Болашаққа – нық сеніммен

Ақмола облысының іскер әйелдер ассоциациясы «Біз Қазақстанның жаңа ұрпағымыз!» атты жастардың бизнес-форумын өткізді.

Шарада алдымен Ақмола облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жанынан құрылған «Жас қанаттар» ұйымы көпшілікке таныстырылды. Бұл жеке кәсібін бастауға ниеті бар жастар мен старт-ап жобаларды қолдау және жаңа есімдерді анықтау мақсатында қолға алынған. Биылдан бастап жұмыс істей бастаған жаңа ұйымның әзірге 30-ға жуық мүшесі бар. Алдағы уақытта олар табысты кәсіпкерлерді қатыстыра отырып, бизнес тренингтерді ұйымдастырумен айналыспақ. Шара барысында Алматы және Астана қалаларынан келген табысты кәсіпкерлер бизнес-те жетістікке жетудің жолдарымен бөлісті. Олар келтірген мәліметке қарағанда, көп жағдайда старт-ап жобалар жұмысының алғашқы жылында-ақ, сәтсіздікке ұшырап, кәсібін тоқтатуға мәжбүр болады. Себебі, жеке кәсібін жаңадан бастаған азаматтар бірден табысқа жетуді көздеп, бірнеше бағытты қамтығысы келеді. Бірақ, бәрі бір мезетте бола қоймайды. Сондықтан, алдымен жеке кәсіпті кезең-кезеңімен жоспарлап, мемлекеттік бағдарламаларға да қатысу керек.
Ақмола облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жастарға арналған көптеген игі жобаларға бастамашы болып келеді. Қазірдің өзінде қауымдастық жанында бірнеше жастар клубы жұмыс істеп тұр. Енді оның аудандардағы филиалдарында да «Жас қанаттар» ұйымы құрылатын болады. Осылайша, жеке кәсіппен айналысқысы келетін өңір жастары үшін бизнес-тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылмақ.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий