«Болашақтың энергиясы» саммитіне қатысты

Қазақстан Президенті мерейтойлық саммит жұмысы аясында болашақтың энергиясы саласындағы «Zyed Future Energy Prize» халықаралық сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты. Сыйлық 2008 жылы тағайындалды және Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінде, Абу-Дабидің тұрақты даму аптасы аясында әмірліктің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның атынан жыл сайын табыс етіледі. Сыйлықты 5 аталым бойынша Біріккен Араб Әмірліктері басшылығының қатысуымен шет мемлекеттер басшыларының бірі табыстайды. Биыл мұндай құрметке Нұрсұлтан Назарбаев ие болды.

Мемлекет басшысы саммит саясаткерлердің, ғалымдар мен сарапшылардың энергетика саласында және энергияны үнемдеу ісінде таза технологияларды дамытуға ықпал ету бағытында жүріп жатқан жаһандық диалогының маңызды бөлігіне айналғаны, 2015 жылы жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігіне жұмсалған инвестицияның мұнай-газ саласына салынған инвестициямен алғаш рет теңескеніне назар аударды. Елбасы бүгінде ешбір ел «қазірше дами бер, экологиямен кейін айналысамыз» деген формуламен өмір сүре алмайтынына тоқталып, планетаның энергетикалық-экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сценарий қажет екеніне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасыр энергетика саласындағы серпінді шешімдер дәуірі болуы қажет екенін айтып, бұл тек энергетика саласының даму векторын ғана емес, планетамыздың алдағы мыңдаған жылдардағы тағдырын анықтайтын кезең болуға тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы саммит жұмысы ұлттық «таза» энергетикалық саясаттың әзірленуі мен белсенді түрде енгізілуіне себепші боларына сенім білдіріп, энергияның жаңа көздерінен пайда таба білу қажет екенін жеткізіп, энергетикалық трендтердің көлік саласына да ықпал етіп отырғанына тоқталды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев саммитке қатысушыларды еліміздің былтыр электромобиль шығаратын өз өндірісін бастағанын және оны келешекте кеңейте түсуге, сондай-ақ, электрлі автобустар шығаруды қолға алуға ниетті екенін жеткізді. Қазақстан Президенті жаңартылатын энергия ұраны арқылы әлем елдерінің көбінің басын біріктіре алған Халықаралық жаңартылатын энергия көздері жөніндегі агенттіктің қызметіне тоқталды, сондай-ақ, энергияның таза көздерін қаржыландыру ісінде «жасыл» қаржы маңызды рөл атқаруға тиіс екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев баламалы энергетика мен қоршаған ортаны қорғау ісі ядролық әскери бағдарламалардан бас тартумен байланысты болуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбіт атомды қолданудың жақтаушысы екеніне назар аударып, 2015 жылы МАГАТЭ біздің ел аумағында Төмен байытылған ядролық отын банкін құру туралы шешім қабылдағанын еске салды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті биыл еліміздің астанасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізетінін, көрме аяқталған соң оның инфрақұрылымы базасында жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасатынын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде «ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында БҰҰ-ның қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құруды ұсынғанын айтты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Жасыл технологияларды дамыту жөніндегі орталықтың бірлескен қызметі аймақтағы «жасыл» облигациялар мен ислам қаржы саласының дамуына серпін беруге тиіс. Қазақстан Президенті таза энергетиканы дамыту саласындағы бастамалар ынтымақтастық үшін берік негіз бола алатынын атап өтті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс