«Ботай» қонысын ашқан ғалым

«Мен қазақ халқының неміс баласымын» дейді өзін професссор Виктор Зайберт. Өйткені, осы жерге кіндігімен байланған. Солтүстік өңірдің тумасы бала жасынан көне тарихқа құмартқан. Жердің бетінде де, астында да тұнып тұрған құпиялар мол екенін білген. Оны зерттеуге ынтасы оянған. Ғалымның лауазымдарын тізбелеп жатудың да қажеті жоқ сияқты. Оны баяғыда-ақ әлем мойындап қойған. Сондықтан «Ботай десе – Зайберт, Зайберт десе – Ботай» деген тіркестер қатар айтылуы заңды да. Солтүстік Қазақстан мен Көкшетаудың археологиялық экспедицияларының 30 жылында әлемдік өркениеттер қатарына жататын бірнеше жаңалықтар ашылды. Соның ең бастысы: жылқы малының жер бетінде тұңғыш рет біздің заманымызға дейінгі IV мыңжылдықта Солтүстік және Орталық Қазақстанда қолға үйретілуі. Адамзат бірнеше миллион эволюциялық дамудан кейін жаяу жүрістен жылқыға ауысты. Бұл құбылыстың тарихи мәні өте зор.Сондықтан қазақ жылқысы Ботайдан бастау алады деу әбден заңды. Осы жаңалықты ашқан жерлес ғалымды облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова 70 жасқа толуы-мен құттықтап, өңір басшысының Алғыс хатын табыс етті. Еліміздің жоғары оқу орындарынан арнайы келген тарихшы-археологтар әлемдік өркениетке өз жаңалығымен енген жанның болмыс-бітіміне тоқталды.

«Ботай» қоныс мекені әлемде алғашқылар қатарында жартылай отырықшылық тұрмыс салтына көшкендігімен маңызды. Жартылай жер үстіне тұрғызылған үйлер ағаштан, саз балшықтан, жылқы сүйегінен, қайыңның қабығынан және шымнан салынды. Үйлердің ауданы 120 шаршы метр-ге дейін жеткен. Олардың пішіні көпбұрышты, ал күмбез тәрізді төбелері ешқандай тіреусіз-ақ өте берік болды. Ботайлықтар қола дәуіріне дейін екі мың жыл бұрын мыстан жасалған құрал-саймандар мен әртүрлі заттарды пайдаланған. Ежелгі ботайлықтардың үй кәсібінде сүйектен заттар жасау кеңінен қолданылды. Сонымен қатар тері илеу, тоқыма бұйымдарын да-йындау, ағаш өңдеу де дамыды. Сүйектен және мүйізден жасалған бұйымдарға аралау, бұрғылау, жону және жылтырата тегістеу, т.б. әдістер кеңінен қолданылды, тіпті оларды өңдеуге мыс құралдарды да пайдаланғандығы аңғарылады. 15 гектар жерді алып жатқан «Ботай» қонысынан 158 баспананың орны анықталған.
«Ботай мәдениетін» жалғас-тырушылар алғаш рет даладағы малшылардың күнтізбегін жасап шықты. Қыста олар қыстақтарда, әрі тұрақты үйлерде тұрса, жаз айларында Жезқазған мен Ұлытаудың таулы-дала аймақтарында малдарымен бірге көшіп жүрген. Бұған қыш құмыраға салынған екі доңғалақ пен олардың ортасында тұрған аттың нақышталған кескіні дәлел. Алғашқы жылқышылар атқарған барлық маңызды жаңалықтар күнделікті іс-тәжірибеге енгізіліп, дәстүрлі тәрбие барысында тұрақтанып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп, Еуразияның байтақ даласы мен орманды даласына таратылып отырды.
Дөңгелек үстел барысында Виктор Зайберт ашқан жаңалық жайлы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Зейнолла Самашев, философия ғылымдарының докторы Ильяс Сүлейменов, археология институтының профессоры Жолдасбек Құрманқұлов, К.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдуллина, тарихшы Кәдіржан Әбуев, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дің проректоры Аманай Сейітқасымов жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жүзден астам монографиялары мен мақалалары жарық көрген. Ғалымның ізін басып келе жатқан жастар да тілегін айтып, ұстазына алғысын білдірді. Шараға арнайы келген мерейтой иесі отбасының атынан інісі Юрий сөз алып, бауырластық сезімімен ән ұсынды. Жалпы, Зайберттер отбасы өнерге жақын екен. Ғалымның өзі де бірнеше аспаптарда ойнай алады. Сырнаймен нәшіне келтіре ән салғанды жақсы көреді.
Виктор Зайберттiң сөзiнше, бiздiң дəуiрiмiзге дейiн 6 мың жылдықта қазiргi Ақмола, Солтүстiк Қазақстан, Павлодар жəне Қостанай облыстары аумағында үлкен тарихи оқиға орын алған. Соған орай облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің бастамасымен «Қазақстанның рухани киелі жерлері» жобасы қолға алынды. Яғни, әкімдікпен ғалымдар бірлесіп, біздің өңірде Ботай мәдениетін жаңғыртуды көздейді. Оны жүзеге асыруға “EQUUS” көркем кинотрилогиясының продюсерi Нұрбол Баймұханов та өз үлесiн қосты. Яғни, ат-көліктік коммуникация бойынша адамзат тарихы туралы көркем фильм түсірілуде. Оны көрген адам Ботай мәдениеті мен Бурабай курортына келуге құмартатын болады. Аталмыш фильмдi болжам бойынша 60 мемлекетте 1 миллиардтан астам адам көредi деп жоспарланып отыр. Осылайша біздің өңір Ботай мәдениеті арқылы әлемге одан сайын таныла түспек.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий