Бағаға кім бұғау салады?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің жақында өткен отырысында азық-түлік тағамдары мен дәрі-дәрмектің бағасын қатаң қадағалау жұмыстарын ширату үшін салалық министрліктерге, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырма берген. Алайда, берген нұқсау сөз жүзінде қалмай, жеріне жеткізіле орындалса екен дейміз.

Халықтың күйі жақсарып, әл-ауқаты бұрынғыдан әлденеше есе артты деп бөркімізді аспанға атсақ та, базардағы баға өсімі жанымызға қатты бататынын несіне жасырамыз. Бойжеткен қызыңды ұзатып, не ұлыңды үйлендірейін десең, қорада малың немесе ұршықша айналдырған бизнесің болмағандықтан амалсыздан кредитке ұрынасың. Байқап қарасақ, кредит деген пәлең лапылдап жанып тұрған от екен. Банктегілердің пайызы аздау деп алдаусыратқанына нанып, кейін өле-өлгенше қарызға белшеден батып шыға келеді екенсің. Бұл өз басымыздан өткен жағдай болған соң еске салып отырмын. Өйткені, әуелде «алар несиеңе небары 17-18 пайыз ғана үстеме төлейсіңдер» деген пәтшағарлар кейіннен бұл соманы 90-100 пайыз етіп отырғандарына тап өзім куәмін. Сондағы олардың тапқан сылтаулары: «Біз несие пайызын азайтқанымызбен, әр облыстағы филиал есебінен болғандықтан, алматыдағылар бұл цифрды үстемелеп көтеріп жіберді». Ендеше әуел баста осындай былық-шылықты қарапайым халыққа жасырмай неге айтпасқа?!
Күнделікті ішіп-жер нан мен сүтіңді мысалға келтірмей-ақ, жаздың аптап ыстығы саналатын мына шілде айындағы бағаға назар аударайықшы. Анада былайғы жұрт «Хасеновский» деп атап кеткен қаланың оңтүстік-шығыс жағындағы «Жеке батыр» базарына барып, көкөніс түрлерінің бағасын сұрастырсақ өзгені сөз етпегенде картопты 160 теңгеден, қызанақты – 600, пиязды 100 теңгеден сатып тұр. Арзандау деген қиярдың бағасы да удай. Удай дейтінім, қаланың әр қалтарыс, бұлтарыстарында өз саяжайларында немесе жекеменшік үй қасындағы бақшасында өсірген қиярды бұрынғы тілмен жеткізгенде «алыпсатарлар», қазіргі жасы еңкіш тартқан кемпір-шалдар килосын 600, тіпті десең 700-800 теңгеге бағалап, сатып отырғанын көзіміз көрді. Әйтеуір күзге салым уақыт болған соң картоптың әуелгідегі бағасы 270 теңгеден 150-170 теңгеге дейін түсіпті. «Ет десе бет бар ма», дейтін қазекең сорпа-сусыз отырған ба! Бірақ ауылдық жерде тұрмағандықтан қала жатақтарының бәрі бірдей қазы-қарта, жал-жаяға қарық болып жатқандары шамалы. Ол да бағаға байланысты. Жылқы етін тілге тиек етпегенде қара мал мен қойдікі де қазір сол бағадан кем емес. Ендеше онсыз да «минималкамен» зейнетке шыққан былайғы ағайын тауық еті (окорочка) мен жұмыртқаны өңештеріне талғажау етпегенде қайтпек?!
Коммуналдық баға да өсіп барады. Тіпті жаққан электр жарығына, пайдаланған жылу мен суыңа, қоқысты тазалап төккеніңе, пәтерақы мен телефонмен тіл қатысқаныңа, саяжайың мен гаражың болса – оған, мінген автокөлігіңе шейін ақы төлейсің. Автокөлік демекші, кеңес заманында сатып алған, отыз жылдан асқан «Жигулиіме» әлі күнге дейін салық төлейміз. Әр апта сайын орталық моншаға барып, жуынып-шайынып отырғанда жастың да, кәрінің де бүгінгі тіршілік жайында айтар әңгімесі мынау: «Асылық қылмайық, әйтеуір үкіметке рахмет, жыл сайын адамдардың зейнетақысын, жалақысын өсіріп жатыр. Әйткенмен мына іргедегі Астана қаласында тұратын зейнеткерлерге біршама жеңілдіктер бар көрінеді. Тіпті олар қалааралық автокөліктерде де тегін жүреді екен». Оны айтасыз, өзге елдерде, анау Түркменстанда ешкім электр жарығына, газға да ақы төлемейді деп естиміз. Ал Алманияда жасы зейнетке жетпесе де, жұмыс істемейтіндердің өзіне үстеме ақы төлейді екен.
Естіген құлақта жазық жоқ. Бірақ дейсің-ау, қаладағы жекеменшік те, жартылай мемлекет бюджетіне қарасты моншаларда баға неге әртүрлі? Тіпті орталық монша саналатын «Тамашада» сенбі, жексенбі демалыс күндерін былай қойып, мереке күндері неліктен зейнет жасындағы адамдардан толық бағамен (күнделікті 200-300 теңге емес) 500 теңгеден есеп айырысады? Ал, тап қазіргі жаздың аптап ыстығында осында парға жылынып, соғынатын қайыңнан жасалған сыпырғышты 600 теңгеден сататындықтары не сұмдық? Осы жайында шағымдана бастасаң, қазіргі баға сондай ғой дейді мұндағылар аузы-мұрны қисаймай. Кезінде қаладағы дәріханаларда дәрі-дәрмектердің де бағасы екі-үш еселеп өскендігі жайлы жазған болатынбыз. Ендеше оны қайталамай-ақ қояйық. Ал, саяжайда терген, сатып алған жеміс-жидек қоспасын қысқа әзірлейін десең қанттың бағасы да сын көтермейді. Бұған дейін 2200-2500 теңгеден сатылып келген 25 килолық қанттың бүгінгі бағасы – 6600 теңге. Бензиннің бағасы да сондай.
Пенде болған соң, әрі жасың жеткесін ауырып-сырқамайтын жан табылмас тегі. Бұрындары 60-қа толған екенсің, қолыңа «Еңбек ардагері» кітапшасын ұстатып, кеудеңе медаль тағатын. Ал, қазір 60 түгілі 70-ке жетсең де, одан ассаң да дәнеңе жоқ. Ондайды бүгінде «қолы ұзындар» алады, қолы қысқалар тысқары қалады. Санаторий, не басқа емдік шипажайларға жолдама алу үшін «не соғыс ардагері болуың керек, не денсаулығы себепті мүгедек атануың» керек. Әйтпесе Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бөліміндегі қызметкерлері қолмен су қармағандай сыпайы шығарып салады.
Иә бәрін айт та, бірін айт демекші, заман сәт сайын өзгеріп, тұрмысымыз кешегі күнмен салыстырғанда әлдеқайда жақсарып келе жатқанымен бүгінгі тіршілік барысындағы кейбір кикілжің жәйттер осындай. Онсыз да талай теперішті бастарынан өткізген барша қауымның жоғын жоқтап, мұңын шағып айтары: Бағаға тоқтау бола ма, оған бақылау жасайтын тірі жан табыла ма? Кәне, ойласайықшы, кім бұған жауап берер екен?!.

Сайлау Көшкенұлы,
Қазақстанның құрметті журналисі, сатирик жазушы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс