Бурабайда шаңғы базасы ашылды

 

Щучьеде құрылысы бірнеше жылға созылып, кейін тұралап, әлемдік сарапшылардың тартылуымен шаңғы жарысына лайықталған ауқымды кешен өз тынысын қайта алған еді. Енді міне, Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында әлемдік деңгейдегі шаңғы базасы ашылып, халықаралық шаңғы жарысының тұсауы кесілді. Спорт кешенінің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыс-танбек Мұхамедиұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Айтулы шараны тамашалауға келген мәртебелі меймандармен облыс әкімі Мәлік Мырзалин бірге жүрді. Өңір басшысы халықаралық жарыста бақ сынайтын спортшыларға табыс тіледі.

Шаңғы базасының салтанатты ашылу рәсімі алдында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері Комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев,   Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов, Шаңғы жарысы федерациясының 1-ші Вице-президенті Никита Девяткин және құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияның өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді. Спорт комитетінің төрағасы Серік Жарасбаевтың айтуынша, жаңа нысан барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. «Кешенді тұрғызу барысында заманауи құрылыс технологиялары, жоғары сапалы материалдар қолданылды. Нысанның техникалық және технологиялық жабдықталуы халықаралық жарыс-тарды өткізуге ыңғайлап тұрғызылды. Яғни, нысан Халықаралық шаңғы жарысы Федерациясының барлық стандартына сәйкес дегенді білдіреді. Аталған кешен Биатлоншылардың халықаралық Одағы талаптарына да сай келеді».

Сонымен қатар кешенде көрермендерге арналған трибуналар, бассейндермен жабдықталған спортзалдары, төрешілер павильоны, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған телетүсірілім бөлмелері, дәрігерлік қалпына келу орталығы, әкімшілік ғимараты, 187 орынға лайықталған, ішінде кафе, мейрамханаларымен қонақ үй де бар. Ұлттық Олимпиадалық Дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов аталған кешеннің елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына ықпал ететінін, тиісінше, шаңғы жарысы мен биатлоннан жаттығулар, жарыстар өткізуге үлкен мүмкіндік беретінін алға тартты. «Ендігі жерде спортшыларымыз алысқа шықпай-ақ, елімізде өздерінің дайындықтарын пысықтауға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар бұдан былай біздің елде шаңғы жарысы, биатлон, шаңғы роллер спорты болсын, халықаралық дәрежедегі жарыстарды өткізуге болады. Бүгінгі таңда алыс жақын шетелдердегі спортшылар осы шаңғы базасында өздерінің оқу дайындық жиындарын өткізуге қызығушылық танытып отыр». Айта кетейік, нысанның кешені мен ғимараттары 125.54 га аумақты алып жатыр. Сондай-ақ, ұзындығы – 4584 м құрайтын шаңғы трассасы, дайындық алаңы, шаңғыны сырғанату төмпешігі, табиғи емес қармен жабдықтау жүйесі бар. ҚР Шаңғы жарысы Федерациясының  1-ші вице-президенті Никита Девяткин кешеннің мүмкіндіктері жөнінде айтып берді. «Әрине, базаның ашылуына ең алдымен біздің спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы қуанып жатыр. Енді біз өз елімізде халықаралық жарыстарды өткізе аламыз. Трассаны салу кезінде бізге Халықаралық шаңғы Федерациясы өз ақыл-кеңестерін берді, біз оларды құрылыс барысымен таныстырып отырдық. Қорытындысында, олар бізге трассаның сапасы барлық әлемдік стандарттарға сай келеді деген сәйкестік сертификатын берді. Соның арқасында болашақта біз Қазақстанда Құрлықтық Кубок, Әлем Кубогы Кезеңі мен Әлем Чемпионаттарын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз».

Жалпы, трассаның барлық мүмкіндіктерін алғаш болып шаңғышылар байқап көреді. Еліміздің 10 облысынан келген 100-ге жуық спортшы шаңғы спортының 6 түрі бойынша бақтарын сынайды. Сондай-ақ, Украинаның танымал спортшысы, Әлем Чемпионатының қола жүлдегері, бес Олимпиада ойындарына қатысушы Валентина Шевченко келеді. Қазақстан атынан жарыс жолына Ұлттық команданың жетекші спортшылары мен команда көшбасшысы, қазақстандық танымал спортшы Алексей Полторанин шығады. Шаңғы базасының ашылу салтанаты күні жарыс жолына жігіттер – 25, қыздар – 10 шақырымға шықты. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеңімпаздарға медальдарын ілді. Шаңғы жарысы наурыздың 27-не дейін жүреді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий