Бурабайдағы этноауылды тамашалады

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанадан салт атпен шыққан «Nomad» саяхатшылар тобы Бурабайдағы Абылай хан алаңына атбасын тіреп, этноауылды тамашалады. Бұл саяхат Түркия, Бразилия, Ресей елдерінен келген көрме меймандарын еліміздің тарихы және мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Этноауылға келген меймандар ұлттық дәстүрмен қарсы алынды. Шара барысында марапаттау салтанаты болып өтті. – Жер шоқтығы, жер жанаты, маржан сұлу Көкшеге хош келдіңіздер. Абылай хан еліміздің мемлекет болып қалыптасуына өз үлесін қосты. Осы киелі жерде орданың түп қазығын қағып, үш жүздің басын қосты. Қасиетті мекенге сонау Астанадан ат терлетіп, ұлы бабаларымыздың ізімен, салған дала жолымен келген қадамдарыңызға гүл бітсін,–деді Бурабай ауданының құрметті азаматы Төлеген Хамзин.
Астананың іргесіндегі Ақбозат ауылынан шыққан саяхатшылар Шұбар, Құлшын, Бектау, Барап, Алакөл, Макинка, Базарбек тәрізді облысымыздың елді мекендерін басып өткен. Саяхатшылар ара қашықтығы 292 шақырымды құрайтын бұл бағыттағы жолда үш күн жүріп, табиғат аясында түнепті.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің маңызы жөнінде айтып, үш жүзге жуық шақырымды ат үстінде бағындырған саяхатшыларға алғысын білдірді. Меймандарды Абылай хан бейнеленген естелік белгімен марапаттап, Бурабай жөніндегі брендтік өнімді сыйға тартты. Ресейлік мейман Досымжан Кенжешов, профессор Ұлан Еркінбаев, түркиялық Метехан Инас, бразилиялық Рагуэль Рамос де Оливейра өз сөздерінде көшпенділердің өмірімен жақын танысқандарын айтты. Олардың айтуынша, Астанадан шыққан сегіз саяхатшыға жолшыбай жиырмадан астам салт атты қосылған екен. «Шара барысында олар өңірдің мәдени және тарихи орындарында болып, қазақтардың тұрмысымен және ежелгі салт-дәстүрімен жақын танысты. Ақ алаңындағы ел тәуелсіздігін, Қазақстан халқының бірлігін, бейбітшілік пен келісімді паш ететін стелаға келген саяхатшылар хан қоныстанған киелі жерге бас иді. Абылай ханның экспозициялық залын аралап көріп, этноауылда  қолөнер шеберлерінің киіз, ағаш және металл жұмысы бойынша өткізген шебер кластарын тамашалады. Сондай-ақ, бүркітшілермен, тазы ұстайтын аңшылармен кездесті. Шара соңында саяхатшыларға сый-сияпат көрсетілді», – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс