бірге көркейтуге шақырды.

Краснояр селолық округінің әкімі Базарбай Әбуовтің тұрғындар алдында жасаған баяндамасында округте былтыр да ауқымды жұмыстар атқарылғандығы айтылды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру арқылы селода жаңа модульдік қазандық пайдалануға берілді. Көшелерді жарықтандыруға бөлінген 7 миллион 997 мың теңге қаражат толық игерілген. Облыс орталығына жақын орналасқандықтан село тұрғындарының екі мыңға жуығы қалаға қатынап жұмыс істейді. Тұрмысты жақсартамын, мал басын көбейтемін деген құлшынысы, еңбекке ептілігі бар азаматтарға мемлекет көмек көрсетпей отырған жоқ. Өткен жылы жұмыспен қамту орталығына жүгінген 204 адамның 140-ы жұмысқа орналастырылған. Селода 1400 бас ірі қара, 4642 қой, 569 жылқы, 241 шошқа, 2876 үй құсы өсірілуде. Соңғы жылдары Красный Яр селосы да шағын және орта бизнесті дамыту арқылы бірқатар нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Былтыр селодағы 9 тұрғын шағын несие алуға қол жеткізген. Олардың бірқатары құрылыс материалдарын өндіру, балық шаруашылығы, жылыжай, бал арасын өсіру, тігіншілік сияқты кәсіппен шұғылдануда. Осындай белсенді жұмыстар жүргізудің нәтижесінде әлеуметтік бағытта қордаланған біраз түйткіл мәселелер сәтті шешім тапты. 500-ге жуық адам спортпен айналысады. Селолық округ әкімі жастар мен жасөспірімдерді дене тәрбиесіне баулу үшін спорт алаңдарын ашу қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 140 орындық балабақша ашылып, үш тұрғын үй жөнделуде. Селода біршама оң өзгерістердің, жақсы істердің қолға алынғаны байқалады. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы жөнделмей, тозығы жеткен орталық алаңда жүргізілген көркейту жұмыстары. Алаң аумағы түгелдей асфальтталып, гүлзарлар отырғызылды, субұрқақ қалпына келтірілді. Әйтсе де селодағы абаттандыру мәселесінде тазалық мәдениеті әлі қалыптаспағандығын, жасалған дүниелерді бүлдіріп-сындыру оқиғаларының тыйылмай отырғандығын жасырмады округ әкімі.
Биыл қалың қар мезгілінен ерте және молынан түсіп отыр. Селода 35 мың шаршы метр қар шығарылған. Күзгі-көктемгі қар еріген кезде Қылшақты өзеніне жақын орналасқан елді мекендерді су басып қалу қаупі бар екендігі белгілі. Биыл қар түскен су қоймалары мен бөгеттерге алдын ала тексеру жұмыстары жүргізіліп, техникалық мүмкіндікті ескере отырып, барлық шаралар дер кезінде атқарылған. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында үздіксіз мониторинг жүргізіліп, елді мекенге қауіп төндіретін көпірлер, бөгеттер бақылауда ұсталғандығын жеткізді. Биыл селода Мир, Шәкеев, Салахов көшелерін жөндеу, Ленин көшесінде жаяу жүргіншілер жолын салу, Элита, Автобаза поселкелерін сумен қамту, Ленин, Киров, Заречный көшелеріндегі екі тұрғын үйдің кәріз жүйелерін қалыпқа келтіру көзделіп отыр.

Барлық мәселелер
кезең-кезеңмен шешіледі

Көкшетау қаласындағы №1 және №21 орта мектептерде өткен қала әкімі Ермек Маржықпаевтың тұрғындармен есепті кездесулерінде емен-жарқын әңгіме болды. Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылдың еншісіндегі жоспарлар ортаға салынды. Өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойған тұрғындарға тұшымды жауап берілді. Шаһар басшысы нақты шешілетін мәселелерге нақты жауаптар беріп, келесі жылдардың еншісінде қалатындарға қатысты да түсіндірді. Халықты көбінесе жолдардың жөнделуі, аулалардың қалыпқа келтірілуі, балалар алаңдарының салынуы, көшелердің жарықтандырылуы толғандырады екен.

№1 орта мектепте өткен кездесу барысында тұрғындар алдымен ауыз судың сапасы сын көтермейтінін айтты. Бұл қордаланған мәселенің шешімін күткеніне ондаған жылдың жүзі болды. Түбіне тұнба жиналатын лай суды ішпек түгілі, кір жуудың өзі қиындап кеткен. Өйткені, ақ түсті киімдер сарғайып кетеді. Тұрғындар талай жыл таза суды тасып ішіп келеді. Бұған қатысты қала әкімі Ермек Маржықпаев су қоймасының сүзгілерін жөндеуден өткізуге 6 миллиард теңге қажет екенін айтты. Өткен жылы «Европа Даму» банкімен келіссөздер жүргізілген. Сең аздап қозғалды. Дегенмен ол биыл толық шешіледі деп айту ерте. Уақыт керек. Әуелбеков көшесі мен Орталық емхана қиылысында орналасқан «Арбат» сауда үйінің санитарлық тазалықты сақтамай келе жатқанына сол жердің тұрғындары ренішін білдірді. Бос жәшіктерді дүкеннің сыртына терезеден лақтыратынымен қоймай, оны уақытында жинамайды. Сол маңда балалардың ойын алаңын да тарылтып жіберген сауда үйінің иелеріне бір шара қолдануды сұраған тұрғындардың назы назарға алынатын болды.
Құдайбердиев көшесіндегі №35 үйдің жертөлесі қысы-жазы суға толып тұрады. Оны сорғызатын техника жоқ деген желеумен «Көкшетау Су Арнасы» мекемесі жауапкершілікті өз мойнына алғысы жоқ. «Алмаз» пәтер иелері кооперативіне қарасты үйдің иесіз қалғанына талай жылдың жүзі болған. Осы маңдағы хоккей кортының иесіз жатқаны да арқаға аяздай батады. Балалардың бос уақытында ойнайтын алаңы бақылауға алынып, қыста мұз айдыны, жазда доп тебетін орынға айналса деген ұсыныс та тасталды. Бұл жағдайды тиісті мекемеге шешу тапсырылды. Балалары №1 орта мектепте оқитын ата-аналар осы маңда түрлі спорт үйірмелері қамтылған кешен ашылса деп армандайды. Өйткені, «Бурабай», «Триатлон», «Қажымұқан» сияқты ірі спорт кешендері орталықтан қашық орналасқан. Балалардың жүріп-тұруы қиындау. Қала әкімі бұл мәселе жуырда шешілмейтінін айтты, бірақ жоспарда бар. Облыс орталығы шағын болғандықтан, бір басынан екінші басына 15-20 минутта жетуге болады. Сондықтан бұл күрделі мәселе деу ақылға сыймайды. Красный Яр трассасы бойында салынып жатқан үйлердің тұрғындары қыс бойы қардан азап шегіп келетінін айтты. Жол уақытында тазартылмайды. Жақында ғана жедел жәрдем көлігі Шоқты көшесінде тұратын қарияға уақытында көмек беруге үлгере алмай, науқас адам көз жұмған. Ал, жол ашатын техника тек жеті күннен кейін ғана келген. Мұндай қайғылы оқиғаларға енді жол берілмеу үшін осындай инфрақұрылымы шешілмеген шалғай аудандардың тұрғындарына да өздері бірігіп, өз мәселесін шешуге тырысу қажеттігі ескертілді. Қала орталығындағы үй аулаларында орналасқан гараждарды сыртқа шығару, шатырларды жөндеу, тротуарларға құм төсеу, жер учаскелерін беру туралы да сауалдар қойылды. Мұның бәрі кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын шаруалар. Ал, кезек күттірмейтіндері көктем шыға қолға алынады. №21 орта мектепте өткен есептік кездесуде де тұрғындар тарапынан сауалдар қойылды. Жеңіс көшесінің бір бөлігі күрделі жөндеуден өтіп, «Ескі ет комбинаты» аталатын бөлігі назарға алынбай қалды. Қуанышев көшесінің оң қапталында тұратын тұрғындар қалалық мәслихаттың депутаты Жанат Әбішевтің атына өтініш хат жолдап, қол жинап, тапсырған. Бұл көшенің ойдым-ойдым жолдарында көлікпен жүру қиын, ал көктемде төбеден төмен қарай еритін қар суы аулаларға кіріп, жұрттың берекесін қашырады. Бұл ауданда балалар алаңы да жоқ. Ойын баласы жаз бойы көшенің дәл ортасын футбол алаңына айналдырады. Көлік жүргізушілеріне де жүріп-тұруға ыңғайсыз. Бұл мәселелерді қала басшысы Ермек Маржықпаев депутаттар назарға алып, егжей-тегжейлі тексеруді тапсырды. Егер қаржы мәселесі қолбайлау болмаса, жөндеу жұмыстарының жүргізілуі әбден мүмкін. Ата-аналар тарапынан №21 орта мектептің алдына кедергі жолағын орнату және «Жайлау» мөлтек ауданына апаратын жолдың бойына тротуар салу туралы өткен жылғы есепті кездесуде өтініш тасталған еді. Бұл мәселе оң шешімін тапты. Осыған орай ата-аналар тарапынан қала басшысына алғыс айтылды. Зеренді саяжайларынан жер беріліп, өзіне баспана тұрғызып жатқан тұрғындар қыс бойы жол азабын тартып келе жатқанын ортаға салды. Республикалық маңыздағы жол бөлігіне ешкім жауапты емес көрінеді. Жол тазартатын техника жергілікті мекемеден ол маңда жұмыс істеуге міндетті емес. Қала әкімі мұндай күрделі мәселелерді бірден шешу қиындық туғызатынын айтты. Дегенмен қол ұшын созу – адамгершілік парыз. Ермек Боранбайұлы тұрғындардан өз қаласына жанашырлықпен қарауды сұрады. Қираған аялдамалар, қолды болған безендіргіштер, сынған шамдар бәрі-бәрі сырттан келетіндерден емес, жергілікті бұзақылардың ісі. Сондықтан мұндай әрекеттерден бойын аулақ ұстауға, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу керек.

Қала әкімінің есептік кездесулерінен репортажды дайындаған арнаулы тілшілеріміз: Серік Сапарұлы, Әсем Жүніс, Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Красный Яр селосында тұратын оралман Мұқатай Мейрамбек:

– Қазақстан тәуелсіздік алған соң атамекенімізге оралуды ұйғардық. Қандастарымыз бізді құшақ жая қарсы алып, еңбекке орналастыруға, мамандық алуға, мемлекеттік тілді оқып-үйренуге айтарлықтай көмек көрсетті. Біздер үшін Красный Яр селосының жанында «Нұрлы көш» поселкесі салынды. Қазір онда 274 отбасы тұрып жатыр. Жаңа мөлтек ауданда фельдшерлік-амбулаториялық емхана, полицияның тірек пункті, сауда павильоны жұмыс істейді. Автобус қозғалысы қалыпқа келтірілген. Мектеп жасындағы балаларымыз Красный Яр селосына арнайы бөлінген автобуспен барып-келіп оқиды. Мемлекет басшысының қамқорлығымен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мен де өз бағымды сынап, 2015 жылы арнайы несие алдым. Осы жобаның көмегімен жеті жылдың ішінде Ақмола облысына 7 мыңдай жас маман келгендігін естіп білдім. Бұл өте қуанышты жағдай.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс