Бокс және қазақ тілі

Тілдің берер қуаты мен рухы, сыйлар әсері мен сыры туралы айтып жатудың өзі артық. «Оған бокстың қандай қатысы бар, жарқыным?!» деріңіз кәдік. Алайда, бокс – бүтін халқымыздың аса сүйетін спортының түрі. Әлемге атымызды шығарып, қазақ деген осындай қайсар да рухты, айдаһардай қуатты да әбжіл, жолбарыстай жүректі де қайратты, ақылды да қаһарман бір халықтың бар екенін танытып отырған өнеріміздің бірі. Демек, шаршы алаңға шығып, ойнақтап жүріп қарсыласына «ойран» салатын оғландарымыз – біздің бетке ұстар батырларымыз. Әлемнің әр түкпірінде Қазақстанның Әнұранын ойнатып, Көк байрағын желбіретіп жүретін жаужүрек жігіттер жастарға үлгі. Айтпағымыз – жастар оларға еліктейді, олардың іс-әрекеттерін қайталайды, соларға қарап бой түзейді.

Sapiev-NNMTS-OSMS-1-1

Жақында ғана, «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» атты хабарға олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев қатысты. Риза болғанымыз сол – Серік бауырымыз кәдімгідей қазақша сөйлеп, төселіп алыпты!.. Чемпион болуға жараған жігерлі жігіт осы жолынан таймаса, енді біраз уақытта алдымызда қазақ тілінде есіп сөйлеп, мерейімізді үстем етер!.. Ол Отанға олжа әперген, ерлік жасаған ұлан ғой. Оны тыңдаған жастар өздерінің түк бітірмей-ақ ана тіліне мұрынын шүйіріп, шүлдірлеп жүргеніне қарадай қысылар. Ата-ана: «Балам-ау, депутат, чемпион жастар да қазақ тілін үйреніп, сөйлеп жүр ғой», – деп ескерту айтар.
Әлгі хабарды көріп, айым оңымнан туғандай қуанып, жақын-жуық, дос-жараныма сүйінші сұрап хабарласып жүргенімде, еліміздің ең үлкен газеті «Егемен Қазақстанға» (№144, 31 шілде, 2017 ж.) 2013-2014 жылдардың қорытындысы бойынша 2 мәрте дүние жүзінің ең үздік жаттықтырушысы атанған Мырзағали Айтжанов туралы «Бас бапкер» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Еліміздің небір сайдың тасындай жігіттерін іріктеп алып, небір дүлдүл боксшыларды дайындап жүрген жігіттің ұлттық ұстанымына, қазақ тіліне деген құрметіне дән риза болғаным! Құраманың күнделікті дайындығы Қазақстанның Әнұранынан басталады екен. Құраманың жиналыстары қазақ тілінде өтеді. Левит, Пинчук, Дычко сияқты саңлақтар Әнұранға қосылып, күнделікті араласудың арқасында  қазақ тілін түсінетін жағдайға жетіпті. Мырзекең даңқты қолбасшы, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлын ерекше қадір тұтады екен де, оның: «Тәртіпке бас иген құл болмайды», – деген қанатты сөзіне жүгінетін көрінеді. Ана тілдің арқасында құрамада үлкенді сыйлау, намыс, жігер, ұят деген түсініктер алда тұрса керек-ті. Бас бапкер «Абай жолын», «Көшпенділерді», «Ақиқат пен аңызды», «Аласапыранды» оқыған, өзі де күнделігіне көңіл толқытқан мәселелерді жаза жүретін азамат болып шықты. Демек, біздің боксшыларымыз тек керемет техника мен тактика, шынығу, үйрену, табан тіресіп, төпелеп төбелесудің ғана емес, ұлттық намыстың, Отан алдындағы борышты сезінген ғаламат әсер-сезімнің арқасында да жапыра жеңіп, жеңіс тұғырына көтеріліп жүр! Оған бастап отырған – тіл, қасиетіңнен айнала-
йын қазақ тілі, ана тіліміз!.. Бәрекелді, жарайсыңдар, жігіттер!

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс