Болашақ аллеяның жобасы талқыланды

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығында жаңадан салынатын Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аллеясының жобасымен, жаңа автобус аялдамаларының үлгісімен және аулалардағы абаттандыру жұмыстарының сапасымен танысты.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы аллея Сәдуақасов көшесі бойымен Әуелбеков және Ақан сері көшелері аралығында жасалмақ. Өткен аптада осы жерде болашақ аллеяның жобасы талқыланып, оның тұсаукесер рәсімі өткізілді. Қала архитекторы Илуа Әбеновтың айтуынша, ұзындығы 247 метр аллеяда адамдардың демалуына орындықтар орнатылып, сәнді шамдармен безендірмек. Мұнда балалардың ойын алаңы жасалады. Ересек адамдардың өтініш-тілегіне орай шахмат, дойбы ойнайтын орындар да ескерілген. Келесі жылы субұрқақ та бой көтермек. Аллеяның тұтас бойымен қарағай бұталары отырғызылады. Еліміздің бас мерекесіне тарту ретінде салынып жатқан бұл аллея құрылысына жергілікті бюджеттен 28,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Қала басшысы сәулетшілер ұсынған жобаны қуаттай келе, құрылыс материалдарының сапасына да назар аударды. «Көкшетау Север Строй Индустрия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған қызыл және қара түсті брусчаткалар көшені безендіруге лайықталған. Күнге күймейді. Құрылысшылар оны ұқыптылықпен сала білсе, ұзақ мерзімге шыдайды. Тіпті бір шаршы сантиметрі 300 келі жүк көтере алады.
Темірбеков және Әуезов көшелерінің қиылысындағы Неке сарайының жанынан 280 орындық жаңа балабақша бой көтермек. Архитектуралық композицияны құрайтын бұл жер келешекте адамдардың демалуы үшін парк аймағына айналмақ. «Васильковка» мөлтек ауданынан «Сарыарқа» мөлтек ауданына баратын бұрылыстағы бос алаң аукционға шығарылды. Оны сатудан түскен қаражатқа осы жерде сауда алаңы және тұрғындар үшін парк аймағы жасалмақ. Сапар барысында қала әкімі автобус аялдамаларының жаңа үлгілерімен де танысты. Шыныдан жасалған аялдамаларды бұзақылар қирата бергендіктен жаңа конструкцияға көшу қажеттігі туындап отыр. Ол үшін сапалы материалдарды және қала көшелеріне көрік беретіндей түсті дұрыс таңдай білу керек. Әуелбеков көшесі 126 мекенжайындағы аула толығымен абаттандырылды. Алаңға асфальт төселіп, балалар ойын алаңы жасалды. Қала басшысының айтуына қарағанда, биылғы жылы 25 аула территориясы жаңартылмақшы екен. Осы жерде қала әкімімен сұхбаттасқан тұрғындар өздеріне жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдіре келе, әткеншектер мен турниктерді көбірек орнату жөнінде тілек білдірді. Бұл ұсынысты құп алған коммуналдық шаруашылық басшылары таяуда сырғанақ тебетін орын және аттракцион жасауға уәде берді.

«Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына арнап
үш бірдей ойын алаңын жасап, сыйға тартуды ұйғарды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс