Болаттай мығым Болат аға

М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана жанындағы «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының бұл жолғы қонағы белгілі қоғам қайраткері, ел ағасы Болат Жанәділов болды. Биыл сексеннің сеңгіріне шығып отырған ардақты ағаға арналған электрондық басылымды кеш қонағына кітапхана директорының орынбасары Қуаныш Оспанов табыс етті. Жиынды «Алтын Арқаның» төрағасы Серік Жетпісқалиев жүргізді.
Елу жыл дәрігер, оның ішінде көп уақыт облыстық аурухананың бас дәрігері, облыс әкімінің орынбасары, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған ардақты ағаның, әрине, айтары көп. Ол тек лауазымды қызметкер ғана болып қойған жоқ, қашан болмасын жұртына жанашыр, ана тіліне қамқор күрескер, қайраткер де болды. «Мынау менің жұмысым, мынау менің жұмысым емес» деген кезі жоқ. Қиналғанға қолын созды, жазықсыз жапа шеккендерге ара түсті, ел намысын, жер намысын жанын сала қорғады. Тіпті, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де сол ғадетінен жаңылған жоқ. Мәселен, Көкшетаудағы мың жарым орындық сәулетті, салтанатты мешітті салдыруға көп еңбек сіңірді, күн-түн, ерте-кеш демей, басы-қасында жүрді.
– Болат аға Елбасының жаңа жарияланған мақала, үндеулері, Президенттің Жолдаулары сияқты еліміздегі атаулы құжаттар мәнісін түсіндіру, насихаттау ісіне, жастар тәрбиесіне де белсенді араласумен келеді. Шын мәнісіндегі қоғам қайраткері, қоғам белсендісі, – деп түйді сөзін Серік Сапарұлы.
Болат Сүлейменұлы өзінің еңбек жолынан әртүрлі кезеңдерде басынан өткен оқиғаларды қызықты әңгімелеп берді.
Жиын үстінде кітап-хананың өлкетану секторы-ның меңгерушісі Аида Амангелдинова қонаққа арналған «Толағай тұлға» атты электрондық басылымды, кітапханашы Марал Әлжанова «Ердің сәні – еңбек» көрмесін таныстырды. Оның замандастары Тельман Мұқышев, Алтай Нұрғасымұлы, Баян Байлина, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтер сөз алып, қонақтың мінез-құлқын, қыр-сырын аша түсті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий