Болашаққа ұмтылған жас ұрпақ

«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясында Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында талантты жастарды қолдау, олардың шығармашылығын дамыту, ынталандыру мақсатында «Болашаққа ұмтылған жас ұрпақ» атты іс-шара өтті. Оған қатысқан бірнеше мектептің оқушылары өзінің ғылыми жобаларымен таныстырды. Балалардың бұл ғылым жолына бет бұруының алғашқы баспалдағы. Қатысушылар әр оқушының таныстырылымын мұқият тыңдап, сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын айтты. Әр тақырыпқа қатысты пікірін білдіретін жас ғалымдар да шақырылған екен. Олар оқушылардың бастамасын құп көріп, жетілдіруге тиісті тұстарына қатысты жол сілтеді.

«Біздің өміріміздің ЭКО стратегиясы» ғылыми жобалар байқауының 3-ші орын жеңімпазы №19 мектептің 11 сынып оқушысы Сұлтан Сабуров «Сулы батпақтағы алқапты өрттен қорғау» атты ғылыми жобасын алып келіпті. Ол жобасын Қорғалжын аймағында сынап көргісі келеді екен. Өйткені, қоқиқаздар мекен ететін жердің алқабы сулы батпақты. Егер оны өрт шалса, сөндіру қиын. Сондықтан Сұлтан автоматты өрт сөндіру қондырғыларын орнату қажет деп санайды. Көліктер бара алмайтын жерлерде өрт орын алғанда қондырғылар автоматты түрде іске қосылады. Оның бұл жобасын төтенше жағдай саласының мамандары да құп көріпті. Мектеп бітіргесін космокология саласын таңдап жүрген оқушының талабына риза болыстық.
Облыстық ғылыми жобалар сайысының үшінші жүлделі орынының жеңімпаздары, қазақ-түрік лицейінің 9 сынып оқушылары Мейірман Қоңқабаев пен Мәдияр Болатбеков «Пазл робот» атты ғылыми жобасымен таныс-тырды. Олар үш айдың ішінде жолды қардан тазартатын робот машина құрастырыпты. Әзірге ол тек ақ пен қара түсті айырады. Арнайы бағыттары салынған картасы да бар. Робот күн сәулесінен қуат алатын аккумулятордың көмегімен жұмыс істейді. Бір іске қосылғанда Көкшетау мен Астана арасының трассасын тазартып шыға алады. Екі оқушының жобасы да қызығушылық тудырды. Облыстық «Дарын» мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Серікбай Үсен «Борлы шикізатты және техногенді қалдықтарды тамақ және медициналық мақсаттарда пайдалануға өңдеудің физика-химиялық негіздерін зерттеу» атты ғылыми жобасында қоқыстарды іріктейтін арнайы контейнерлер қойылса, өңдеуге түсетін заттарды кәдеге жаратуға болады дейді. Мысалы, пластмасса ыдыстарын, целлофан пакеттерін өртеп, күлін тыңайтқыш ретінде, кірпіш жасауға, цементке араластыруға болады, ал шыны бөтелкелердің сынығын үйді қаптайтын жылы мақталардың арасына қосуға болады дейді. Тек халықты қоқысты сұрыптауға үйрету керек. Оған арнайы контейнерлер қойылып, әр ыдысты бөлек-бөлек салатындай дәрежеге жетуіміз керек дегені көпшілікке ұнады. Шараға қатысушы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі Сәкен Кәженов шетелде қоқыс лақтыратын пакеттердің түрлі-түсті келетінін, әр түс белгілі бір ыдысқа арналғанын айтты. Алдағы уақытта бұл үрдіс біздің елге де келеді деген сенімде. Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-кешенінің 7 сынып оқушысы Әнуәрбек Сағынышты Көкшетау табиғатының экологиялық жағдайы толғандырады. Өзінің ғылыми жобасында ол облыс орталығындағы жанармай құю бекеттерінің дұрыс орналаспауы, көліктердің жол үйкелісінен резеңке үгіндісінің ұшуы салдарынан тұрғындардың денсаулығына зиян келетінін ортаға салды.
№1 Красный Яр орта мектебінің 11 сынып оқушысы Зара Сейтенова болса, «Таза су денсаулық пен ұзақ өмір сүру кепілі» атты жобасында Көкшетау қаласының ауыз суын ағаш жоңқалары мен дәнді-дақыл қабығының көмегімен тазартуға болады дейді. Оны арнайы зертханада тексеріп көріпті. Алдымен қазіргі тұтынып отырған судың құрамын толық тексеріп, ондағы зиянды заттардың мөлшерінің көптігіне көз жеткізген. Содан кейін ағаш жоңқасы мен дақыл қабығы арқылы сүзіп, суды қайта тексергенде оның тазарғанын көрген. Осы арзан да қолжетімді заттарды пайдаланып, Көкшетаудың су қоймасының сүзгілеріне орнатса, ауыз суымыз анағұрлым таза болады дейді Зара. Облыстық «Дарын» мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Әрсен Есжанов «Ағаш өңдеуге байланысты қалыптасқан фразеологизмдер» жайлы жобасымен таныстырып, күнделікті қолданыстан шығып қалған тіркестерді қайта еске салды. Кеш соңында ғылыми жобаларын алып келген оқушылардың бәріне қалалық кітапханалар жүйесі жетекшісінің атынан ұйымдастырушы Жанар Айтқожина Алғыс хаттар табыс етті.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс