Биыл астықтан мол өнім жинауға мүмкіндік бар

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен кеше Есіл ауданында «2016 жылғы егін орағына дайындық және оны ұйымшылдықпен өткізу жөніндегі міндеттер туралы» облыстық агро-кеңес болды. Оның жұмысына аймақтың екі жүздей ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілері мен ғалымдар қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Мұрат Балпан баяндама жасады. Оның айтуына қарағанда, барлық егіс көлемінің 87 пайызындағы егіннің шығымдылығы көңілдегідей. Соның нәтижесінде биыл 5,1 миллион тонна өнім жинауға мүмкіндік бар екен. 28-29 тамызда облыстың барлық аудандары жаппай егін орағына кіріседі. Бұл жұмысты жоғары агротехникалық дәрежеде атқарып шығу үшін 8,5 мың комбаин қатыстырылады. Облыста дизельдік отынның 60 пайыздай қоры бар. Биыл жаңа егіннің өнімін 62 астық қабылдау кәсіпорны қабылдай алады. Ондағы жалпы сыйымдылық 3,9 миллион тонна. Жиында А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының директоры Жексенбай Бараев 2016 жылғы егін орағын өткізудің технологиялық ерекшеліктерін айтып берді. «Казгидромед» болжамына қарағанда қыркүйек-қазан айларындағы температура нормадағыдан 1-2 жоғары болады. Сондықтан да астық жинауды қолайлы жағдайда өткізуге толық мүмкіндік бар. Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі
Сергей Кулагин 30 тамызға дейін барлық техниканы толық жөндеуді аяқтап, субсидияны дер кезінде пайдалануды тапсырды. Ал, астық қабылдау кәсіпорындары 1 қыр-күйекке толық дайын етілуі керек.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс