Болашағын ойлаған ару ана

Науан хазірет мешітінің жанынан құрылған «Ізгі аналар» мектебінің ұйымдастыруымен Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын жас өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Ұлтқа өнеге болған асыл аналар!» атты рухани-танымдық іс-шара болып өтті.
Рухани кештің шымылдығы Абайдай ұлы дананы бала кезінен тәрбиелеп, ұлттың анасына айналған – Зере әжеміз жайлы қойылыммен ашылды. Зере әжеміздің бейнесін Алтынай Есенәлиева сомдады. Қазақ аспанында құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Шоқандай жасқа өнеге берген Айғаным анамыз туралы дерекнамамен жалғасын тапты. Бір сәт сахнаға Бопай ханым шықты. Кешегі қазақтың азаттығы жолында Кенесары ханмен иық тіресіп, жауға қарсы шыққан Бопай есімі ерлік пен батырлықтың символындай айшықталды. Оның бейнесін әсерлі етіп жеткізіп, өмірінің өнегелі тұстарын зерделеген «Ізгі аналар» мектебінің мүшелері Айгүл Жұмабекова және Бақытгүл Аужанованың қойылымдары да сәтті шықты. Күнімжан, Домалақ аналарымыздың даналығы мен даралығын да тарихи деректермен ұсынған «Әз аналар» мектебінің мүшелері салиқалы ойға негізделген көрсетілімді ұсынды. Бұл терең мағыналы көрсетілімдердің арасында сергіту сәті ретінде ұмытылып кеткен қазақтың ұлттық ойындары: «Бес асық», «Білек сынасу» сайыстары ұйымдастырылды. Сонымен бірге, ерлер қауымы үшін ойнатылатын арқан тартыс ойынын тапқыр аналарымыз қыздарға арнап, «Оқтау тартысу» деп өзгертіпті. Ойыннан кейін өзара жеңімпаздарды анықтасты. Аналарымыз қазақтың ұлттық киімі мен кимешектерін киіп келіп, жастарды тамсандырып, арнайы келген қонақтар ұлттық сусындар мен тағамдардан дәм татысты.
Шара соңында сайысқа қатысқандарға кішігірім сыйлықтар үлестіріліп, «Ізгі аналар» мектебінің белсенді мүшелеріне «Асыл аналар» кітабы табыс етілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий