Болашаққа – үміт, жастарға – сенім

Көкшетаудағы Неке сара-йында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өңірдегі көшбасшы жастармен жүздесті. Шараға жастар ұйымдарының белсенділері, жас отбасылар, жоғары оқу орындарының студенттері, оқушылар қатысты.
Облыс басшысы Мәлік Мырзалин жастарды қолдау мақсатында өңірде жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқталып өтті. «Менің ойымша, біздің облыстың жастары өте белсенді. Қазір аймағымызда жастар ұйымдары өз міндеттерін тиісінше орындап келеді. Өңірде 150 мыңға тарта жастар тұрып жатыр. Оның жартысына жуығы ауылдық жерлерде. Облыста жас-тарды қолдау үшін жасалып жатқан игі істер аз емес. Былтыр 1400 ақмолалық жастар республикалық грант иегері атанды. Оның 500-і техникалық мамандықтарға оқып жатыр. Сіздерге оқуда да, жұмыста да жастарға қажетті барлық жағдай жасалған. Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен сұранысқа ие мамандықтарға қосымша білім беру гранттары бөлінуде. Өткен жылы 275 студент облыс әкімінің шәкіртақысына ие болды. «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болғандардың 70 пайызы жас отбасылар. Жастар жылына орай биыл «Ақмола жастары» бағдарламасы аясында Көкшетауда 6 көппәтерлі үй салынады», – деді Мәлік Мырзалин.
Кездесуді ашық сұхбат алаңына айналдырған өңір басшысы жастарды кезек күттірмейтін пікірлерімен тұшымды ойларын ашық айтуға шақырды. Ақмола облысы бойынша «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Орынбек Сағидолла әскери-патриоттық клубтар мен сыныптардың жұмысын жандандыру барынша қолдауды қажет ететінін алға тартты: – Жастар жылының салтанатты түрде ашылу кезінде Елбасы «Жас сарбаз» қозғалысының негізінде 2025 жылға дейін, әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі кезде облысымызда 15 Жас сарбаз сыныбы мен 27 әскери-патриоттық клубы жұмыс істеуде. Тәрбиеленушілердің саны 1147-ге жетіп отыр. Осы ретте, «Жас сарбаз» патриоттық клубы мен сыныптардың жұмысын жүйелі жолға қою үшін қаржылай көмек көрсетілсе екен.
Атбасар ауданының Покровка ауылында тұратын жас кәсіпкер Тимур Сәрсенбаев ақылы оқуға түскенімен, екінші курста облыс әкімінің грантын жеңіп алған. «Кәсіпкерлікті бастауыма «Бас-тау-бизнес» жобасы жол ашты. Жобам 2017 жылы еліміздегі үздік бизнес-жобалардың отыздығына енді. Мақсатым – ет-сүт өнімдерін көбейту. Бұдан бөлек жемшөп дайындаумен де айналысамыз. Табиғи ет өнімін көбейту мақсатында шаруашылықта экоферма жобасын қолға алдық», – дейді ол.
Үш тілді еркін меңгерген Назарбаев интеллектуалды мектебінің 12 сынып оқушысы Айым Күшенова былтыр Америка үкіметінің арнайы грантына ие болып, «FLEX» бағдарламасы бойынша АҚШ-та бір жыл тегін оқу мүмкіндігіне ие болған. «Ең бастысы, алға нақты мақсат қоя білу керек. АҚШ-та еріктілер қозғалысына қатыстым. Ол жақта мұндай қозғалыстарға жастардан гөрі егде адамдар мен кішкентай балалардың көп қатысатыны таңдандырды. Үлкендер қоғам игілігі үшін уақыттары мен күш-жігерлерін аямайды. Америкалықтар елімізді Елбасымыз, Геннадий Головкин арқылы таниды екен және алманың отаны деп біледі. Бұл мені қуантты. Ондағы тұрғындар ашық пікірлеседі, әрі үнемі жайдары жүретіні қызықтырды мені», – дейді Айым Күшенова.
Кездесуде жұбайымен бес бала тәрбиелеп отырған жас ана Әсемгүл Қалижанованы көрермендер жылы қабылдады. Ол өз сөзінде елімізде көпбалалы аналарды қолдау үшін жаңа әлеуметтік бас-тама қолға алынып жатқанына ризашылығын білдірді: «Бірер жыл бұрын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысып, несиеге үш бөлмелі пәтер сатып алып, өзіміздің балаларымызға жайлы жағдай жасай алдық. Қазіргі күні басымызда баспанамыз, тұрақты жұмысымыз болғандықтан, болашаққа деген сеніміміз де зор».
«Worldskills Kazakhstan-2018» 4-ші ұлттық чемпионатының алтын медаль иегері, Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледждің 3-ші курс студенті Максим Соколов, «Zhasproject» жастар корпусын дамыту бойынша жобаның өңірлік үйлестірушісі Тимур Ысқақов, облыс орталығындағы ІТ мектеп-лицейінің 10-шы сынып оқушысы, мұғалімдер үшін тестілеу сайтының авторы Жанарыс Сайранбеков, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасына қатысушы Әділет Құрманбек, «Шаңырақ» агроөнеркәсіптік холдингінің басшысы Индира Сәденова өз салаларында жеткен табыстарымен бөлісті.
Кездесуде жастар әлеуметтік мәселелерді де бірауыздан көтерді. Олар өңірде спорт кешендерін ашу, көпшілік демалатын орындарды көбейту, кәсіпкерлікті дамыту, студенттер жолақысына қатысты сауалдар болды. Жас-тарды өңір басшысының жұмыс кестесі, әлеуметтік желідегі пікірлері, қандай кітап оқитыны да қызықтырды. «Рух-Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мерген Тоқсанбай облысқа музыка мектебі, балаларға домбыра үйрететін орталықтар керектігін айтты. Сондай-ақ, Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебіне қысқы жаттығуларға ыңғайлы болуы үшін көп функционалды манеж салынса деген өтінішін жеткізді. Өңір басшысы барлық көтерілген мәселелерге тұшымды жауаптар берді.
Шара соңында әр салада жетістікке жеткен жастар арнайы марапаттарға ие болды. Өңір басшысы жаңадан құрылып жатқан «El jastar» театрына қолдау ретінде
1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий