Болашаққа – нық сеніммен

«Достар» мәдениет сара-йында облыстық жастар форумы өтті. Бұл күні бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Оған облыстағы мекеме-кәсіпорындар, компаниялар, екінші деңгейлі банктердің өкілдері, орта және жоғары оқу орындарының түлектері мен студенттер қатысты.

Бүгінгі таңда қала бойынша 500-ге жуық бос жұмыс орны бар екен. Осы жолғы шараға 76 ұйым 376 жұмыс орнын ұсынған. Бұл жыл басынан бері өткізілген үшінші бос орындар жәрмеңкесі. – Форумның ең басты мақсаты – өзекті мәселелерді жан-жақты  талқылап, оның шешу жолдарын іздестіру. Бұл алаңда  жұмысшы жастардың қызметі тек өнеркәсіпте ғана емес, облысымыздың қоғамдық және саяси өміріне араласып, өздерінің кәсіби дамуына жағдай жасауға бет бұрамыз. Бүгінгі шарамыз негізінен медицина, техникалық мамандыққа оқыған жастардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді мақсат етіп отыр. Санаулы күндерден кейін университет қабырғасынан ұшқалы отырған бұл жастар қоғамнан өз орындарын табарына сенім мол»,  – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Инна Адам.

Бүгінде облыстағы ірі өндіріс ошақтарында 2 жарым мыңға жуық жас маман еңбек етуде. Ал, мемлекеттік қызметте 1200, шағын және орта бизнесте 4500, банк қызметінде 700-дей жас азамат бар. Білім беру саласында тағы 4 жарым мыңдай жас педагог еңбек етуде. Кадр жетіспеушілігі де форумның өзекті тақырыбы болды. Бүгінгі таңда облыстың денсаулық сақтау саласына 376 маман, білім саласына 150 маман жетіспейді. Сонымен бірге, эколог, агроном, құрылысшы, электрик және механик мамандар тапшы. Дегенмен, бұл мәселені шешу үшін жыл сайын облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы беріліп келеді. Былтыр шәкіртақы алған жастардың саны 276-ға жеткен. Өңірдегі оқу орындары еңбек нарығының талаптарына жауап беретін кәсіби құзыретті мамандар даярлауда. Қолдарына түйіндемелерін ұстаған түлектер өздерінің мамандықтарына сай келетін мекеме-кәсіпорын өкілдеріне жолығып, толғандырған сауалдарына жауап алды. «Шараға тұрақты жұмыс орнын табу үшін арнайы келдім. Төрт мекемеге түйіндемемді тапсырдым. Ондағы қызметкерлердің айтуынша, бұл жұмыс орындарында жас мамандарға қолайлы жағдай туғызылады. Жалақысы да жаман емес. Енді бұйыртса, төрт-бес жыл бойы оқыған-тоқығанымды ел игілігіне жұмсайтын боламын», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  студенті Ерхан Дулатұлы.

Ақмарал АЙҒАРА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий