Бурабайда мешіт ашылды

Бурабай баурайындағы исі мұсылман қауым үшін ақ түйенің қарны жарылған айтулы оқиға – еңселі, ажарлы мешіт-тің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді.

Айтулы шарада сөз алған Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин заманның жаңғырып жатқан шағында имани, рухани орталық – мешіт салу аса тағылымды іс екенін атап көрсетті. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз өз сөзінде: – Бүгінгі таңда бірлігіміздің мызғымас берік екендігінің бұлтартпас айғағы тәрізді имандылық үйлері көптеп салынып жатыр, – деді. Мешіт құрылысын Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қадағалаған. Жалпы алаңы 1659 шаршы метрді құрайды. Төңірегі тегіс абаттандырылған, дәл жанында автомобиль тұрағы, гүлзарлар және жаяу жүргіншілерге арналған жол салынған. Нысанның ішінде бұл өңірде кездесе бермейтін Променад, Конгресс-холл болғандықтан, айрықша сәулетті кешен деп те айтуға болады.

Мешітті ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз бен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин салтанатты жағдайда ашып, алқызыл лентасын қиды. Одан әрі барша қауым мешітке кіріп, оның ішкі көріністеріне қанығып, алдымен сәлем намазын оқыды. Бурабай баурайын жайлаған дүйім ел атынан ауданның құрметті азаматы Нұрсейіт ақсақал Қасенов жамағаттың шексіз ризашылығын жеткізді. – Бұрынғы ескі мешітке отыз-ақ адам сиятын еді. Жұма намазына жиналған жұрт далада тұратын. Енді міне, 150 орындық, үш қабатты мешіт пайдалануға беріліп отыр. Ішінде ерлер мен әйелдерге арналған екі ғибадат бөлмесі, кітапханасы, 140 орындық ас беретін залы бар. Осындай ел игілігі үшін иманды шаруа істеген барша азаматтарға ақ алғысымызды білдіреміз, – деді ол. Мұнан соң жиналған жамағат сәулелі мешіттің ішін аралап көрді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Сәбит құран бағыштап, Серікбай қажы Ораз ақ батасын берді. Жаңа мешіттегі жұма намазына жиналған жамағат бірін-бірі осы бір қуаныштарымен құттықтап, жақсылық тілесті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий